
Бұл брендтің артында Қанат Иматаев пен Ким Яна тұр. Отбасылық жұп кәсібін 2023 жылы ашқан. Олардың мақсаты – жай ғана хош иісті шамдар жасау емес, ұлттық мәдениетті дәріптеу, қазақ руханиятын заманауи тұрғыда таныту екен.
– Бұл – жүректен шыққан жоба. Біз тек әдемі шамдар жасауды емес, мәдениетімізді хош иіс арқылы жаңғыртуды мақсат еттік. Брендтің ең алғашқы туындысы – қазақы ою-өрнекпен көмкерілген кеседегі шам. Ұлтымыздың қарапайым тұрмысында маңызды орын алған кесе – енді тек шай ішуге ғана арналып қоймай, жанға жылу сыйлайтын шамға да айналды. Бұл ерекше өнім көптің көңілінен шығып, ұлттық нақыштағы интерьер бұйымдарын ұнататын жандардың сүйікті дүниесіне айналды. Бірі оны туған жерін еске алу үшін алса, енді бірі қазақ мәдениетімен жақынырақ танысу мақсатында сатып алды. Көбіне шетелге алып кетіп жатады. Шамдарымызға Жапония, Аустралия, Италия, Скандинавия, Нидерланд сияқты елдерде сұраныс жоғары, – дейді Қанат Иматаев.
Бұл шамдарының басты ерекшелігі – экологиялық таза материалдардан жасалуы. Олар табиғи соя мен кокос балауызынан құйылады. Яғни парафин шамдарға қарағанда зиянды түтін шығармайтын, экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі ұзақ жанатын өнім. Сонымен қатар шамдарда АҚШ-тың ең сапалы хош иісті майлары қолданылады. Ал ең қызығы, олардың әрқайсысы қазақ даласының, көшпенді өмір салтының, табиғатымыздың бір бөлшегін бейнелейтін мұқият таңдалған композициялардан тұрады.
– Біз Қытайдан 100 теңгеге алып, оны Қазақстанда 150 теңгеге сатуды көздеген жоқпыз. Өз өндірісімізді дамытып, сапалы өнім жасауды, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуді мақсат еттік. Біздің дәстүріміз бен мәдениетіміз – өте бай. Ол мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан. Әлемге әйгілі «Hermes», «New Balance», «Cartier», «Gucci» сынды брендтер өз коллекцияларында Орталық Азияның, соның ішінде біздің көшпенді мәдениетімізден шабыт алған деседі. Ал сол алып ағаштың жапырағы ретінде өз мәдениетімізді насихаттау – әрқайсымыздың борышымыз. Өткен жылы киіз үй пішініндегі шам шығарылды, ол халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Биыл Наурыз мерекесіне орай түйе пішініндегі шам жасалды. Бұл – қазақ халқының көшпелі тарихын, дәстүрін бейнелейтін маңызды символ, – дейді Қанат.