Digital • 29 Наурыз, 2025

Қазақ тілінің интернеттегі қадамы

101 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұр­мы­сы­мызбен тұтасып кеткен интернетте қазақ тілінің көсегесін көгерту – оны ғылым тіліне айнал­дыру салмағымен шамалас. Ана тіліміздің заманауи қолданысқа сай мәртебесін көтеруді көздесек, интернеттегі қазақ тілінің тегеурінін күшейту туралы айтудың өзі артық. Ал интернеттен ақпарат іздесек, алдымен, алдымызға «Wikipedia» сайтының дерегі ұсынылады. Уикипедия – әлем тілдерінің ғалам­тордағы төлқұжаты. Осы кеңістіктегі қазақ тілінің үлесін тек тіл мамандары ғана емес қарапайым қолданушылар да толтыруға қауқарлы.

Қазақ тілінің интернеттегі қадамы

Ерікті авторлардың ашық алаңы

14 жасынан бастап уикипедияда қазақ тілінде 2500-ден астам мақала жариялап, 5000-ға жуық материалды өңдеген Ербол Сариев бұл сайттың қазақша ақ­паратты топтастырып, тез табу­дағы үлесі орасан екенін айтады.

«Қазір бірнеше сағаттап кітапха­наларда ақпарат іздеу ұтым­ды шешім емес. Ақпарат­тың бар­шаға тез әрі қолайлы жол­мен ғаламтордан табылғаны маңыз­ды. Ал уикипедияға жазу деректі баршаға қолжетімді ететініне сенімдімін. Бұл сөзімді уикипедия сайтының әлемдегі ең көп қолданушысы бар сайттардың қатарында әрдайым алғашқы он­дыққа кіретіні де дәлелдейді», деген Назарбаев университетін­де Жоғары саясат мамандығы­ның студенті бүгінге дейін сан тақырыпта қалам тербеген.

«Уикипедияда мен үшін ең қызық бағыт – Кеңес одағын­дағы ғалымдар туралы жазу. Сондықтан осы тақырыпта кө­бірек іздендім. Жалпы, кейін­гі 10 жылда уикипедияға ен­гіз­ген 2500 мақаламның 700–800-і Кеңес одағындағы ғалымдарға арналған. Кеңестік кезеңдегі ға­лымдар туралы біршама толық ақпарат жазғаным үшін уикипедия авторларына беріле­тін «Алтын қалам» марапатын жеңіп алдым. Сонымен қатар 2015 жылы бір жыл ішінде көп үлес қосқаным үшін  «Белсенді жаңа қатысушы» марапатына ие болдым. Сондай-ақ мән-маңызы жоғары әрі сапаға тікелей әсер ететін өңдемелерім үшін «Шағын өңдемелері үшін» марапатын иелендім», деді Ербол Сариев.

Уикипедия – жалпыға ашық онлайн энциклопедия. Автор­ларға да айтарлықтай талап-тілек қойылмайды. Мұндағы бас­ты ұс­таным – тексерілген жан-жақ­ты ақпарат ұсынумен ұшта­са­ды. Кейіпкеріміз Ербол «плагиат» ұғымы жазуға кедергі емес еке­нініне де назарымызды аударды.

«Уикипедияда плагиат тү­сі­нігі жоқ, керісінше, дерек­көз­дерден алынған ақпаратты ба­рынша толық әрі дәл енгізу ма­ңызды. Мысалы, егер сіз энцикло­педиялық кітап тауып, оның ішіндегі мақала уикипедияда жоқ екенін байқасаңыз, оны сөзбе-сөз көшіріп, дереккөз ретінде кітапты көрсете аласыз. Егер сіз мақаланы өңдеп, өз сөзіңізбен жазсаңыз, қате ақпарат беру ықтимал­дылығы артуы мүмкін. Алайда сенім­сіз интернет дереккөздерінен ақпаратты көшіріп алу дұрыс емес. Бұл, әрине, автордың жұмы­сын жеңілдетеді, бірақ уики­педиядағы сенімсіз мақа­лалар санын көбейтеді. Менің­ше, уикипедиядағы мақалалар­дың басым бөлігі сенімді дерек­көздерге негізделген. Мақаланы іздеуші оның дереккөздерін тек­серу арқылы ақпараттың шына­йылығына көз жеткізе ала­ды. Әрине, мақалалар сол сала­дағы сарапшылар тарапынан тексерілмегендіктен, олардың толықтай дұрыс екеніне 100 пайыз ке­пілдік бере алмаймыз. Бірақ қа­тысушылар бірігіп, мақалаларды жетілдіре алады», дейді ол.

Тіліміздің түлеп, ғаламторда кең қанат жаюы үшін Ербол секілді еріктілер бұл қызметін бұлдамайды. Авторлар үшін бас­ты марапат –  интернетте қа­зақ тіліндегі ақпараттардың артуы. Кейіпкеріміздің миссиясы – тіліміздің атырабы ұлғайып, алуан түрлі тақырыптағы материалды аударма арқылы емес тікелей тұтыну үшін тер тегу.

 

Қазақша контент қайтсе көбейеді?

Осы сауалымызды Ербол Сариевтің өзіне қойдық. Оның айтуынша уикипедиядағы қазақ тіліндегі материалдарды көбейту – көптің қолында.

«Ең бастысы – мақаланы жазып, өңдейтін қатысушылар саны­ның артуы. Бұл уикипедияның негізгі мақсаты болуы керек. Мысалы, басқа тілдердегі уикипедияларда күн сайын жүз­деген адам бірге жұмыс істеп, маз­мұнның сапасын жақсартады. Олар жаңа мақалаларды тексе­ріп, қажет жерлерін өңдеп, барша­ға қолжетімді етеді. Сондықтан ол жақтағы мақалалардың саны да, сапасы да жоғары. Ал қазақ тілінде белсенді қатысушылар саны, өкінішке қарай, аз. Егер осы олқылықтарды реттей ал­сақ, уикипедияның сапасы артып, ондағы мақалалар саны әлде­қайда көбейер еді», дейді кейіпкеріміз.

Ал ғаламтордағы қазақша кон­тентті көбейтуге ынталылар қазақ уикипедиясының қол­да­нушыларына арналған ұйым қызметіне жүгіне алады. Бұл ұйым онлайн жұмыс істеген­мен, жы­лына 1-2 рет жүзбе-жүз кез­­десулер ұйымдастырып тұрады.

«Сонымен қатар түркі тілдес мемлекеттер арасында уикидерек конференциялары және жыл сайын халықаралық уикимания конференцияла­ры ұйым­дастырылады. Бұл кон­фе­ренцияларға да қатысушы­лар толық грант жеңіп ала алады. Қазақша уикипедияда мақа­лалардың сапасын тексеріп, ес­керту­лер жасайтын администраторлар бар. Егер көмек қажет болса, уикипедиядағы арнайы талқылау бетінде оларға хабарлама қалдыруға болады. Сонымен қатар мен сияқты бірнеше жыл бойы мақала жазып келе жатқан тәжірибелі авторлардан да кеңес сұрауға болады», деп Ербол білгенімен бөлісті.

Қазақша уикипедия 2002 жылы ашылса да, әлі күнге дейін ма­қала жазу мен енгізу бо­йын­ша нақты сабақтар немесе нұс­қаулық кітапшалар жоқ. Уикипе­дия авторы отандасы­мыз осы олқы­лықтың орнын толтырып, «Уики­педия әлемі: жаңадан бастау­шыларға арналған гайд» атты  нұс­қаулық жазып, еңбе­гін Ұлт­тық зияткерлік меншік институ­ты арқылы патенттеген. Ербол мұ­нымен шектелмей, ел мектеп­терінде уикипедияда мақала жазу бойынша шебер­лік дәрістерін өткізіп жүр. Осын­дай кішкентай қадамдар арқылы қазақ тілі интернет тіліне айналса игі.