Оқиға • 27 Наурыз, 2025

Алматыда ерекше балаларға арналған бейімдеу орталығы ашылды

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қамқорлық» атты алғашқы бейімдеу және даму орталығы дамуында ауытқушылығы бар бүлдіршіндердің кеселін ерте бастан емдеп,  оңалтуды көздейді.

Алматыда ерекше балаларға арналған бейімдеу орталығы ашылды

Осы орайда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2024 жылдың желтоқсанында күрделі жөндеуден өткен Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында құрылған орталыққа арнайы барып, жұмысымен танысты. Жаңа орталықта дамуында түрлі ауытқуы бар және шала туған балаларға кешенді қолдау көрсетіледі.

Алматы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры мұрындық болған бірегей жоба медициналық көмектен бөлек, әлеуметтік және білім беру қолдауын да қамтиды.

Мұнда балалардың үйлесімді өсуі мен бейімделуіне жағдай жасалған. Оларға абилитация (жаңа дағдыларды дамыту), когнитивті, моторлық және коммуникативті қабілетін дамытуға арналған оқыту жүргізіледі.

Орталықтағы 426 шаршы метр аумақта бірегей терапевтік кеңістіктер қарастырылған: шунгит және тұзды бөлмелер, сенсорлық қабылдауды жақсартуға арналған иммерсиялық ванна, сенсорлық бөлме бар. Балаларды оңалтуға арналған жеке бағдарламаларды көп салалы мамандар тобы әзірлейді. Олардың қатарына невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, ЕДШ дәрігері, логопед және дефектолог кіреді.

Орталық күніне 50 бала қабылдай алады, ал жылына 600 балаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көмек көрсетілмек.

Ерболат Досаев орталықтағы құрылыс жұмыстарының сапасын көріп, мердігерге көзге ұрған кемшіліктерді жоюды тапсырып, орындалуы қадағаланатынын ескертті.

Әкім сондай-ақ жаңартылған Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының емханасының жұмысымен танысты. 1966 жылы салынған 1300,6 шаршы метрлік екі қабатты ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік жүйелер жаңғыртылды. Медициналық қызметті жылдам көрсету үшін пациенттердің бағыты оңтайландырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік артты. Атап айтқанда, емхананың кеңістігі аймақтарға бөлініп, кабинеттердің орналасуы қайта қаралды, бұл баспалдақпен көтерілу немесе лифт пайдалану қажеттілігін азайтты.

Алматы әкімі ерекше назар аударған нысанның бірі – емхана базасында орналасқан Ұрық қорғау орталығы. Мұнда туа біткен даму кемістіктерін пренатальды диагностикалау және оларды түзетуге арналған жатырішілік операциялар жасалады. Бұл Алматы әкімінің тапсырмасымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 2024 жылдың 13 маусымында іске қосылған фетальды хирургияның ерекше жобасы. Жыл сайын бұл орталықта 8 мыңнан астам жүкті әйел ультрадыбыстық тексеруден өтеді.

Осы орайда қала басшысы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының әрі қарай дамуы жоспарланып отырғанын атады. Оның ішінде «Ақылды» операциялық бөлмелер құру, жылдық қабылдауды 17 500-ден 19 500 адамға дейін арттыру, жүрекке жасалатын хирургиялық оталарды қосқанда, операция түрлерін көбейтіп, акушерлік оталар санын жылына 3 500-ден 4 500-ге дейін арттыру қарастырылған.

Қазіргі таңда Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы – әйелдер мен балаларға толық циклді медициналық қызмет көрсететін ірі кластер. Оның әрі қарай жаңғыртылуы жатырішілік отасын кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ даму кемістіктерінен болатын мүгедектік пен нәресте өлімін 35%-ға төмендетуге ықпал етеді.

Айта кетейік, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары – «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді келешегі» аясындағы маңызды кезеңдердің бірі. Ғимараттың жалпы ауданы – 24,1 мың шаршы метрді алып жатыр.