Аймақтар • 02 Сәуір, 2025

Челябі – Новосібір тас жолын су басты

2023 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл маңындағы «Челябі – Новосібір» халықаралық автожолының бір бөлігін су басты. Тасқын салдарынан кеше сағат 22:00-де аталған жол учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Челябі – Новосібір тас жолын су басты

Фото: Видеодан алынған кадр

Жол қозғалысын реттеу үшін жеңіл автокөліктер қаланың ішкі жолдары арқылы айналып өте алады. Ал жүк көліктеріне «Петерфельд – Архангелка – Новокаменка» бағытымен жүруге рұқсат берілген.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстанда су тасқыны күшейді.  Аймақта Есіл өзені мен шағын өзендердегі су деңгейі көтеріліп жатыр.

«Қазгидромет» мәліметінше, Тоқсан би ауылында Есіл өзені бір тәулікте 171 см-ге көтерілген (қауіпті деңгейге жету үшін тағы 1000 см керек). Ал Крещенка ауылында су деңгейі 56 см-ге, Сергеевка маңында 45 см-ге көтерілді. Сондай-ақ Петропавл су қоймасында су деңгейі бір тәулікте 10 см-ге артты.

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы мамандар тәулік бойы кезекшілік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай бақылауда, бірақ су деңгейі әлі де өсіп келеді.