
Шығыс шаһардағы ұлтты ағартудың шам-шырағы болып отырған Shakarim University білім мен ғылымның шекарасын кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсті. Қазақстан Президентінің Ғылым және жоғары білім саласында Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі стратегиялық бастамасы аясында Shakarim University мен Northwest A&F University (NWAFU, ҚХР) арасында әріптестік туралы келісімге қол қойды.
Аталған құжатқа қол қою барысында Northwest A&F University (ҚХР) атынан ректор У Пу-Тэ, вице-ректор Ма Чжуан, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу кеңсесінің директоры Уаң Чяулуң, Агрономия колледжінің деканы Ли Сюэцзюнь, Зоотехника және мал шаруашылығы технологиялары колледжінің деканы Чян Ю, Ландшафтық сәулет және өнер колледжінің деканы Гао Тянь, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық және алмасу кеңсесі директорының орынбасары Чоу Юфэн қатысты.
Ал Shakarim University делегациясының құрамында ректор Думан Орынбеков, Интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай, Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығының үйлестірушісі Ерназ Ермеков, зоотехника саласындағы қос диплом бағдарламасының жетекшісі Гүлім Қамзина болды.
«Шәкәрім Университеті мен Northwest A&F University (ҚХР) арасындағы серіктестік туралы меморандум аясында, мал шаруашылығы саласында қос магистрлік білім беру бағдарламасын іске қосу туралы келісім бекітілді. Northwest A&F University ректоры У Пу-Тэ мырзаға шынайы алғысымды білдіремін. Ол бұл салаға терең қызығушылық танытып, бірлескен қадамдарға әрқашан даяр екенін көрсетті. Идеялар қолдау тапқанда, серіктестер сапалы біліммен қатар үлкен мүмкіндіктерге жол ашуы – баға жетпес құндылық», деді Shakarim University ректоры Думан Орынбеков.
Келісім құжатында «Мал шаруашылығы» бағыты бойынша қос магистрлік диплом бағдарламасы; Қытайдың жетекші аграрлық университетінің ғылыми-зерттеу ресурстарына қолжетімділік; Білім алмасу бағдарламалары, тағылымдамалар мен халықаралық ғылыми жобалар сынды тармақтар қамтылды.
«Әріптестік келісімдерді бекіту – Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіне интеграциялану жөніндегі ұлттық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Ауыл шаруашылығы және аграрлық инновациялар саласындағы білім мен технологиялар алмасуы студенттер мен ғалымдарға мал шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Біз тағы да ғылым мен білімнің шекарасы жоқ екеніне көз жеткізіп отырмыз. Northwest A&F University-мен серіктестік біздің студенттер мен оқытушыларға халықаралық деңгейде мол тәжірибе жинауға, озық технологияларды меңгеруге және жаһандық ғылыми ортада жұмыс істеуге жол ашады. Қорытындылай келе, ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастықтың бастау алғанын айтқым келеді», деді ректор.