Үкімет • 28 Наурыз, 2025

Спортты дамыту туралы заңды мақұлдады

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар дене шынықтыру және спорт, артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелеріне қатысты заңды қарады. Сондай-ақ отырыста депутаттық сауал жолданды.

Спортты дамыту туралы заңды мақұлдады

Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне дене шынық­тыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Аталған заң спорт­тың басым түрлерін айқындауға, оларды қар­жы­ландыруға бағытталған. Сондай-ақ құжат нормалары денешынықтыру және спорт саласын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді және ұлттық заңнаманы, оның құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

– Кейінгі жылдарда елімізде спорт саласын дамытуға баса мән беріліп келеді. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай­дың

IV оты­рысында спортты дамыту мәселесіне ерек­ше көңіл бөлді. Осы қаралған заң – спорт саласын басқаруды жетілдіру бағытында іске асырылып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Заңда спорт саласына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ережелер қамтылды, – деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, осылайша ұлттық спорт түрлері басым спорт түрлерінің қатарына қосылды. Спортшылар мен бапкерлерге мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін жетілдіруге арналған жекелеген түзетулер де енгізілген. Мақұлданған заң саламатты өмір салтын насихаттауға, азаматтарды, әсіресе балаларды спортқа баулуға және жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Аталған құжатта ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымының қызметін заң­ның жеке бабында регламенттеу көзделген. Өзгеріс­тер республикалық және өңірлік спорт федера­цияларының мәртебесіне де әсер етеді. Нақты айтқанда, олар ұлттық спорт федерациялары болып өзгертіледі.

Сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорттық білім беру ұйымдарының жаттықтырушы-оқытушыларына аптасына 18 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі енгізіледі. Ал ел азаматы болып саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.

Бұған қоса бірқатар салалық заңнамалық актілердің мақсаттарын, міндеттері мен қағидат­тарын айқындау бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сонымен қатар палата отырысында сенатор Андрей Лукин депутаттық сауал жолдады. Ол жерді пайдаланудағы мемлекеттік бақылау саласында анықталған елеулі заң бұзу деректері туралы айтты. Сенатордың пікірінше, бұл тәсіл кәсіпкерлерге қауіп төндіріп, билікке деген сенімге нұқсан келтіреді.

– Жүйелі қателіктер мен жекелеген лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі кәсіпкерлік ахуалға елеулі зиян келтіреді. Болашақта заң бұзу деректерінің қайталануын болдырмауға атсалысу керек және жүйелі шаралар қабылдануға тиіс. Жер ресурстарын мемлекеттік бақылау заң шеңберінде кәсіпкерлерге артық қысым жасамай жүзеге асуы қажет, – деді А.Лукин.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Bidai-Astyk» ЖШС-на басшылыққа хабарланбай тексеру жүргізіліп, ақыр соңында ол ұйғарым заңсыз деп танылған. Ал Шығыс Қазақстан облысында «Георгиевское» ЖШС-ның жер учаскелерін игеру қажеттігі туралы ұйғарымы талаптарды орындамай алынып тасталған.

– Қалыптасқан жағдайды түзету және бола­шақ­та осындай заң талабын бұзғандарды алдын алу үшін бірқатар шұғыл шара қабылдауды ұсына­мын. Атап айтқанда, тексерулердің заңды­лығын қамтамасыз ету, негізсіз тексерулер мен ұй­ғарымдар тәжірибесін тоқтату, сот шешімдерінің орындалуына бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ заң бұзушылыққа қатысы бар лауазымды тұлғаларды атқаратын лауазымынан босатуға дейін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау қажет. Ашық бақылау тетіктері енгізілсін, – деді сенатор. 

Соңғы жаңалықтар

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 09:50

Жаңақорғанда макарон шығады

Өндіріс • Бүгін, 09:35

Дегдар сөз иесі

Жансарай • Бүгін, 09:30