
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім.Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл – өңір басшыларының бәрінің міндеті.Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуы керек. Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғындарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе», деген Мемлекет басшысы маман даярлаудағы маңызды қадамдарға тоқталды.
Расында, биыл бәсекеге қабілетті маман даярлауға, білім ұйымдарын материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауға, педагогтердің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бизнес-құрылымдар мен инвесторларды тарту көзделген. Кәсіпорындардың тапсырысы негізінде экономикаға қажетті мамандарды мақсатты түрде даярлауға басымдық беріледі.
Жыл басында Үкімет 7 бағыт бойынша 70 тармақты қамтитын «Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу» жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың 2025–2027 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларына сәйкес қысқамерзімді кезеңге (1 жыл), ортамерзімді кезеңге (6 жыл), ұзақмерзімді кезеңге (2050 жылға дейін) еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастырады. Ортамерзімді болжамға сәйкес 2025–2030 жылдар аралығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс айтарлықтай артады. Нақтырақ, санмен айтар болсақ, осы кезеңде еңбек нарығына 403 мың жұмысшы қажет болады. Оның ішінде ең сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жүк көлігінің жүргізушілері (21,8 мың) бастайды. Сантехниктер мен құбыр жөндеушілерге (17,3 мың), дәнекерлеушілерге (15,6 мың), құрылысшы бригадирлері (11,9 мың), автобус жүргізушілері (10,9 мың), сылақшылар (9,9 мың), техник-электрик (9,7 мың), тракторшы (9,7 мың), құрылысшы-монтажшылар (8 мың), өнеркәсіп жабдықтар слесарьлері, басқа да мамандық иелеріне сұраныс көбейеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандық таңдауға жәрдемдесетін «Mansap Compasy» ақпараттық платформасын іске қосты. Осы арқылы ел азаматтары кәсіби мансапты таңдап, өзінің мансаптық бағытын басқара алады. Бұл жобада жасанды интеллект технологиясы, «Amazon» компаниясының шешімдері пайдаланылды. Жасанды интеллектінің арқасында платформа ашық дерекқорлардағы бос жұмыс орындарды анықтап, өзекті мамандықтармен ара қатынасын белгілейді. Платформада қолжетімді бос жұмыс орындары, жалақы, білім деңгейіне қойылатын талаптар, білім беру мекемелерінің рейтингтері, көптеген өзге мәлімет туралы егжей-тегжей талдау жасалған. Бұл бірінші кезекте жастардың еңбек нарығынан өз орнын табуға мүмкіндік береді. Жұмысқа орналасу үрдісін тиімді етеді», деп жазылған министрліктің редакцияға ұсынған ресми ақпаратында.
Елімізде 2012 жылдан бастап студенттерді дуалды оқыту жүйесі іске асып келеді. Осы арқылы жастар машығын тәжірибеде шыңдауға мүмкіндік алды. Дуалды оқытудың шартына сәйкес студенттер теориялық негіздерді колледжде өтіп, тәжірибелік дағдыларын жұмыс орнында шыңдайды. Оқу-ағарту министрлігінің редакцияға ұсынған ресми ақпаратында: «Дуалды оқыту мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде барлық студенттердің 28%-ын қамтиды. Оған 10 мыңнан астам кәсіпорын қатысады. 2025 жылы сұранысқа ие мамандықтармен 100% тегін қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 90%-ды құрап отыр. Қазір еліміздегі колледждерде кадр даярлауда техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Атап айтсақ, бұл қатарда геология, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, металлургия, машина жасау, көлік, байланыс, телекоммуникация, IT бағыттарының мамандықтары бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға бағытталады. Осыған байланысты біз жастарды техникалық мамандықтарды меңгеруге шақырамыз», деп жазылған.
Жалпы, жұмысшы мамандықты меңгеріп, келешекте қолынан іс келетін азамат болуды көздеген жастарға мүмкіндік көп. Кәсіптік-техникалық колледждер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тек еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлайды. Демек колледж түлегі өзі таңдаған мамандықтың нағыз майталманы болуды мұрат тұтса, сол бағытта талмай ізденсе, сөзсіз мақсатына жетеді, сұранысқа ие болады.