
Сурет: kaz.zakon.kz
Көлік министрі Марат Қарабаев Қостанай облысында «Орталық – Батыс» автожолының жобалау жұмыстарының барысын тексерді. Бүгінде жобалық құжаттама әзірленіп, құрылысты бастауға дайындық жүргізіліп жатыр. Жаңа бағыт Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарының шалғай аудандарын Астана және Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен байланыстырады. Бұл автожол бірнеше маңызды мәселелерді шешеді. Қазіргі «Астана – Атбасар – Есіл – Қостанай – Қарабұтақ – Ырғыз» бағыты 1 438 шақырымды құрайды. Ал жаңа жол іске қосылған соң қашықтық 865 шақырымға дейін қысқарады.
Өңірлердің экономикалық дамуына серпін беріп, жол бойындағы елді мекендермен тауар тасымалы артады, бизнес пен туризм салалары дамиды. Сондай-ақ Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандары, Ақмола облысының Егіндікөл және Жарқайың аудандары, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Астанаға жақындай түседі. Бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар автожол еліміздің орталық аймақтарынан Транскаспий халықаралық көлік бағытына тікелей шығуды қамтамасыз етіп, еліміздің логистикалық әлеуетін арттырады. Жол екі жолақты, ені 8 метр болады. Тәулігіне 3 мыңға жуық көлік жүріп өтеді деп жоспарланып отыр. Көлік желісі 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды.
Автожолдан бөлек, Арқалық қаласында маңызды инфрақұрылымдық нысан – әуежай қалпына келтіріледі. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстарына дайындық басталды. Жобаның негізгі параметрлерінде жалпы ауданы 3 200 шаршы метр болатын екі қабатты жаңа терминал салынады. Ол сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсете алады. Ұзындығы 2 500 метрлік ұшу-қону жолағы, такси жолы мен перрон жаңғыртылады. Аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтар жаңартылып, заманауи стандарттарға сәйкестендіріледі. Қостанай, Астана және Алматыға қолжетімді бағамен субсидияланатын рейстер іске қосылады. Бұл жоба Арқалық қаласын өңірлік көлік хабы ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Әуежайдың қайта іске қосылуы аймақ тұрғындарының сапалы әуе қатынасына қол жеткізуіне ықпал етеді.
«Орталық – Батыс» автожолы мен Арқалық әуежайын қайта жаңғырту – Мемлекет басшысының көлік-транзиттік әлеуетті күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Бұл жобалар еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта осы бастамалардың ойдағыдай іске асуы Қазақстанның ішкі және халықаралық көлік байланыстарын одан әрі нығайтуға негіз болады.