Театр • 27 Наурыз, 2025

Сахна өнері: сан мен сапа қайтсе үндеседі?

162 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ театры дегенде, сахна өнерінің бүгінгі аяқ алысы мен даму үдерісі әсте естен шығуға тиіс емес. Қуанарлығы сол, заманауи Қазақстан театр өнері уақыт талабына сәйкес жаңғырып, жаңа бағыттарды игеріп келеді. Оның айқын дәлелі – «Театр сыншылары бірлестігінің» өткен жылы жүргізген мониторинг қорытындысы.

Сахна өнері: сан мен сапа қайтсе үндеседі?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Театр тынысын таныстырған сараптамаға көз салсақ, сауал­намамызға қатысқан елі­міздегі 70 театрдың 53-і атқарылған шығармашылық жұмыстары бойынша маңызды мәліметтер ұсынды. Атап айтқанда, бір жыл ішінде отандық театр сахналарында 262 жаңа қойылым сахналанып, бұл жұмыстарға 175 режиссер, 124 сценограф-суретші, 90 хореограф қатысқан. Дегенмен осы режиссерлердің 70-ке жуығы бір жыл ішінде бір ғана қойылымды сахналағаны анықталды. Ал гастрольдік сапарлар бойынша ең белсендісі  М.Әуезов атындағы Ұлттық театр болса, халықаралық фес­тивальдарға қатысу тұрғысынан Ақмола облыстық орыс драма театры көш бас­тап тұр.

Тағы бір маңызды дерек – театр сахнасында авторлық режиссураға бет бұрған талантты режиссерлердің қатары артып келеді. Бұл құбылыс отандық театр өнерінің жаңа белеске көтеріліп, шығармашылық ізденістердің тереңдеп келе жатқанын көрсетеді. Заманауи тәсілдермен қойылымдарды сахналап жүрген дарынды режиссерлер қатарында Елік Нұрсұлтан, Дина Жұмабай, Жұлдызбек Жұманбай, Фархад Молдағали, Гаухар Адай, Антон Зайцев, Фархадбек Қанафин, Айдын Салбан, Данияр Базарқұлов, Әлібек Өмірбекұлы, Аридаш Оспанбаева, Ұланмырза Қарыпбаев, Мейрам Хабибуллин, тағы да басқа талантты суреткерлерді атап өтуге болады. Жас режиссерлер өз ізденістерінде дәстүрлі емес тәсілдер мен жаңа формаларды іздеп, сахнада импровизация мен интерактивті, перформанс элементтерін, саундрама және вербатим жанрларын жиі қолданып жүр. Актерлік ансамбльдің ерекше жұмыс әдістерін енгізу де бұл бағыттың негізіне айналды.

Сонымен қатар 2024 жылы бірқатар театрлар өз қызметкерлерін театр менеджменті, режиссура, актерлік шеберлік, қуыршақ жүргізу және сахна жарығы бойынша шетелдік біліктілікті арттыру курстарына және шеберлік дәрістеріне жіберді. Мысалы, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры Түркия мен Ресейде, «Жаңа ғасыр» театры Грузия мен Ресейде, «Самұрық» заманауи би театры Италияда оқыту шараларына қатысты. Бұдан бөлек Ф.Достоевский атындағы Абай облыстық орыс драма театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Ақмола облыстық орыс драма театры және Қарағанды академиялық музыкалық комедия теа­тры Ресейге қызметкерлерін жіберді және керісінше, бірқатар ұжымдар Ресейден мамандар шақырып, дәрістер ұйымдастырды. Актерлердің шеберлігін арттыру мақ­сатында сахна тілінен профессорлар Дариға Тұранқұлова, Мұрат Әбзелбаев, Айгүл Нарымгенова, режиссурадан Асхат Маемиров пен Гүлсина Мирғалиева, сахна қозғалысынан Жалынбек Ахан, заманауи театр үдерісі бойынша өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, өнертану кандидаты Меруерт Жақсылықова сынды отандық мамандардың шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Дегенмен мұндай прогрессивті үрдістер барлық театрларда бірдей жүзеге асып жатқан жоқ. Облыстық театрларда қызмет ететін кейбір актерлердің әлемдік театр өнеріндегі жаңашыл бағыттардан бейхабар екені және режиссерлік ізденістерді толық игере алмауы байқалады. Мұндай жағдайлар ұлттық театр өнерінің өрісін кеңейтуге кедергі келтіретінін де айтып өтуіміз керек. Көптеген облыстық театр қызметкерлері қосымша білім алуды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қажет етеді.

Театр фестивальдары ел мен қала­ның имиджін қалыптастырып, туризм мен инфрақұрылымның дамуына ықпал етіп отығанын дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан 2024 жылы Қазақстанда 14 халықаралық және республикалық театр фестивалі ұйымдастырылғаны – қуантарлық жағ­дай. Қазақстан театрларының жо­ғары көркемдік деңгейі халықаралық фес­тивальдарда алған марапаттармен де айқындалды. Атап айтсақ, 2024 жылы елі­міздің 23 театры шетелде өткен 38 фестивальға қатысты. Олардың арасында Ресей, Башқұртстан, Канада, Беларусь, Грузия, Германия, Армения, Түркия, Португалия, Түрікменстан, Әзербайжан, Дағыстан, Өзбекстан, Татарстан, Албания, Оман елдерінде өткен іс-шаралар бар. Мұндай фестивальдар шығармашылық алмасу мен кәсіби өсуге ықпал етіп, отандық театр өнерін халықаралық деңгейде танытуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар гастрольдік қызметтің географиясын кеңейту де отандық театр өнерінің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етері сөзсіз.

Театр өнерінің дамуындағы оң қадамдарға қарамастан шешімін күткен бірқатар мәселе әлі де өзекті. Атап айт­қанда, отандық театрлар үшін заманауи құқықтық-нормативтік базаны қалыптастыру қажет. Елімізде теа­тр өнерінің дамуына серпін беретін арнайы «Театр туралы» заң қабылдау маңызды. Екіншіден, драматургтер, режиссерлер, композиторлар, сценографтар, костюм суретшілері және басқа да мамандардың авторлық құқықтарын қорғау, еңбектерінің лайықты бағалануын қамтамасыз ету қажет. Авторлық сыйақыларды уақтылы төлеу және олардың құқын қорғау жүйесін жетілдіру керек. Театр үшін маңызды мәселелердің келесісі – кейінгі жылдары өнер ұжымдарындағы көркемдік жетекшінің рөлі әлсіреп, шығармашылық үдерістерді басқару деңгейі төмендеген. Көркемдік жетекшінің мәртебесін арттырып, оның театрдың репертуарлық саясаты мен шығармашылық сапасына толық жауап беретіндей өкілеттігін кеңейту қажет. Одан кейін, әлбетте, өңірлік театрлардың репертуарында сапасыз драмалық туындылардың пайда болуы алаңдаушылық тудырады. Облыстық әкімдіктердің ұсынысымен, «арнайы тапсырыспен» жазылған пьесалар көркемдік талаптарға сай келмей, репертуардан тез түсіп жатады. Сахналанатын пьесаларды іріктеу кезінде шығармаларды кәсіби мамандар талқылап, олардың көркемдік деңгейін бағалау қажет. Бесіншіден, облыстық театрларға қаржылық қолдау жеткіліксіз екені сезіледі. Мемлекеттік қолдаудың артуына қарамастан, жеке сектор мен демеушілер белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай актерлердің жалақысы мен жаңа қойылымдарды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне кері әсерін тигізеді. Қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет. Алтыншыдан, кейбір театрлар сахналық жабдықтарын жаңартқанымен, бұл үдеріс барлық өңірде бірдей деңгейде жүзеге аспай жатыр. Заманауи жарықтандыру, дыбыс жүйелері мен мультимедиа құралдарын енгізу театр қойылымдарының көркемдік сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазір театрлардың онлайн көрсетілімдерін дамыту мен виртуалды платформаларды тиімді пайдалану арқылы аудиторияны кеңейту әлеуеті артып келеді. Еліміздің жетекші театрларының қойылымдарын стриминг форматында ұсыну шалғай аймақтардағы көрермендер үшін маңызды. Театр қойылымдарын цифрландыру арқылы олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау һәм оны насихаттау міндетін шешу мүмкіндігі бар.

Сахна өнері үшін келесі келелі мәселе – облыстық театрларда кадр тапшылығы байқалады, жастар әлеуметтік мәселе­лердің шешілмеуінен жұмыстан кетіп те жатыр. Оларды қолдау үшін пәтер беру, қызметтік баспана ұсыну мен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылу жағы да аса қажет. Сонымен қатар театр менедж­менті, фандрейзинг, промоушен саласында кәсіби мамандар даярлау үшін халық­аралық серіктестік орнатып, жастарды оқыту да аса қажетті қадамдардың бірі болмақ.

Театр үшін тағы бір маңызды дүние – театр фестивальдары. Сахна байқаулары шығармашылық байланыстарды ны­ғайтып, өнер бәсекелестігін арттырады. Осы тұрғыдан келгенде ерте қамданып, фестивальдарды ұйымдастыруды күшей­тіп, спектакльдерді іріктеуді бір жыл бұрын бастау қажет. Театр туризмін дамыту үшін өнер байқауларын кезектесіп өткізуге арналған арнайы жоспар жасау ұсынылады. Сондай-ақ «Театр сыншыларының бірлестігі» ұйымдастыратын театр мониторингі мен «Сыншылар жүлдесіне» министр­ліктің қол­дауы қажет. Алты жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Сыншылар жүлдесін» Ресейдегі «Алтын маска» фестивалі деңгейіне көтеру мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. «Театр сыншы­ларының бірлестігі» театрларға сарап­тамалық ұсыныс беретін орталық­тандырылған жүйе (сайт, журнал) құру һәм М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай ғылыми монография жазу жобасына қолдау көрсету өзекті. Сонымен қатар театр сыншыларының қазіргі театр үдерісіндегі рөлін күшейту маңызды. Жас театртанушылардың «Дарын», «Серпер» сыйлықтарына қатысуына мүмкіндік беру және ұлттық сыйлықтар ережелеріне «Театр өнерін насихаттаған театртанушылық ғылыми жұмыс» аталымын енгізу де маңызды мәселе. Бұл шаралар отандық театр өнерінің заманауи талаптарға бейімделіп, ұлттық мәдениеттің халықаралық деңгейде дамуына ықпал етері сөзсіз.

Ойымызды тұжырымдай келгенде айтарымыз, еліміздегі театрлар ұлттық һәм әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігі болып қала береді. Олардың дамуы үшін мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңашылдықты үйлестіру арқылы отандық театрлар өз көрермендерін қуанта отырып, әлемдік сахнада лайықты орын алады. Театр – өнер ғана емес, рухани өрлеудің қайнар көзі. Сондықтан оны қолдау мен дамыту – әрбіріміздің борышымыз.

 

Анар ЕРКЕБАЙ,

театртанушы, өнертану кандидаты, «Театр сыншылары бірлестігінің» төрағасы