Құқық • 27 Наурыз, 2025

Көші-қон заңнамасы: мәселенің тиімді тетігі қайсы?

132 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сыртқы көші-қон еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізуі үшін оны бақылап қана қоймай, осы үдерістің оң және теріс әсерлерін жүйелі түрде талдап, тиісті шешімдер қабылдап отыру қажет. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, былтыр Қазақстанға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінен және басқа шет мемлекеттерден келген азаматтар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар көбейе түскені алаңдатпай қоймайды.

Көші-қон заңнамасы: мәселенің тиімді тетігі қайсы?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Нақты айтсақ, былтыр ТМД-дан кел­ген 1 783 адам қылмыс жасаған, яғни бұр­нағы жылғымен салыстырғанда 2,3 па­йыз көп. Сондай-ақ басқа шетелдерден келген 340 азаматтың жасаған қылмыста­ры әшкереленген немесе осы жөніндегі көрсеткіш 3,3 пайызға көбейген. Бұл ­ретте былтыр экстремистік немесе тер­ро­рис­тік ұйымдарға қатысы бар, ұйым­дас­қан қылмыстық топтарға жетекші­лік ететін, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қар­сы қылмысқа барған, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған, халықаралық шарттар негізінде басқа мемлекеттер­ге берілген адамдардың Қазақстанға кіруі­не заң жүзінде тыйым салынды. Әйтсе де қалыптасқан жағдай көші-қон заң­намасын әлі де жетілдіре түсу қажеттігін аңғартады.

Біздіңше, шетелдік жұмыс күшін пайдалануға рұқсат беру жүйесін қайта қарау қажет. Мысалы, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын заңды тұлғалар үшін – шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота­ны, жеке тұлғаларға үй шаруашылы­ғын­да жұмыс істейтін еңбекші иммигрант­тар­ға арналған квотаны белгілейді. Өткен жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға еліміздегі жұмыскерлер саны­ның 0,23 пайызы мөлшерінде немесе ­­22 мың адамға квота бөлінді. Ал еңбек­ші им­мигранттарға бөлінген квота елі­міз­дегі жұмыскерлер санының 3,1 па­йызы немесе 271,3 мың адам болды. Бұл көр­сеткіштер жылдан-жылға біртіндеп азайтылып келе жатыр. Бұрнағы жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға – рес­публикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24 пайыз немесе 22,2 мың адамға, үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбекші иммигранттарға 3,2 пайыз немесе 296,7 мың адамға квота қарастырылған еді. Биылға арналған квота тиісінше 0,2 пайыз және 3 пайыз болып белгіленді.

Шынтуайтында, кәсіпорындардың шетелдік жұмыс күшін тартуға квота алу тәртібі оңай емес. Оған жұ­мыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін жер­гілікті атқарушы органдарға ше­телдік жұмыс күшіне қажеттілік туралы өтінім беруге тиіс. Оның үстіне сол кәсіпорында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының саны бірінші және екін­ші санаттарға жататын жұмыскерлер­дің – бірінші басшылар мен олардың орынбасарларының және құрылым­дық бөлімшелер басшыларының тізімдік санының кемінде 70 пайызы, үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыс­керлердің – мамандар мен білікті жұ­мысшылардың тізімдік санының ке­мінде 90 пайызы болған кезде ғана ше­телдік жұмыс күшін шақыруға рұқсат беріледі. Бұған қоса кәсіпорындар Салық кодексіне сәйкес әр шетелдік жұмыскер үшін 90 күнге дейінгі мерзімге – 12 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК), 180 күнге – 24 АЕК, 270 күнге – 36 АЕК, 365 күнге 48 АЕК мөлшерінде салық төлеуге міндетті. Ал жеке тұлғалардың еңбекші иммигранттарды жұмысқа тарту тәртібі әлдеқайда жеңіл. Олардың әрқайсысы 5 шетелдікті үй шаруасына ешқан­дай шектеусіз қабылдай алады. Еңбекші ­им­мигранттар өздеріне берілген рұқсат не­гізінде жеке тұлғаның қарамағында жұ­мыс істейтін әрбір ай үшін небәрі ­2 АЕК мөлшерінде жеке табыс салы­ғын алдын ала төлейді.

Шетелдік жұмыс күшін тартуда заң­ды тұлғалар мен жеке тұлғаларға қойы­латын талаптардың арасындағы осындай елеулі айырмашылықтар көші-қон заңнамасын бұзуға негізгі себеп болып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін де ту­ғызып отыр. Өйткені кәсіпкерлердің ішін­де өз кәсіпорындарына шетелдік жұ­мыс күшін тартудың күрделілігіне бай­ланысты еңбекші иммигранттарды туыс­тарының атына тіркетіп, оларды, әсі­ресе құрылыс саласында пайдаланып жүр­гендер аз емес. Бас прокуратураның мә­ліметінше былтыр шетелдік жұ­мыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мыңнан аса жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны – соның айғағы.

Шетелдік жұмыс күшін тарту мә­селесі заңнамалық тұрғыдан жеткілікті рет­телмегені базбіреулердің оны көлденең табыс көзіне айналдыруы­на жол ашты. Мысалы, Қарағанды облыстық прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті­нің жер­гілікті департаментімен бірлесе оты­рып, шетелдіктерге 700-ден аса уақыт­ша тұруға рұқсатты заңсыз беру­ді ұйым­дастырған қылмыстық топ­ты анық­тады. Оның құрамына кір­ген Ха­лыққа қызмет көрсету орталық­тары­ның, медициналық мекемелер­дің қыз­меткерлері және «көмектескіш» дей­тіндер жалған еңбек шарттарын, меди­циналық анықтамаларды және тұрғынжайға тіркеуді жасап, өз «қыз­мет­теріне» ақы алып отырған. Астана қаласындағы бір отбасы тұратын пәтерге 937 шетелдік тіркелгені де тегіннен-тегін емес.

Көші-қон саласындағы қазіргі жағ­дай кейде «қойды қасқырға бақтыр­ған­дай» әсер қалдырады. Мәселен, был­тыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Маңғыс­­­тау облысының Полиция департаменті кө­ші-қон қызметі басқармасы бастығы­­ның орынбасары бір шетелдіктен ел ­аума­ғында емін-еркін жүріп-тұруы үшін 3 млн теңге пара алғанын әшкереледі. ­Сот үкімімен ол 3,5 жылға сотталып, ар­наулы атағынан айрылды.

Демек, көші-қон заңнамасын өмір­дегі шынайы жағдайға бейімдеу қа­жет. Ең алдымен, әрбір жеке тұлға үй шаруа­сына жалдайтын еңбекші иммигранттар санын 5-тен 2-ге де­йін қысқартқан жөн. Сонымен қатар олар ай сайын төлейтін табыс салығын 2 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін көбейтіп, заңды тұлғалармен теңестіру қажет. Көші-қон саласында тәртіп орнату үшін басқа да пәрменді шараларды қолданатын кез жетті. Осы орайда жуырда Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай: «Көші-қон саласында әшкереленген әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық­тар бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді. Шекара қызметі, құқық қорғау органдары, жер­гілікті атқарушы билік арасында бір­лескен жүйелі жұмыстың жоқтығын да айғақтайды. Осыған орай, біріншіден, Еуропа елдеріндегідей біліктілігі жоқ жұмыс күшін әкелуге тыйым салма­сақ та, шектеуді күшейтуді ұсынамыз. Екіншіден, заңсыз көші-қонның алдын алу үшін шекара бекеттерін күшейтіп, оларды жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дактилоскопия, көз қарашығын сканер­леу арқылы мигранттардың ел ішіндегі қозғалысы мен геолокациясын біліп отыруды, сондай-ақ олардың кету күні, орны және бағыты туралы хабарлама алып тұруды, ақпараттық деректер базасын құруды қарастыру қажет. Үшіншіден, заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға, жалған құжат жасаушыларға барынша қатаң жазаларды қарастыру керек. Төртінші­ден, ықтиярхат алу мақсатында қиылған жалған некелердің алдын алу үшін шетелдіктермен неке қию мен ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексерген жөн. Бесіншіден, көші-қон үдерістерін автоматтандыру бойынша мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін дамытып, қолда бар жүйелерді интегра­циялайтын кез жетті. Алтыншыдан, мигранттар үшін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының жеткіліксіз болуы оларды қылмыстық топтардың құрбаны етіп қана қоймай, көші-қон қызметі қызметкерлерінің жұмысын айтарлық­тай қиындатады. Осы бағытта үкімет­тік емес ұйымдарды тарта отырып, жүйелі жұмысты қолға алу қажет», деді. Естір құлақ болса, ескеруге лайық ұсыныстар екені анық.