Әдебиет • 27 Наурыз, 2025

Өткен жыл өрнектері

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нағыз мейрам – Наурыздың жаңа күнінде 2024 жыл маған не берді, жыл он екі айда не жасадым деген санамақ ой түртті. Әдебиет пен өнердегі атаулы оқи­ға­лар қандай да бір қалам иесін бейжай қалдырмасы белгілі. «Фолиант» бас­­пасы жыл сайын ұйымдастыратын «Astana Eurasian Book Fair – 2024» ­VII халық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі былтыр 17–21 сәуір аралығында өтті.

Өткен жыл өрнектері

Сурет: abai.kz

Хорхе Луис Борхес «Кітапхана – бұл жәннат» депті, төрт күн кітап фес­тивалі, ақын-жазушылар, баспагерлер, оқыр­ман­дар бір жерде бас қосады. Жазғытұры құс­ базары тәрізді у-шу, жарқыраған ғи­ма­рат, арқаңа қанат бітіреді. Небір клас­си­ка­лық кітаптарға көз тұнып, поли­гра­фия­лық құдірет есіл-дертіңді билеп алады, мо­лырақ ақша апарып, күндіз қолыңа шам­ алып іздеп таппайтын кітаптарды кө­­сіп ала бер. Кітап саудасында негізгі таң­дау авторына байланысты. Көктен із­деген сирек кітаптарды көрмеден тауып­­ алу мүм­кіндігі ғажап. 2017 жылы із­деп таппа­ған зерттеу трилогияны екі жыл­дан соң көрме-жәрмеңкеден сатып ал­ған­да қатты қуандым. Бағасы қымбат, қиыс­ты­руы шебер құдай кесек қаламақымды сол қарсаңда бергізгеніне шынымен қайран қалдым.

Қазақстандағы Якутия күндері аясында саха ағайын батырлық эпос «Ньур­гун Боотур» опера-олонхосын әкелді, қоюшы-режиссер Андрей Борисов. Қал­леки театрында мифтік мазмұны терең, заманауи пластикасы айқын үздік спектакль үлкен табыспен өтті. Көрмеге белгілі ақын-жазушылар Николай Лугинов, Наталья Харлампьева келді, қазақты бауыр тартып, арқа тұтатыны білінді. Мәскеулік ақын Евгений Чигрин Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандармен кездесу өткізді, Ұлықбек ақын екеуміз қатыстық.

Этнограф жазушы, зерттеуші-ғалым Ақ­селеу Сейдімбекке 10 мамырда туған жері Жаңаарқада ескерткіш қойылды. Халықтың риясыз сүйіспеншілігі ерекше білінді. Ел мен жердің кескін-бедерін жол бойы көзбен көруге ештеңе жетпейді. Сарыарқаның бауыры жазық кең даласына қарасаң көз тояды. Ақселеу аға жусан иісі аңқыған биік шоқыда жатыр.

Қадір тұтып сыйласқан игі жақсылар өмірден озса, көңіл құлазиды. Тіршілікте өз басым шын қамқорлығын көрген қалам иелері – Медеу Сәрсеке, Жұмабай Шаштайұлы, Мұрат Әуезов, Мұрат­бек Оспанов, айтулы график-сурет­ші Нұрбұлан Өтепбаев өмірден өтті. Ұмытылмас әнші Баян Сағымбаева қан­дай биік өнер иесі, кештеу туса жарты әлемге даңқы кетер еді ғой. Баянның бір дискісі жазылды ма екен? Қаржаубай Сартқожаұлы ірі түркітанушы ғалым әрі проза жанрында жазды. Туған еліне адал қызмет еткен кесек тұлғалармен тектілік қоса кетпесе екен, дегдарлық қасиет, ірілік жас ұрпаққа аумай-төкпей берілсе екен деген беймаза ой туады.

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойын Алматы әкімдігі қолдауымен Қазақстан Пен-клуб басшысы Бигелді Ғабдуллин ұйымдастырды. «Қан мен тер» трилогия­сы тірі образдар галереясы екені дау тудырмайды. Суреткердің туған жері, Арал теңізі, ел көшіп кеткен иен ауыл, кіндік қаны тамған қарашаңырақта жанған оттың сәулесі, туыс­тары, ұрпағы, қабір-құлпытастағы жазу, бір сөзбен айтса, қазақы қалып-мейірім кинорежиссер Сергей  Азимов түсірген деректі фильмде шебер көрініс тапқан. Шетелдік жазушы, аудармашы Ив Готье ертеректе француз тілінде жарық көрген трилогияның үш томын әкеліп тапсырды, бір томын букинис­тен іздеп тапқан. Әдебиетке бар ғұмырын салған Әбдіжәміл ағаның шығармашы­лық бағы кісі қызығарлық, қай тілде болсын, жазушыға кәсіби деңгейі биік, мықты аудар­машылар бұйырды. Мұндай несібе Тәңірден берілер, Герольд Бельгер және Юрий Казаков неге тұрады! Кәсіби білікті мұқият аудармашы тауып алу қалам иесіне оңай шаруа емес. 

Ақ Жайықтың Ақұштап ақыны 8 қарашада Астана қаласына келіп, бір күнде үш жерде шығармашылық кездесу өткізді. Ақұштап Бақтыгереева және Мәдина Омарова бірігіп жазған поэтикалық драма «Жұбан» спектаклі Қ.Қуанышбаев театрында аншлагпен өтті. Режиссері – Гауһар Адай. Ел мүддесін биік ұстаған Жұбан ақын бейнесі залды тұтас толқытты.

Мәдениет және ақпарат министрілігі­нің әдебиетті қолдау бағдарламасымен жарық көрген «Салхар» атты әдебиеттану кітабым «Тоғанай Т» баспасынан, ал «Фолиант» бас­­па­сынан таңдамалы проза кітабымның I томы жарық көріп, бір жылда қос кітап қатар сүйінтті. 2024 жылы екі көлемді әңгіме аяқтадым. «Ике» аталған сүйекті әңгі­мем ылдым-жылдым бір конкурстан өтпе­ген соң дереу «Мәдениет» порталына жария­ладым.

Әдебиет – әлемдегі халықтар досты­ғы­ның кепілі. 28 қарашада «Фолиант» бас­­па­сының директоры Нұрлан Иса­беков Испания Королдігінің Като­лик­тік Изабелла орденімен наградталды. Руха­ниятта халықаралық дәрежеде бекер марапат жасалмайды. Ұлттық ака­демия­лық кітапханада Испания Король­ді­гінің Қазақстандағы Өкілетті елшісі Луис Франсиско Мар­тинес Монтес мырза ­испан әдебиетін тара­туда еңбегі сіңіп, беделі асқан қазақ бас­пагеріне мәртебелі орденді тапсыру арқылы біздің мемлекетке құрметін қоса та­нытты. «Фолиант» баспасы қайы­рым­ды­­лық шараларын жиі жасайды. Нұрлан Сәр­сен­біұлы «Фолиант» баспасынан Ұлт­тық ака­де­миялық кітапханаға 1000 кітап сыйға берді.

Жыл соңында аударма аталымы бо­йынша «Айбоз-2024» сыйлығы Екібастұзда тұратын Рауза Мұсабаеваға бұйырды. Неміс тілінен тікелей аудармашы, неміс-орыс-қазақ поэзиясын жатқа айтатын Раузаның еңбегі жанғанын адалдықтың асуы деп ризашылықпен бағалаймын. Швейцариялық атақты жазушы Франц Холердің қос романын, атажұртына ауған жерлесіміз Элеонора Хуммельдің қос романын ол кәсіби деңгейде ана тілімізге ау­дар­ды. Қазақстандағы Гёте институты неміс тілді үздік аудармашылар тобымен ықпал­дасып қызмет істейді. Жазу­шы­лар одағы 90 жылдығын атап өтті. Неміс тілді білікті мамандарды одақ мүшелікке қабылдай бас­тады, соның бірі – Рауза Мұсабаева.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы