
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Туған халқы мен даласының тағдырына, болашағына алаңдап, бар айтарын мәңгілік өлеңдер мен қарасөздері арқылы жеткізген тау тұлғаның есімі қазақ жүрегінен терең орын алды. Ұшан-теңіз ой мен терең білім сындарлы философияға ұштасып, ұлт руханиятының темірқазығына айналды. Былайша айтқанда, қазақ қоғамы Абайдың ойын, көзқарасын, қиялын шамшырақ етті. Осы үшін де қаншама қиындық көрген жұрт ешқашан ертеңінен үмітін үзбеді, сабырға тоқтады, салмақты сөзге жанын дауалады.
Жақында Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай институтын құру туралы игі бастама көтерді. Ел Президенті бұл институттың немістің Гете, Испанның Сервантес, қытайдың Конфуций институттары сияқты жұмыс істеуі керектігін айтты. «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр», деген еді Президент.
Біз бұл бастаманы хакімнің 180 жылдық мерейтойында атқарылатын ең үлкен жобаның бірі деп қабылдағанымыз жөн. Шындап келгенде, аталған бастама ұлт мәдениетін халықаралық деңгейде танытуда, насихаттауда айрықша ықпал етері анық.
Президенттің осы бастамасын енді қалай орындау туралы ойлану – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Себебі шетелдерде ашылатын Абай институты тек қазақ тілін үйретумен шектелмей, сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті бар халқымыздың рухани мұрасын шаршы әлемге таныстыратын, таныстырып қана қоймай, түсінуіне жол бастайтын ауқымды орталық болуға тиіс. Алда құрылатын институттардың жұмысы мен мақсаты, мәні, ұстанымы қандай болуы жөнінде арнайы мамандармен кеңесе отырып, Абай институттарының ұлт мәдениеті, әдебиеті мен тілі үшін маңыздылығын алдын ала ойланып, ақылдасып алған дұрыс.
Біздің ойымызша, Абай институтын шетелдерде ашу – қазақ мәдениеті мен тілін халықаралық деңгейде насихаттаудың, ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың негізі. Егер аталған институт қазақ тілін халықаралық деңгейде оқыту, тілімізді үйренгісі келетін шетелдік азаматтарға оқу курстарын ұйымдастыру, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелерін дайындап, оларды шетелдік білім беру мекемелеріне енгізу, қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың халықаралық стандарттарға сай жаңа оқулықтары мен онлайн курстарын әзірлеу сынды маңызды міндетті жүзеге асырса құба-құп болар еді. Ал Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақ мәдениетін таныту хақында да аталған орталықтың атқарар жұмысы айқын екені даусыз. Бұл негізде Абайдың шығармаларын шет тілдеріне аудару және оның философиялық көзқарастарын әлемдік деңгейде зерттеу, Абай шығармашылығы мен қазақ мәдениетіне арналған ғылыми конференциялар, көрмелер және әдеби кештер ұйымдастыру, ұлтымыздың төл өнерін, музыкасын, ұлттық қолөнерін таныту арқылы мәдени алмасуды дамыту істерін қолға алғанын қалар едік.
Бұның ішіне Абай шығармаларын үлкен қолданысқа ие тілдерде цифрландыру және оларды әлемдік электронды кітапханаларға енгізу, әдеби-мәдени подкастар мен вебинарлар өткізу, шетелдік университеттермен бірлескен жобалар ұйымдастырып, қазақ әдебиеті бойынша арнайы курстар енгізуді де аталған жобаның бір бөлігі ретінде қарастырылса, институттың маңызын арттырар еді. «Қазақтың қасиетін тану — Абайды танудан басталмақ» деген жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзінің салмағы ауыр екенін де сезінетін сәт туған сияқты. Жазбамызға тұздық ретінде еліміздегі Конфуций институты қалай жұмыс істеп жатқанын білу үшін аталған орталықтың өкілі Шалқар Қасекинді сөзге тарттық.
«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен ҚХР Сиань шет тілдер университеті ынтымақтастығы аясында 2007 жылы Конфуций институты құрылды. Бұл елімізде тұңғыш құрылған Конфуций институтының санатында. Осы орталық 17 жылдан бері Астана және оған көршілес облыстар мен қалалардағы қытай тіліне қызығушылардың назарын аударып, олардың қытай тілін үйренудегі арман-тілектерін орындап бере алды.
Еуразия ұлттық университеті жанындағы Конфуций институты студент, оқушы және қоғамның әр саласынан келген қытай тілін үйренушілерге аса жауапкершілікпен қытай тілін үйретіп, оларға сапалы қызмет көрсетті. Институт курсанттардың қытай тілі мен мәдениетіне түсінігін арттырып, екі ел арасындағы оқу-ағарту және мәдениет алмасу сынды достық қарым-қатынасының көпірі болудай міндетін атқарды. Еуразия ұлттық университеті Конфуций институты құрылған күннен бастап, институттың оқыту жұмыстарына көмектесіп, қажетті талаптарын орындап, барлық жұмысын қолдап, қуаттады. Көлемі 502 шаршы метрді құрайтын жұмыс орны және кеңсе заттарымен қамтамасыз етті. Онда Қытай тарапынан 4 және Қазақстан тарапынан 2 қызметкер жұмыс істейді.
Институт жыл сайын еліміздегі қытай тілін үйренушілердің деңгейін сынаудағы HSK емтиханын жүргізетін бірден-бір тест орталығы болып қалыптасты. Жыл сайын студенттер мен оқушылары арасында өтетін әлемдік «Тіл көпір» қытай тілі байқауында институтымыздың білім алушылары оза шауып, көптеген жүлделерге ие болды. Мысалы, биыл бір курсантымыз бастауыш сыныптар арасындағы республикалық «Тіл көпір» қытай тілі байқауынан бас жүлдені қанжығаласа, орта мектептер арасындағы республикалық байқауда бір курсантымыз бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен бірге студенттер арасындағы республикалық байқауда Еуразия ұлттық университетінің бір студенті бас жүлдеге ие болды. Үш жүлдегеріміздің бәрі де қытайда өтетін дүниежүзілік «Тіл көпірі» қытай тілі байқауына жолдама алды. Біздің орталық 17 жылдан бері 14 000-нан астам курсантты оқытып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді», деді ол.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген ұстаныммен өмір сүйген хакім Абай атамыздың артына қалдырған мол мұрасы тек қазақ ғана емес, адамзат өркениетінің бір бұлағы саналады. Сондықтан Абай институтының қызметі тек қазақ тілді аудиторияға емес, бүкіл әлемге бағытталуға тиіс. Мемлекет басшысы көтерген маңызды бастама – ендігі жерде ұлт мәдениеті мен тілінің халықаралық деңгейде насихатталуына жаңа мүмкіндіктер ашатынына сеніміміз кәміл. Сонымен бірге Абай институтын шетелдерде ашу – Қазақстанның мәдени дипломатиясын дамытудың маңызды бөлігі саналмақ.