2015 жылдың 3 мамырында 86 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы ғылым және техника саласының еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қилыбай Үсенұлы Медеубеков өмірден озды.
Қ.Медеубеков Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының Коммунизм ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданының колхозшысы болып бастады.
1953 жылы К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Жамбыл тәжірибе стансасының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 1961-1984 жылдар аралығында Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарды.
1986-1990 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік аграрлық өнеркәсібі комитеті төрағасының орынбасары, 1988 жылдан Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу техникалық институтының директоры, 2003 жылдан бастап Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры болды.
Қ.Медеубеков екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО халық депутаты болып сайланды 10 жылдан астам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
Қилыбай Үсенұлы Қазақстан Республикасы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың, А.И.Бараев, В.А.Бальмонт атындағы сыйлықтардың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының, Ресей Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, «Парасат», Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Алматы облысының, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының құрметті азаматы атанды.
Өмірін ғылымға арнаған тұлға солтүстік-қазақ мериносының жаңа тұқымын шығаруға атсалысты. 500-ден астам ғылыми жұмыс, көптеген кітаптар жазып, ауыл шаруашылығы ғылымына сүбелі үлес қосты. 1991 жылы АҚШ-та басылған «Кто есть кто» кітабына енген 5 қазақстандықтың бірі болды.
Жастайынан еңбекке араласып, өзінің азаматтық болмысымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ғылымға деген құлшынысымен өзгелерге үлгі болып, өнегелі өмір сүрген аяулы азаматтың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қош, жан аға!
Қилыбай Үсенұлы Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымына ерекше үлесін қосқан азамат еді. Осыдан 30-40 жыл бұрын ол кісі отандық ғылымға жетекшілігін бастап, елімізде бірқатар ғылыми институттар мен мекемелердің ашылуына, талай ғылыми бағдарламалардың өмірге келіп, іске асуына айырықша ықпал етті. Кеңес Одағы кезінде Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымының өзіне тән академиясы болды. Соның Қазақстандағы бөлімін осы Қилыбай ағамыз үлкен шеберлікпен, ерекше дегдарлықпен басқарған еді. Сол кезеңдерде еліміздегі ауыл шаруашылығы ғылыми институттары жан-жақты дамып, ғылыми ізденістер биік дәрежеге көтерілген-ді. Сондай толайым еңбектерімен жақсы таныс болғандықтан ол кісіні Қазақстан экономикасына, қазақ мал шаруашылығы ғылымына ерен еңбегі сіңіп, өзіндік ізін қалдыра білген ғалым деп зор мақтанышпен айта аламыз. Ғылымда Қилыбай ағамыздың дәрежесі аса жоғары еді. Ғылыми ортада ол кісіге деген құрмет ерекше болды. Өзіне тән қайталанбас парасаттың иесі-тін. Баршамыз ғылымда да, қызметте де ол кісіге көрнекті ғалым ретінде де, сыйлы, құрметті азамат ретінде де ыстық ілтипатпен құрмет көрсетуші едік. Қилыбай Үсенұлының мемлекеттік қайраткерлігін де ерекше атап айтуымыз керек. Жоғарғы Кеңестегі қызметін де үлкен абыроймен атқара білді. ХХ ғасырдағы қазақ сахарасындағы ғылыми дәрежесі мен адами келбеті барша буынға үлгі боларлық алып тұлғалардың бірі де бірегейі ретінде тарих бетінде қалған азамат. Қазақ ғылыми әлеуетінің ортасын толықтырып, еліміздің мал шаруашылығы саласындағы ізденістер мен ілгері басулардың алғы шебінде жүріп, отандық ғалымдарды игі істерге жетелейтін батыл жүректі, білімді жан еді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, жан аға, ғалым аға! Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.Өз заманының тамаша презенті
Қазақтың көрнекті ғалымы, мал шаруашылығы ғылымының білгірі академик, Ресей Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қилыбай Медеубеков өмірден өтті. Қилыбай Үсенұлы Қазақстан ғылымына орасан зор еңбек сіңірген ғалым. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын басқарып тұрған жылдары елімізде көптеген жаңа қой тұқымдары шықты. Кеңес дәуірі тұсында бұл кісі еліміздің Шығыс аймақтық мал шаруашылығы ғылыми институттарымен қатар, Қырғыз мемлекеті секілді көршілес республикалардың ғылыми мекемелерін, сондай-ақ Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының қой шаруашылығы бөлімшесін басқарды. Ол уақыт қой шаруашылығының өркендеу заманы болған еді. Қилыбай Үсенұлы отандық мал шаруашылығы ғылымын терең зерттей жүріп, қазақстандық қой тұқымдарының асылдануына көп еңбек сіңірді. Мәселен, Австралия мемлекетінен биязы жүнді қойларды әкеліп, оны жергілікті қой тұқымымен будандастыру арқылы қазақтың биязы жүнді қойын қалыптастырды. Бұл кісі нағыз ғалымға тән кішіпейіл де ізденгіш азамат еді. Бүгінгі Қазақстандағы мал шаруашылығы ғылыми мекемелері мен институттарында осы кісінің тәрбиесін көрген білімді ғалымдар буыны елімізге қызмет етіп келеді. Мәселен, менің өзім қазір бір кездері Қилыбай Үсенұлы басқарып кеткен ғылыми институтқа басшылық етіп отырмын. Ағамыздың ғылыми тұлға ретінде бір ерекшелігі, еліміздегі ауылшаруашылық институттарының хал-жағдайы мен ғылыми ортаның атқарып жатқан еңбектерін, ғылыми ізденістерін үнемі назарда ұстап отыратын. Қилыбай ағаны Ресейдің үлкен ғалымдары күні бүгінге дейін іздеп, халықаралық ғылыми кеңестерде ол кісі туралы көп сұрайды. Міне, бұл да қазақтың ірі ғалымының дүниежүзілік ғылыми ортадағы абыройы мен салмағын білдірсе керек. Жаныңыз жәннатта болсын, ғалым аға... Әбдірахман ОМБАЕВ, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор.Отандық ғылымдағы айрықша адам
Қилыбай Медеубеков ақсақал үлкен жүректі, адами қасиеті мәртебелі, дүниежүзіне белгілі ғалым еді. Отандық мал шаруашылығы саласында қой мен ірі қараның көптеген жаңа тұқымын дүниеге келтіріп, ұлттық ғылымға ерен еңбегі сіңген қайталанбас тұлға, адами қасиеттің иесі, ғылым тарланы болатын. Ғылыми тұлғаның эталоны кім десе, барлық ғылыми тұлға – сол кісіні көрсеткен болар еді. Тіпті, азаматтық тұрғыдан да ол кісіден алар өнеге мен үлгі сансыз көп болды десек, қателеспес едік. Амал жоқ, ғылымға көп еңбегі сіңіп, ауылшаруашылық саласының қарыштап дамуына айрықша үлес қосқан алып адам арамыздан кетіп отыр. Қазаға қарсы тұра алмаймыз. Отандық ғылымда өзіндік қолтаңбасы қалған ағамыздың артында қалған отбасы мен ұрпағына қайғырып көңіл айтамыз. Рахым ОРАЗАЛИЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, академик. АЛМАТЫ.