
Сурет: kff.kz
Бас бапкердің міндетін атқарушы Әли Әлиев матчтан кейінгі баспасөз жиынында жігіттердің тегіс жерде сүрініп, өрескел жаңсақтық жібергенін айтты. Расында 9-минутта Уэльс құрамасының жартылай қорғаушысы Дэниел Джеймс ұтымды сәтті оңтайлы пайдаланып, еншісіне гол жазды. Англияның «Лидс Юнайтед» клубының лыпып тұрған ойыншысын біздің қорғаушылар көгендей алмады. 32-минутта пенальтиден ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген таразы басын теңестіргенімен, екінші тайм басталған сәтте-ақ (47-минутта) «Тоттенхэм» клубының қорғаушысы Бенжамин Дэвис нәтижені еселеді. Үшінші голды Шотландияның «Рейнджерс» клубынан Германияның «Ганновер» клубына сарша тамызға дейін жалға берілген Робби Матондо 90-минутта соқты.
Уэльске қарсы матчта Дастан Сәтбаев ұлттық құраманың сапындағы тұсаукесер ойынын өткізіп, ең жас футболшы атанды. 22 наурыз күні «Кардифф сити» стадионында өткен ойында алаңға шыққан Дастан 16 жастан 7 ай 11 күн асты. Бұған дейін Жамбыл Көкеев 2006 жылдың 28 ақпанында Финляндия ұлттық құрамасына қарсы ойында 17 жастан 5 ай 8 күн асқанда алаңға шыққан болатын.
Футболшыларымыз әлем чемпионатына іріктеу аясындағы екінші турды да сырт алаңда өткізіп, Лихтенштейн ұлттық құрамасын 0:2 есебімен ұтты. 42-минутта Максим Самородов есеп ашса, 45-минутта Александр Марочкин нәтижені еселеді. ФИФА-ның рейтингінде көш соңында яғни 204-орында тұрған Лихтенштейн ұлттық құрамасынан басым түсетініміз айдан анық еді. Ойынды қорытындылаған бас бапкердің міндетін атқарушы Әли Әлиев қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын жеткізіп, бұл жеңіске тоқмейілсуге болмайтынын айтты. Еліміздің ұлттық құрамасы ресми матчтарда соңғы рет 2023 жылдың 17 қарашасында жеңіске жетіп, өз алаңымызда Сан-Марино құрамасын 3:1 есебімен ұтқан еді. Әлем чемпионатына іріктеу кезеңдерінде соңғы рет 2013 жылы өз алаңымызда Фарер аралдары ұлттық құрамасын 2:1 есебімен ұтты.
Сырттағы екі матч ұлттық құрама ойыншыларының дайындығы қаншалықты екенін бағамдап берді. J тобында екі турдан кейін әзірге Солтүстік Македония мен Уэльс құрамалары 4 ұпаймен көш бастап тұр. 3 ұпай олжалаған біздің ұлттық құрама 3-сатыға орнықты. Келесі матчты өз алаңымызда өткізіп, 9 маусымда Солтүстік Македония құрамасын қабылдайды.