Театр • 27 Наурыз, 2025

Аида Балаева театр қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

27 наурызда бүкіл әлемде барша театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Дүниежүзілік театр күнін атап өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аида Балаева театр қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Фото: Ашық дереккөз

Аида Балаеваның пікірінше, театр – адам жанының айнасы, ой мен сезімнің үйлесімі, өмірдің түрлі қырларын сахнада шебер жеткізетін ұлы өнер, сондай-ақ қоғамның мәдени дамуына ықпал ететін құрал.

Бүгінде елімізде 70 театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік театр. Атап айтсақ, 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Кейінгі төрт жылда елімізде бес жаңа мемлекеттік театр ашылған.

«Қазақстандық театрлар отандық көрерменді жаңа қойылымдармен қуантып қана қоймай, елімізді халықаралық аренада да танытып келеді. 2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылса, оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтті. Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 4 200-і шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым қойды, олардың 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде сахналанған.

Театр өнері – талант пен талғам, шынайылық пен адалдықтан туған текті өнер.

Осынау ерекше күні сахнада және сахна сыртында еңбек етіп жүрген барша жанды құттықтаймын! Олар – актерлер, режиссерлер, драматургтер, сценографтар, жарық және дыбыс қоюшы мамандар, костюмерлер, гримерлер, әкімшілер мен техникалық мамандар. Ең бастысы, бұл қастерлі өнерді жан-тәнімен жақсы көретін барша көрерменге алғысым шексіз.

Көрерменнің ыстық ықыласы мен қолдауы театрдың мәңгілік өмір сүруінің кепілі. Сол себепті театрға келуші әрбір жанға, өнерді бағалайтын әр көрерменге де ерекше алғыс айтамын.

Өнердің киелі ордасы – театр мәңгі жасай берсін!

Дүниежүзілік театр күні құтты болсын!», деп жазды Балаева.