
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Артық-ауыс сөзі жоқ, мінезі жұмсақ, қақ-соқпен ісі болмайтын, қой аузынан шөп алмас момын санап жүрген курстас досымыз аяқ астынан айды аспанға шығарды».
Мұны жазған адамы – Рымғали Нұрғали. Академик. Айтып отырған адамы – Болат Бодаубай. Бүгінгі белгілі журналист, танымал жазушы, қайраткер қаламгер. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденінің иегері.
Осыдан дәл алпыс алты жыл бұрынғы ол оқиғаның қалай болып, қалай қойғанын Р. Нұрғали жазушының 2002 жылы шыққан «Таңдамалысының» алғы сөзінде баяндаған. «Ол кезде екі ауыз өлеңін, не жиырма-отыз жол хабар-ошарын газет бетіне бастырған жігіттің кеудесіне нан пісіп, Алматыға сыймай кететін кезі. Жуастан жуан шығып, бүкіл республика оқырманын таңырқатып, «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақаласымен «Лениншіл жастың» бетіне шыға келгенде, бәріміз таң қалдық», дейді ол. Тағы бір тұсында «Ал оқырман қауым қатты қуанған, әдебиет аспанында жаңа жұлдыз жанар деп үміттенген, кейбіреулер «Болат Бодаубаев деген ер үшін» деп тост көтерген» деп те жіберген.
Қаламгердің «Лениншіл жаста» бірге жұмыс істеген әріптес інісі, жазушы-журналист Жанат Елшібек «Жалын» журналында (2015 жыл, N 2) жария еткен «Алтын кіндік» атты көлемді эссесінде Болат Бодаубаевтың мақаласынан шыққан шудың қалай өршігенін де, қалай өшірілгенін де әдемілеп әдіптеген. Университетте бірге оқыған досы Мәткәрім Әкімжанов Б.Бодаубайдың алты томдығының («Фолиант», 2020) алғы сөзінде «КазГУ-ге түскен соң бірінші курстың аяғында жазған «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...» деген, қазақ тілінің тазалығын сақтау жөніндегі «Лениншіл жаста» жарияланған мақаласы ұлтшылдық сарындағы, орыс тіліне қарсы жазылған дүние деп танылып, біраз айқай-шу туғызғаны есімізде» деп нақтылап келтірген. Бұл жайында «Егемен Қазақстанның» бетінде қаламдас қарындасы Қарашаш Тоқсанбайға берген сұхбатында (2020 жыл, 27 наурыз) сол мәселе жөнінде қойылған сұраққа орай жазушының өзі де сығымдап айтып өткен. Жеткілікті-ақ жазылған сияқты. Бұларға қосып айтар нәрсе бар ма? Бар. Өйткені, Р. Нұрғалиевтің, Ж. Елшібектің, М. Әкімжановтың, Қ. Тоқсанбайдың жазғандарында Б. Бодаубаевтың мақаласынан да, С. Мұқановтың мақаласынан да, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Н. Жанділдиннің кейіннен «Коммунист» журналына (1959 жыл, N 13) шыққан мақаласынан да ешқандай мысал келтірілмеген. Оқырманның ойында «Соншама шулыған жасайтындай не мақала еді ол? Дау-дамай неден өршіп жүр?» дегендей сауал қалмауы үшін біз олардан біраз үзік сөз тартуды жөн көреміз.
Осы мақаланы дайындарда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сарылып отырып, сол жарияланымдардың үшеуін де тауып, оқып шықтық. Ксерокске түсіріп те алдық. Енді оларды журналистиканың, лингвистиканың айналымына қосып қояйық деп шештік. «Кітапханада сарылып отырғаны несі, мәтіндерін кейіпкерден сұрап алмай ма?» дерсіз. Неге сұрамайық, сұрағанбыз. Әлгі мақалалардың ешқайсысын да өзінде сақтамаған болып шықты. Уатсаппен мынандай жауап алғанбыз: «Ол мақала, ұмытпасам, 1959 жылдың аяғында немесе 1960 жылдың басында «Лениншіл жаста» басылды. Газет тігіндісі үлкен кітапханаларда бар болар. Тігіндіні біреу парақтап қарап шықса, табылып қалар. Мақалада Ғ. Мұстафиннің, Т. Нұртазиннің повестеріндегі қазақша баламалары бола тұра орысша алынған сөздер тізіліп, сынға алынған. Орталық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Н. Жанділдин мақаланы көріп, оқыған бойда Орталық комсомол комитетіне арнайы бюро отырысын өткізіп, оған барлық жоғары оқу орындарының комсомол, партия ұйымдарының хатшыларын қатыстырып, газеттегі мақаланы зиянды деп сойып салуды тапсырады. Газет редакторына ескерту жасалып, зиянды мақаланың уытын қайтару үшін газетте не Әуезовтің, не Мұқановтың мақаласын жариялау тапсырылады. Әуезов жұмысының көптігін, ондай мақала жазуға уақытының жоқтығын айтып, бас тартады. Орталық партия комитеті айтып жатыр деген соң Сәбең «Бұл қай жатырқау?» деген мақала жазған еді. Ол сол кезде «Ленжасқа» басылған».
Басқа біреу болса ғой, бұрын сақсынып, үндемей келсе де, жариялылық желі жетісімен-ақ сарғайған тігінділерді сүзіп, жас күнінен ұлт мүддесін қорғап, тіл майданына қасқайып түскені үшін тоталитаризм тұсында тартқан теперішін жіпке тізіп, мақаладан кейін мақала жазып, сұхбаттан кейін сұхбат беріп, жанталасып жатар еді. Біздің Бөкең өйтпейді. Әңгімені көбейтпейді де, сөзді көйітпейді де. Жасаған жұмысын жалаулатып жатпайды. Үйдей істі үндемей бітіреді.
Бірінші курс студенті балаң мақаласында «ұлтшылдық сарындағы, орыс тіліне қарсы жазылған дүние» деп танылатындай, біраз айқай-шу туғызатындай не айта қойған дерсіз? Өзіңіз оқып қараңыз. Бірер мысал:
«Соңғы жылдары әдебиетімізде орысша сөздерді орынсыз қолданушылық байқалып жүр. Бұл кемшілік кейінгі жастарды айтпағанның өзінде, әдебиет майданында көптен бері қалам тартып, төселген сақа жазушыларымыздың шығармаларынан да орын алуда».
«Қарағанды» романының қазақ әдебиетіне қосылған елеулі үлес екеніне дауымыз жоқ. Алайда өзінің осы тамаша шығармасында жазушының кейбір орысша сөздерді орынсыз қолданғанын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, мынадай сөйлемді ұшырастырамыз. «Екі қыз кітап, тетрадьтарын жия бастады». Осындағы тетрадьтың өз тілімізде дәптер деген баламасы бар емес пе? «Өзінікі нефтімен жүретін машина». Мұнай деген қазақтың ежелден келе жатқан байырғы сөзі бар, нефті деп алғаннан автор тілді шұбарлаудан басқа ешнәрсе ұтып тұрған жоқ».
«Міне, осылай елеулі мәселелер қозғайтын шығарманың өн бойынан әлгіндей тіл шұбарлығын сезіп отырамыз. Мысалы, кітаптың 6-бетінде мынадай сөйлем бар: «Ол кезде механико-сборочный цехта смена мастері болып істейтін-ді». Механико-сборочный цехтың күнделікті газет-журнал беттерінде қолданылып жүрген механикалық-жинау цехы деген баламасы бар» («Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...», Б. Бодаубаев. «Лениншіл жас», № 134 (4752), 1959 жыл, 9 шілде). Мақалада «МТС директоры ауданда совещаниеде екен» «Жұмыс басында монша, столовой бар», «отыз минуттан артыққа кислороды жетіспейді», «Шойын, темір, сталь байлығын да көрсетіп отыр» деген сияқты бірнеше сөйлем мысалға келтіріледі, олардың тілімізде орнығып үлгерген баламалары еске салынады. Студент сынының әділдігіне күмән жоқ. Әйтсе де, «Адам текстен нені іздесе, соны табады» деп Бердібек Соқпақбаев айтқандай, індетіп іздесе бәрі де табылуы мүмкін екен.
Сәбең салған беттен сөзін авторды қолдаудан бастайды. «Бодаубаевтың «Тіл таза болу керек» деген сөзіне мен қосылам. Бұлай деу, менің ұғымымда, әрбір жазылған нәрсенің осы тілде ойлайтын және сөйлейтін адамдарға түсінікті болуы деген сөз» деп алады да, содан кейін-ақ «Бірақ, мақаладағы мәселе мұнда емес, Бодаубаевтың тіл тазалығы деген сөзге қалай қарауында. Талқылап отырған мақаладағы оның пікірінше қазақ тілін өзге тілден кірген сөздер ғана емес, орыс тілі арқылы келген сөздер ғана бұзатын сияқты» деп таза кәсіби әңгімені саясиландырып ала жөнеледі. «Араб, иран тілдерінен қазақ тіліне кіріп, тума тілі боп кеткен сөздер толып жатыр» дейді де, «Бодаубаев бұндай сөздердің бәрінен қашпайды, тек өзі «орыс сөзі» деп атағандардан ғана қашады. Мәселен, «тетрадь» (негізінде ол грек сөзі) дегенді, «орыс сөзі» деп қабылдағы келмейді де, «дәптерді» (негізі фарсы сөзі) «қазақ сөзі» деп алуды ұсынады» деп жазады. «Мақаласының түріне қарағанда, Бодаубаев бұның бәрін де білетін сияқты, басқа тілдерден кірген сөздерге қарсылығы жоқ ол, тек орыс тілі арқылы келген сөздерге ғана одырая, осқырына қарайтын сияқты. Егер өйтпей, «бөтен сөздердің» қазақ тіліне араласуына жаны жалпы қиналса, мақаласының әр жерінде «орыс сөздері» дей берудің орнына басқа тілдерден келіп жатқан орынсыз сөздер туралы да қынжылуын білдірер еді ғой. Бодаубаев олар туралы жұмған да аузын ашпайды». Сәбең сөзінің түйіні тіпті ауыр: «Қайталап айтайын, жолдас Бодаубаев, Мұстафин мен Нұртазиннің қазақ тілінде төлеуі бар кейбір сөздердің орнына, қажетсіз жағдайда орыс сөздерін орынсыз қолдануын сынауыңыз дұрыс. Сөйте тұра, сіз мақалаңызда қазақ тіліне бар пәле орыс тілі арқылы келеді деген ұғым тудырасыз? Оны құбыжық көрсетесіз, «орыс сөздері» дегеннің үстіне бомбалаған самолеттей түйіліп ап жан-жағынан атқылайсыз!... Ішкі ойыңыз олай болмауы мүмкін, бірақ мақалаңыздағы объективтік логика сізді осыған еріксіз әкеп тірейді» («Бұл қай жатырқау?», С. Мұқанов. «Лениншіл жас», № 138 (4756), 1959 жыл, 15 шілде).
Жастар газеті С. Мұқанов мақаласының соңына «Редакциядан: «Лениншіл жас» газетінің редакциясы осы жылғы 9 июльдегі санында КазГУ-дің студенті Б. Бодаубаевтың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...» деген мақаласын жариялап, елеулі қателік жіберді. Мұны Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы атап көрсетті. Бүгін редакция өзінің қателігін түзету мақсатымен жазушы-академик С. Мұқановтың мақаласын жариялап отыр» деп жазып барып, басын зорға арашалап алады.
Енді бұл дуға басқа басылымдар қосылады. Р. Нұрғали «Сәбит жұдырығы аз болғандай, журналдар, газеттер «жас ұлтшылды» жапа-тармағай мүйіздеп, есінен тандырды» деп жазады. Кеңестік кезеңдегі басылымдардың «Правда» газетінен кейінгі зоры – КОКП Орталық комитетінің теориялық және саяси журналы «Коммунист». 1959 жылғы қыркүйекте шыққан 13-ші санында журнал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдиннің «Интернационалдық тәрбиенің кейбір мәселелері» деген мақаласын жариялайды. Автор бір тұста «Марксизм-ленинизм коммунизм бүкіл әлемдік ауқымда жеңіске жеткеннен кейін ұлттардың, ұлттық тілдер мен мәдениеттердің қосылуы жүзеге асады деп үйретеді» деп теориялық түйін жасайды да, соған кедергі келтіруге тырысу да байқалады дейді. Дәлел ретінде алға тосқан мысалы мынау: «Жақында «Лениншіл жас» газетінде жас филолог Бодаубаевтың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы...» деген мақаласы жарияланды. Автор қазақ тілінде орыс сөздерінің қолданылуына қарсы шығады, мұны тілді былғау деп санайды. Туған тілдің жолы болмаған «қорғаушысының» зиянды мақаласын республиканың белді жазушылары мен тіл мамандары терістеп, батыл тойтарып тастады».
Осы сергелдең, осы сарсаңға жасы жиырмаға да жетпеген жігіттің, бастапқы курс студентінің жаны қалай шыдас бергені қайран қалдырады!
Бұл айтылғанға енді тарих еншісіндегі ескі әңгіме деп қарай салу да жөнсіз. Бұдан тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, бостандықтың бағасы туралы да сан түрлі толғам туындатып тастауға әбден болады. Жақында ғана университет магистранттарына дәріс оқығанымызда шәкірттерімізге осы мақаланың машақаты жайында айтқан тұста көзіміз осыған жете түсті.
Кейіпкерімізге оралайық. Рымғали Нұрғали «Тазалық» аталған сөз басындағы алғы сөзінде «Сол алғашқы аяусыз соққылардан соң Болат әдеби сын жазуын пышақ кескендей тыйды да, көп жылдар журналистикамен айналысып жүріп, көркем прозаға кештеу келді» деген. Кім біледі, қолына қалам ала бергенінде қақ маңдайдан қойып қалғандай әділетсіздік көрмегенде біз бүгінде не әйгілі әдебиет сыншысы, не танымал тіл маманы Болат Бодаубайдың 85 жылдығына мақала жазып жатар ма едік? Бірақ мен сөз өнеріндегі жолы о бастан журналистикаға бұрылғанынан Болат Бодаубайдың өзі де, біздің баспасөзіміз де, әдебиетіміз де тек ұтты деп ойлаймын. Журналист жолы Болат Бодаубайды сан қилы белестерге бастады, білімі мен білігі, ерен еңбекқорлығы, қажымас қайраты, адамдығы, адалдығы алуан-алуан асулардан асырды. Университет бітірмей жатып «Лениншіл жас» редакциясына қабылданып (содан үш-ақ жыл бұрын өздерін шатаққа шалдырған, сынға салдырған, жаманатқа қалдырған жап-жас жігітті қатарына қосып ала қойған жастар газетінің еркін рухына қалай разы болмассың!), 1962-1974 жылдарда әдеби қызметкер, облыстағы меншікті тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сатыларын түгел басып өтті, 1974 жылы бас газетке – «Социалистік Қазақстанға» шақырылды, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді.
Мақала кейіпкері мен мақала авторының тағдыр жолы осы тұста түйіскен еді. Төртінші, бесінші курста жүріп жазғандарымды дәйім газетке жариялап отырғанымен қоймай, талай тұста ағалық ақылын айтқан, ой тастап, тақырып тауып беріп, бірнеше мақаланың, рецензияның себепкері болған, онымен де қоймай, университет бітірген бетте газетке жұмысқа шақыру жөнінде «Социалистік Қазақстанның» басшысы, атыңнан айналайын Сапар аға Байжановқа ұсыныс жасаған Бөкеңе, бұрын бір күн де редакцияда жұмыс істеп көрмеген жас жігітті бірден партиялық бас газетке, оның Алматыдағы талай ақын-жазушының ұйықтағанда түсінде кіретін бөліміне – әдебиет және өнер бөліміне қызметке алуға тәуекелі тұрған Сапекеңе мен дәйім қарыздармын. Болат Қамиұлымен қатар істеген сол бір жыл өзім үшін үлкен өмір мектебі, кәсібиліктің нағыз шеберханасы болды.
Болат Бодаубайдың газеттегі еңбегі еленді, бағаланды – 1976 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне қызметке шақырылды. Жұмыс ауыстырар тұста да ол тосын ойлауымен, төтен қисынымен тәнті етті – өзінің орнына сол тұста «Лениншіл жастың» меншікті тілшілігінен ауысып, республикалық баспасөзден қол үзіңкірей бастаған, сонау Қарағандыда, облыстық газетте редакцияның жауапты хатшысы болып жүрген Ақселеу Сейдімбековті ұсынды, сөйтіп қазақтың Ақаңдай асыл азаматының Алматыда, қазақтың жақсысы мен жайсаңының ортасында жалғасқан жарқын жолын ашып берді.
Орталық комитеттегі сегіз жылғы жұмыс Болат Бодаубайдың қаламгерлігіне қайраткерлік қостырды. Тағылымды мектептен өткен азамат одан кейінгі қызметтің бәрін де лайықты атқарды. Мақаланың көлемін көбейтіп алмау үшін оның содан соңғы жиырма жылдағы бел-белестерін түйіп айтқан Мәткәрім Әкімжановтың мына сөздерін келтірумен шектелейік: «Ол Мемлекеттік баспа комитетіндегі ең басты, негізгі Кітап шығару және тарату басқармасына басшылық етті. Мемлекетаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Республикалық «Жалын» баспасын басқарғанда талай талантты жас ақын-жазушылардың кітаптарын дер кезінде шығарып, жолдарын ашты. Республикалық «Қазақкітап» кітап саудасы бірлестігін басқарғанда ұлт тілінде шығатын кітаптарымыздың тиражын бұрын болмаған биіктерге көтерді. Парламент Сенаты аппаратында бөлім басқарған жылдарда тәуелсіздігімізге тірек болатын заңдарымыздың қазақ тіліндегі нұсқаларының сапасы жоғары болуына аянбай атсалысты». Солай. Дәп солай. Осындай лауазымдарда жүріп, қолынан қаламын тастамады, «Желсіз түнде жарық ай», «Май жаңбыры», «Ескі дәптер шерткен сыр», «Қарт тергеушінің әңгімелері», «Прокурордың ажалы» сияқты біреулері сырлы лиризмге, біреулері шым-шытырық шырғалаңға, біреулері ел басынан өткен азалы дәуірдің ащы шындығына толы кітаптарын оқырманға ұсынды. Николай Носовтың балалар әдебиетінің классикасына айналған «Дымбілмес пен достарының бастан кешірген хикаялары», «Дымбілмес Күн қаласында», «Дымбілместің Айға саяхаты» романдарын төгілдіріп тәржімалады.
Зейнетке шыққаннан кейін Болат Бодаубаев әсіресе деректі прозада айта қаларлықтай ірі істер тындырды. Өзі жанрлық анықтамасын «Сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық роман» деп айқындаған қос бірдей толымды туынды ұсынды. Оның біріншісі – атақты композиторымыз Еркеғали Рахмадиевпен, екіншісі – Алаштың ардақтысы Мырзатай Жолдасбековпен екі-үш жылдап әңгіме-дүкен құрудың жемісі. Алғашқысы «Тұлға» деп, кейінгісі «Таңғаламын өмірдің ғажабына» деп аталады. Екеуі де ерекше еңбек. Екеуі де асылдарды аялауға, қадірлімізді құрметтеуге үйрететін, жасқа да, жасамысқа да берер үлгісі үлкен еңбек. Ол кітаптарда бүтін бір дәуірдің қазақы ауызекі баянмен, шешен тілмен, көсем оймен өрілген өрнекті суреті бар, талай тағылымды тағдырлар, қайталанбас далалық дара мінездер бар. Ол кітаптар, басқасын былай қойғанда, оқырманды жүйелі сөйлеуге, әңгімені дәмді етіп айтуға үйрете алатынымен де бөлекше бағалы. Халқымыздың әңгімешілдік дәстүрі көмескіленіп бара жатқан мына заманда мұның да пайдасы аз емес. Айтқандай, Мырзекеңмен роман-диалог дайындау жөніндегі ұсынысты авторға біз жасағанбыз. Оны кітаптың авторлық алғы сөзінде: «Сіз Еркеғали Рахмадиев туралы сұхбатқа құрылған жақсы роман жазған едіңіз. Сондай үлгідегі, сол тұрғыдағы бір кітап Мырзекең туралы да жазылса, ұлтымыз үшін, халқымыз үшін, қоғамымыз үшін өте пайдалы еңбек болар еді» деген тілегімізді келтіру арқылы жеткізген.
«Біздің таныстығымыз сонау 1950 жылдардың аяғында, 60-шы жылдардың алғашқы жылдары басталған еді. Ол кезде студенттік шақта Мұхтар Мағауин, Болат Бодаубаев, Рымғали Нұрғалиев сияқты келешекте еліміздің бетке ұстар ұлтшыл, абзал азаматтарымен бірге Сұлтан да С.М.Киров атындағы Қазақ университеті филология факультетінде оқитын» – мына дүниемізге дерек іздей жүріп, бір мақаладағы осындай жолдарға көз түсті. Сұлтан дегені – Сұлтан Оразалинов. Атақты тележурналист, тіл қайраткері. Мұхтар Мағауин – данышпан жазушы. Өзінің сөзімен айтсақ, гений. Рымғали Нұрғалиев – әйгілі әдебиеттанушы. Болат Бодаубаевтың есімі осы екі мықтының ортасында аталған. Ол өзіне автордың келешекте еліміздің бетке ұстар адамының біріне айналады деп артқан сенімін ақтады.
Өйткені, оның аты да, заты да болат.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ