05 Мамыр, 2015

Қазақстандық 4 боксшы – турнир жеңімпазы

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
28-04-15-box_kaz-1 Сербияның астанасы – Белград қаласында 53-ші мәрте мәреге жеткен «Боеградски Победник» халықаралық турнирінде Қазақстан боксшылары командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Олар бұған жарыста 4 алтын, 1 қола медаль иелену арқылы қол жеткізді. Жерлестерімізге бірінші алтын медальды 52 кг салмақтағы астаналық Азат Махметов әперді. Ол ширек финалда франциялық Элие Конкиді, жартылай финалда германиялық Ронни Бебликті 3:0 деген бірдей есеппен ұтып, финалда молдован Александр Рисканды 2:1 етіп тізе бүктірді. Бұлардың соңғы екеуінің талай сайыста жүлде алып жүрген тарландар екенін жанкүйер қауым білетін шығар деген ойдамыз. Келесі алтын медальға алма­тылық Жанболат Тілегенұлы (56 кг) ие болды. Турнирді жартылай финалдан бастаған ол шотланд Стефан Бойлені – 3:0, молдован Вячеслав Гоянды 2:1 есептерімен жеңді. Ал қызылордалық Рустам Сваев (75 кг) турнирдің жеңімпазы болумен қатар, оның ең үздік ­бокс­шысы да атанды. Бір қызы­ғы, аталмыш атақ онымен финалда шайқасқан серб Александер Дреновакқа да берілді. Біздің жігіт бұл ұрысты 2:1 есебімен өз пайдасына шеше білді. Рустам мұның алдында шотланд Борис Кригтон – 2:1, норвегиялық Сурхо Шамиловтан 3:0 есептерімен ­басым түскен еді. Команда қоржынындағы төр­тін­­ші алтын медальды шым­кент­тік Нұржан Бекзатов әкелді. Аса ауыр салмақтағы боксшы­мыз өзінің осындағы екі айқасын да мерзімінен бұрын аяқтады. Атап айтқанда, жартылай финал­да мол­­довалық Алексей Златин­ді 2-раунд­та нокаутқа жіберген ол фи­нал­да серб Неманья Столичті 1-раундта-ақ «іске алғысыз» етіп тастады. Шымкенттік тағы бір боксшымыз, 81 килоға дейінгі салмақтағы Нұрбол Алтаев қола медальмен тоқтады. Ширек финалда бірінші ұрысын чех Томас Безводамен өткізіп, жеңіске жеткен (3:0) ол жартылай финалда грек Полинейкис Каламарастан ұтылды – 1:2. Ал 60 кг салмақтағы семейлік Ілияс Жақсылықов алғашқы шайқасын кейін турнирдің жеңімпазы атанатын голландиялық Энрико Ле Крузбен өткізіп, 0:3 есебімен есе жіберіп алды. Турнирге барлығы 20 елден 116 былғары қолғап шебері қатысты. Командалық есепте екінші орынға Молдова құрамасы шықса, үшінші сатыға Шотландия боксшылары орналасты. Қазақстан құрамасын бұл жарысқа жаттықтырушы Марат Елеусінов бастап барды. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.