Аймақтар • 19 Наурыз, 2025

Түркістанда 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

51 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықтың баспана жағдайын жақсарту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асуда. Осы бағытта, Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан облысы, Төлеби ауданында 120 пәтерлі жаңа көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Жоба құны – 2,1 миллиард теңге, жалпы ауданы – 7877,4 шаршы метрді құраған.

Салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жаңа қоныс иелерін құттықтап, оларға пәтер кілттерін табыстаған. Баспанамен алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылған. Құрылыс жұмыстарын «Тау Бетон» ЖШС мен «Ынтымақ-ОК» ЖШС компаниялары жүргізді.

Айта кетейік, өңірде тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары аясында бұған дейін Ленгер қаласының 1-шағын ауданында 23 көпқабатты тұрғын үй салынып, 1000-ға жуық отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам азамат тіркелген.

Биыл жыл соңына дейін тағы үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қосымша 156 отбасы жаңа пәтерге ие болады.