Есірткі • 02 Сәуір, 2025

Есірткі айналымына тосқауыл күшейді

45 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі елдің есін шығарып бітті. Өкініштісі сол, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Тек осы жылдың екі айының өзінде ішкі істер органдары 1,5 мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның 600-ден астамы – қылмыстық құқық бұзушылықтар. Оған қоса жыл басынан бері ішкі істер органдары 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген, оның ішінде 120 кило есірткінің синтетикалық түрі, 140 килодан аса гашиш, 600 грамм кокаин бар. Қысқасы, дәл қазіргі ахуал бұл бағытта күрес жүргізу үшін жүйелі шаралар қажеттігін ашық көрсетіп отыр.

Есірткі айналымына тосқауыл күшейді

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жалпы, мемлекет есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл жөнін­дегі шараларды, яғни заңнамалық бастамаларды қолға алып-ақ жатыр. Айталық, өткен жылғы 27 желтоқсанда Президент есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға қатыс­ты бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Қабылданған түзетулер қыл­мыс­тық жауапкершілік жүйе­сін жақ­сартуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай жазаларды саралауға бағытталған. Осы ретте ІІМ Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл коми­теті төрағасының орынба­сары Қуан­дық Әлжановтан есірт­кі қыл­мысына қарсы іс-қимыл ­шаралары, сондай-ақ осы сала­дағы заңна­малық бастамалар ­туралы сұрап-білдік.

Оның айтуынша, қабылданған заңға сәйкес, Қылмыстық кодекстің қол­даныстағы 297-бабы есірткі сату­шыларға, оның ішінде құқық бұзушылық алғаш рет жасал­ған жағдайда «есірткіні жасырып қойып кетушілер» үшін қыл­мыстық жауапкершілік сақталады және бұл норма есірткі заттарын жасамай, өңдемей және өндірмей өткізуге қатысты.

– Қарапайым тілмен түсін­дір­сек, бұл жерде есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен тарату­шы­­лардың жауапкершілігі ажыратылады. Олар бұрын бір бап бойынша жазаға тартылып келген және олардың жауапкершілігі де бірдей еді. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біздің ми­нистрлік мемлекеттік органдармен, сондай-ақ депутаттық кор­пуспен бірлесіп, есірткі да­йындау, өңдеу және өндірумен айналысатын адамдардың жауап­кер­ші­лігі қатаң­датылатын және бай­­ланыссыз тәсілмен есірткі та­ра­­татын адам­дар үшін, яғни «есір­­т­кіні жасы­рып қойып кету­ші­­лер» үшін жауап­кершілік жеңілдетілетін түзетулер әзірледі, – деді Қ.Әлжанов.

Оның айтуынша, 1-бөлім бойын­­ша енді 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарас­тырылған, бұл бұ­рын 5 жылдан 10 жылға дейінгі жаза қарастырған ең жоғары мер­зімнен едәуір төмен. Сонымен қа­тар 2-бөлім бойынша 6 жылдан 10 жыл­­ға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, бұрын бұл норма 6 жыл­дан 12 жылға дейін болған. 3-бөлім бойын­ша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру қарастырылған, бұ­рын 10 жылдан 15 жылға дейін болған екен.

– Бұл жерде қылмыскерлердің жасы, өзге де мән-жайлары еске­ріледі. Әсіресе\ олар жас болса, бұл заңды бірінші рет бұзған қыл­мыскерлерге адамгершілікпен қа­рауға мүмкіндік беріледі. Есірткіні жасырып қойып кетушілер, яғни есірткі таратушылар үшін жаза мерзімін қысқарта отырып, заңда соттардың шартты түр­де мерзімінен бұрын босатуды одан әрі қолдану, сондай-ақ жа­заның өтелмеген бөлігін неғұр­лым жұмсақ түрмен ауысты­ру мүмкіндігі көзделеді. Бұл тәсіл қазір бас бостандығынан айы­ру орындарында жүрген жас сотталғандарға ертерек бостан­дыққа шығуға және жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қ.Әлжанов.

Сондай-ақ министрлік өкілі осы санат­тағы қылмыстар үшін жазалау мер­зімдерін қысқарту жазаның про­пор­цио­налдылы­ғын теңестіруге, бас бостандығынан айы­ру орындарынан босатылған­нан кейін сотталғандардың әлеу­меттік бейімделуін барынша жеделдетуге және олардың криминалитетпен бірігуін болдырмауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Елімізде Қылмыстық кодекс­ке есірткі құралдарымен байланысты қылмыс жасағандар үшін жазаны қатаңдатудың жаңа шаралары енгізіліп жатыр. Мәсе­лен, жаңа 297-бап енгізіледі. Онда ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында есірткі қылмысын жасаған адамдарға, білім беру ұйымдарында есірткіні сатқан кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны қатаңдату көз­делген. Сонымен қатар өз қыз­мет­тік жағдайын пайдалана оты­рып, есірткі қылмысын жаса­ған лауазымды тұлғалардың жауап­кершілігі күшейтілмек. Енді қылмыстың осы түрлері үшін 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.

Қуандық Жаныбекұлының айтуын­ша, заңда прекурсорлар мен күшті әсері бар заттардың заң­сыз айналымына қарсы іс-қи­мыл­дың тиімділігін арттыру бойын­ша өзге де шаралар қабыл­данған. Осы мақсатта есірткі, прекур­сорлар мен күшті әсері бар заттар­ды өнді­ру үшін пайдаланылатын пре­­кур­сорлар мен күшті әсері бар зат­тар­дың, құралдар мен жаб­дық­­тар­дың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

– Прекурсорлар – бұл металлургия, фармацевтика, химия, мұнай-газ және басқа салаларда қолданылатын қос мақсатты заттар. Бұрын прекурсорлар контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік болған. Енді заңмен ел аумағындағы прекурсорлардың заң­сыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік толығымен енгізі­леді, – деді Қ.Әлжанов.

Комитет төрағасының орынбасары бұл өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсері бар заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу және есірткі өндіру үшін қолдану мақсатында олардың айналымын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты.

Заңдық тұрғыдан бақылаудың әлсіз­дігі салдарынан есірткі айналымы азаяр емес. Осы жылдың екі айында ішкі істер органдары 1,5 мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның 600-ден астамы – қылмыстық құқық бұзушылықтар.

– Өткен жылмен салыстырғанда аздаған өсім бар. Бұл біздің жұ­мы­сы­мыздың жанданғанын дәлел­дейді. Есірткі қылмысы – қыл­мыстың жасырын түрі. Сондық­тан екі айдағы статис­тика есірт­кі қылмыстарының өске­нін көрсе­теді. Осылайша, заң­сыз айналым­нан есірткі заттары көбірек алын­ды және олар түп­кі­лікті тұтынушы­ның қолына жетпеді, – деді ол.

Қ.Әлжановтың мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің ішкі істер органдары 2 тоннаға жуық есірткі затын тәркілеген, оның ішінде 120 кило есірткінің синтетикалық түрі, 140 килодан аса гашиш, 600 грамм кокаин бар. Сонымен қатар ол ішкі істер органдары өз жұмысында Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және кеден қызметтерімен өзара бірлесе әрекет ететінін, есірткі контрабандасының жолын кесу бағытында тиісті шаралар қабыл­данып жатқанын жеткізді.