
Бұл күні Күршім көпірінің тұсында балықшылар белгіленген жерге орналасып, қармақ салуға кіріскен. Қатысушылардың ішіндегі ең кішісі 16 жаста болса, үлкені сексеннің сеңгіріне таяған еді. Олар балыққа кіріскенде, жағалауға қаз-қатар тігілген киіз үйлердің тұсында қазан көтеріліп жатқан. Сахна төрінде еліміздің эстрада жұлдыздары ән салған, өнер сүйер ел тамсанған. Спортшылар қой көтеріп, мықтылықтарын сынаса, мергендер садақ атып сайысты.
– Арнайы осы фестиваль үшін Алматыдан келіп тұрмын. Немерелерімді ерте келдім. Бұған дейін Шығыстың жазын ғана көргенмін. Енді, міне, қысын да көріп жатырмын. Қысы да керемет екен. Концерт көріп, ит жеккен шанаға отырып, мәз болдық, – дейді фестиваль қонағы Гүлжан Ақылбекқызы.
Ит шана серуенінен бөлек әуе шарларымен ұшуға да мүмкіндік жасалған. Бұл уақытта балықшылар орындарынан тапжылмай қармағын қабуды тілеген. Олардың ішінде әйелдер де бар.
– Жетпістен астым. Өскеменнен жарысқа қатысу үшін келдім. Балық аулаумен зейнетке шыққаннан бастап айналысып келемін. Қазір сүйікті ісім. Адам қартайған шағында айналысатын жұмысы болмаса, ауырып-сырқай береді. Сол үшін ермегі болуы керек, – дейді Вера Дмитриевна.
Екі сағаттан соң қазылар алқасы ауланған балықтарды нөмірлеп, салмақтарын өлшеді. Бұл жарыстың бас жүлдесі де ерекше еді. Гран-при – екі адамға арналған Мальдив аралдарында балық аулау туры. Қалған үш орынға Алакөлде балық аулау бақыты бұйырған.
– Мұндай жарыс елімізде бірінші рет өткізіліп тұр. Фестивальға 450-ден астам адам қатысты. Оның ішінде бала да, әйелдер де бар. Ауланған балықтардың ішіндегі ең үлкені әрі салмақтысы 680 грамдық Бұқтырма табаны болды. Енді тек қысқы фестиваль ғана емес, жазда да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ШҚО спорттық балық аулау федерациясының президенті Александр Гуляев.
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы