
Жаңа жоба Болат Өтемұратов қорының бастамасымен жүзеге асырылып, қала инфрақұрылымының дамуына қосылған елеулі үлес болды. Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайтын орталық бір мезгілде мыңға жуық адамды қабылдай алады. Құны 20 миллион доллар болатын ғимарат қала меншігіне тегін берілді.
«Қала мәртебесі берілгеніне небәрі төрт жыл өтсе де, Қосшыда әлеуметтік нысандарды салу мен жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Бүгін біз елімізде алғаш рет халықаралық стандарттарға сай көпфункционалды кешеннің ашылуына куә болдық. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Мұнда балалар мен ересектер үшін барлық заманауи жағдай жасалған», деді облыс әкімі Марат Ахметжанов ғимараттың ашылу салтанаты кезінде.
Орталық спорттық, білім беру және мәдени-демалыс аймақтарын біріктіреді. Мұнда 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған лекция, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг пен оқу залы бар кітапхана орналасқан. Аумағында спорт алаңдары, воркаут аймақтары мен серуенге арналған аллея бар. Робототехника, шахмат, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейтін болады. Ересектерге арналған ыңғайлы жұмыс, демалыс және қарым-қатынас кеңістігі қарастырылған. Секциялар мен үйірмелердің ақысы қолжетімді болады.
«Біз жылдар бойы мемлекетке қолдау көрсетіп, әр отандасымыз үшін қолжетімді, заманауи әрі жайлы инфрақұрылым қалыптастыруға үлес қосып келеміз. Бұл жобада әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін негізге алдық. Басты мақсатымыз – орталыққа келген әр адамның өз әлеуетін іске асырып, Қосшыдағы өмір сапасын арттыруына мүмкіндік жасау», деді Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.
Орталықтың ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты.
Комьюнити-орталық – бұл білім алу, шығармашылық және белсенді демалыс үшін ашық әрі қолжетімді кеңістік ұсынатын заманауи халықаралық формат. Мұндай орталықтар жергілікті қауымдастықтың дамуына және әлеуметтік байланыстардың нығаюына ықпал етеді.
Бұл Болат Өтемұратов қорының Қосшы қаласына тарту еткен екінші әлеуметтік нысаны. Бұған дейін 2023 жылдың қыркүйегінде қор қалаға 1500 орындық заманауи мектепті сыйға тартқан болатын. Сонымен қатар Қосшыда демеушілік қаражат есебінен заманауи көпсалалы аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ақмола облысы