
Кейіпкеріміздің өзі де ұстаздар әулетінен шыққан. Әкесі Сұлтан Ысқақ Оңтүстік Қазақстан өлкесінің халық ағарту саласының белді қайраткері, бірнеше жерде мектеп салдырған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі, 45 жыл ұстаздық еткен көзі ашық жан екен. Бұқар жыраудың сөзімен айтсақ, ұлы Әбдіқайым да «негізіне тартпай қойған жоқ».
Коммунистік партияның кезеңінде мектепте арнайы «өлкетану бұрышын» ашты. Ол жерге Әбдіқайым ұстаз ұлттық өнегені насихаттайтын батырдың дулығасы, сауыты, қылыштары, ер-тұрман әбзелдері, сәукеле, қазақ әйелінің әшекейлері секілді жәдігерлерді қойды. Ал Ұлыстың ұлы күнін көктем мерекесі ретінде атап, оқушыларға ұлттық мейрамымызды таныстырды. Осылайша қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай, халықтық мерекенің тамырын үзбей, ауылдан ел ертеңіне жауапты азаматтардың шығуына ықпал ете білді.
Иә, ғасырға жуық ғұмырын ғибратпен сүріп, ғылым-біліммен толтырған Әбдіқайым Ысқақтың еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен маңызға ие. Ұстаз өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі арқылы шәкірттерінің жүрегіне ұлттық рухты ұялата білді. Сондықтан абыз ақсақалдың есімі еліміздің білім тарихында алтын әріптермен жазылатыны шындық.