Тағзым • 27 Наурыз, 2025

Бүтін бір дәуір еді...

56 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2025 жылғы 22 наурызда танымал кәсіпкер және қо­ғам қайраткері, Eurasian Resources Group-тің (ERG) негі­зін қалаушылардың ­бірі – Aлександр Антонович ­Машкевич 72-ге қараған шағын­да өмірден озды.

Бүтін бір дәуір еді...

Ол Қырғызстанның Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласында дүниеге келген. Сонда ержетіп, педагогика саласында кеңес одағындағы ең жас ғылым кандидаты атанған. Кейін философия ғылымдарының докторы болды. 80-жылдардың соңында алдымен Қырғызстанда, кейін Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналыса бастады.

Еуразиялық өнеркәсіп қа­уым­дастығын (ЕӨҚ) құру­шы­лар­дың бірі ретінде Қазақ­станның металлургия, энер­гетика мен көлік тасымалы са­лаларындағы бірқатар ірі өнер­кәсіп кәсіпорындарын бірік­тірді. Бүгінде бұл құрылым Eurasian Resources Group (ERG) аталады. Aлександр Антонович ұзақ жылдар бойы компанияны басқарып, дамытуға сүбелі үлес қосты. 2014–2024 жылдар аралығында ERG Директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Осы мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылып, көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Елдегі бірден-бір жоғары сапалы бастапқы алюминий өндіруші – Қазақстан электролиз зауыты салынды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехы іске қосылды. Соның арқасында кәсіпорын феррохром өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар қатарына кірді.

А.Машкевич ұзақ жылдар бойы «Еуразиялық банк» АҚ Директорлары кеңесінің төр­ағасы да болды. Ол жетекшілік еткен тұста аталған қаржы инс­титуты Қазақстанның банк қыз­меттері саласындағы көшбас­шылардың біріне айналды.

А. Машкевич Қазақстан экономикасын, әсіресе тау-кен металлургия секторын дамытуға зор үлес қосты. Ширек ғасыр­дан астам уақыт бойы Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің жанындағы Шетелдік ин­весторлар кеңесінің мүшесі болды. Кеңестің жалпы отырыс­та­рында елдегі өзекті саяси және экономикалық мәселелерді тал­қылауға, қабылданған шешім­дерді іске асыруға белсене атсалысты. Александр Антонович экономика, өнеркәсіп, ғылым мен мәдениет салаларындағы ха­лықаралық форумдарға ұдайы қатысып жүрді. Өзекжарды пікірлері үнемі қоғамдық резонанс тудырып, ең кірпияз тыңдарманның да көңілінен шығып жататын. Оның өндірісті жаңғырту мен корпоративтік басқаруды жетілдіруге қа­тыс­ты ұсыныстары ең озық ха­лықара­лық тәжірибелер мен технологияларды қол­дануға ұмтылатын ERG кәсіп­орындарында нақты көрініс тапты.

2000 жылы А. Машкевичтің бастамасымен Қазақстандағы Еврейлер конгресі құрылды. Ол Еуразиялық және Қазақстан еврейлер конгрестеріне жетекшілік етті. Мақсаты – этносаралық және дінаралық диалогті нығай-ту еді.

А.Машкевичтің қамқорлы­ғымен көптеген әлеуметтік және білім беру бастамалары сәтті іске асты. Елдегі тосын апаттар кезінде оның тікелей тапсырмасымен ERG алғашқы болып қаражат бөлгені – Aлександр Антоновичтің жомарттығының айғағы.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Құрмет» (2001 жыл), «Парасат» (2016), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2021) ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Тә­уелсіздігінің 30 жылдығы қар­саңында елдің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына сіңірген зор еңбегі үшін І дәрежелі «Барыс» (2021) орденіне ие болды.

Жаны жомарт, жүрегі кең, ұшқыр ойлы азамат ор­та­сына сыйлы еді. ERG кә­сіп­орындарының жұмыс­кер­лері А. Машкевичті кәсіби білік­тілігі мен асыл адамгершілік қасиеттері үшін ерекше қадірлеп, құрметтейтін.

ERG-дің мыңдаған еңбек ұжымы Aлександр Антонович Машкевичтің қазасына байланысты жан жары – Лариса Васильевна мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Александр Антонович саналы ғұмырын адамдарға бақыт сыйлау жолына сарп етті. Жарқын бейнесі мен риясыз күлкісі оны білетін адамдардың жадында әрдайым сақталады.

 

Eurasian Resources Group