Пікір • 27 Наурыз, 2025

Көкейдегі ой көпке жеткен жиын

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ тарихында ел тағдырына қатысты келелі шешімдер шығарылатын Құрылтай жиы­ны кейінгі үш-төрт жылда заманға сай трансформацияланып, жаңаша сипат алды. Ол жерде қоғамның барлық саласынан жиналған белсенділер топтасып, өзекті мәселелерді көтеріп жатыр. Киелі Көкше жерінде өткен төртінші отырыста да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген түйткілдерді ортаға салды.

Көкейдегі ой көпке жеткен жиын

Сурет: rgmedia.kz

Мен бұл басқосудың ең пайдалы жері ретінде біз секілді Құрылтай мүшелеріне халықтың арасындағы негізгі көкейкесті мәселелерді билікке, Президент деңгейіне дейін жеткізуге үлкен мүмкіндіктің берілуін айтар едім. Бурабайдағы отырыс алдында біз секциялық жиындарда бас қосып, ойымызды ортаға салдық. Соның қатарында өзім «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясына қатысып, сөз алып, үш мәселені көтердім.

Біріншіден, еліміздегі шетелден туристер келетін демалыс орындарымызда ұлттық келбетіміздің қаншалықты көрініс тауып жатқаны жаныма бататынын жеткіздім. Мысалы, сіз Грузияға, Түркияға, тіпті қасымыздағы Өзбек­станға барсаңыз, олардың мей­ра­м­ханаларында, демалыс аймақ­тарында, туристер келетін жердің бәрінде өздерінің ұлттық музы­касы ойнап тұрады. Ұлттық тағам­дарын, ұлттық киімдерін ұсынады. Ал өкінішке қарай, біздің Бурабайымызға келсеңіз, сіз шетелде жүрсіз бе, Қазақ­станда жүрсіз бе, ешқандай айыр­машылық жоқ. Тіпті кейбір жерде қазақша әндерді тауып қойғыза алмайсыз. Бұл айтып отырған сөзімнің туризмнің дамуы үшін де маңызы зор. Өйткені шетелдік туристер қазақтың мәдениетін, тілін, дәстүрін, тарихын танығы­сы келеді. Ал біз оларға өзімізді ешқандай тарихы, мәдениеті жоқ ел сияқты көрсетіп жатырмыз. Әрине, демалыс аймақ­тарын кәсіпкерлер өз қалауынша ұйымдастыратыны белгілі. Дегенмен мемлекет те бұған назар аударып, кәсіпкерлермен бірлесіп, белгілі деңгейде дұрыс бағытта жұмыс жүргізуге толық мүмкіндігі бар деп есептеймін.

Екіншіден, кейінгі уақытта әлеуметтік желіде қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құн­ды­лықтарына жүйелі түрде шабуылдар жиі жасалатын болып кетті. Мысалы, былтыр киіз үйімізді мансұқтап, видеороликтер түсірді. Біреулер ұлттық асымызға тіл тигізді. Мемлекетіміздің негізгі рәмізі көк туымызды қорлаған әншілер болды. Жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин беташар дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгенін қуана хабарлады. Сол беташардың негізгі элементі – келіннің сәлем салуы. Ғасырлардан тамыр тартқан осы дәстүрімізді кеше ғана белгілі продюссер Баян Мақсатқызы апайымыз жабайылыққа теңеп, ұлтқа тіл тигізді. Солардың ешқайсысы заң алдында жауапкершілікке тартылған жоқ. Тек кешірім сұраумен құтылды. Неге? Өйткені біздің заңымыз әлі қатаң болмай тұр. Егер осындай жүгенсіздікке заңды тұрғыдан тыйым салынбаса, әлі бұл жалғасын таба береді. Әлгіндей негізсіз сөз айтқандарды заңмен жауапкершілікке тартып отырсақ, ешқайсысы бұдан былай мұндай қадамға бармас еді. Біздің ұлттық-рухани құндылықтарымызға шабуыл жасалып жүргенін Бурабайдағы Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты.

Үшінші мәселе ұрпақ тәр­биесіне қатысты. Қазір елімізде бір­қатар жаздық лагерьлер жұмыс істейді. Алайда олар өте аз. Жазғы демалысқа шыққан оқушы­лардың 10 пайызын да қамты­майды. Кезінде әкелеріміз бен ана­лары­мыз «Артек» секілді әйгілі лагерьлерде демалған­дарын ертегідей қылып әңгіме­леп айтып отыратын. Біз де бүгінгі бала­ларымыздың жазғы дема­лыс­тағы бос уақытын тиімді, мәнді, мағыналы етіп ұйым­дастыра аламыз ба? Егер олай болмай, балаларымыз түрлі оғаш қылықтарға барып жатса, кімге ренжиміз? Сондықтан міндетті түрде осы жазғы лагер­лерді көбейтуіміз керек. Оның санын ғана емес, мағы­налық бағдарламалық сапасын арт­тыруымыз қажет. Балалары­мыздың тәрбиесімен осылайша өзіміз айналыспасақ, онда басқалар айналысады.

 

Біржан БАЙТУОВ,

айтыскер ақын, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры