
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 құрамына кіретін Екібастұз энергия торабы нысандарының жалпы белгіленген қуаты 5 мың МВт-қа жетеді, бұл Екібастұзды электр энергиясын өндіруде стратегиялық маңызды орталыққа айналдырады. Жалпы, Павлодар облысы республикадағы электр энергиясының 40%-дан астамын өндіреді.
ГРЭС-1-ді жаңғырту аясында өткен жылдың желтоқсан айында қуаты 540 МВт болатын №1 энергоблок қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген. 2026-2028 жылдары отынмен қамтамасыз ету жүйелерін реконструкциялау және жаңа түтін мұржасын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар процестерді автоматтандыру, шығарындыларды бақылау және қандай да бір оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша баяндама жасалған.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен энергетиканы дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте саланың негізгі бағыттары, оның ішінде жаңа қуат көздерін іске қосу, инфрақұрылымды жаңғырту, Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру, энергия тиімділігін арттыру және басқа да мәселелер қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Самұрық-Энерго» АҚ және «KEGOC» АҚ компаниялары басшылығы, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Қазақстанда 227 электр стансасы жұмыс істейді. Станса жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға жетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 4%-ға өсті. Жаңа қуат көздерін іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа генерациялайтын қондырғылар салу есебінен болжанып отыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өткен жылы 771 МВт жаңа қуат көзі, оның ішінде Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 блок қалпына келтірілгенін, Атырау ЖЭО-дағы №6 турбина, Жезқазған қаласындағы ЖЭО-да №8 қазандық ауыстырылғанын, сондай-ақ жалпы қуаты 163 МВт баламалы энергетика жобалары іске қосылғанын мәлімдеген.
«Генерациялайтын қондырғыларды жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және жаңарту бойынша жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын 14 инвестициялық келісім жасалды. Биыл 621 МВт, 2026 жылы – 2,6 ГВт іске қосу жоспарланған. Экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін өтеу үшін 2029 жылға дейін 68 жоба жүзеге асырылады. Жалпы, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 4,2 ГВт қолданыстағы стансаларды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
«Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін әрі бәсекеге қабілетті ел құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл табысты цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – оған тікелей тәуелді болатын жаңа әлемдегі тұрақты ілгерілеудің негізгі факторы. Бұл жерде Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда орасан зор мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар жоспарланған жобалардың уақтылы орындалмауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Бірқатар ірі жоба қазірдің өзінде электр қуатын қажет етіп отыр», деді Олжас Бектенов. Маңызды жобалар қатарында Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында заманауи көмір станцияларын іске қосу, Екібастұз қаласындағы заманауи ГРЭС-3 станциясының құрылысы атап өтілді.