
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Алдағы жылдары облыста арнайы техниканың жүргізушілері, дәнекерлеушілер, құрылыс мамандықтарының жұмысшылары мен техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс артады деген болжам бар.
– Олардың 75%-дан астамы, яғни шамамен 48,4 мың адам кәсіптік-техникалық білім алған мамандар. Алдағы үш жылда жұмыс күшіне сұраныс жыл сайын 10-11%-ға өседі деп күтіліп отыр, – дейді өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.
Қазір облыста жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында 4 156 жұмыс орны құрылған. Тұрақты жұмыс орындары білім беру (10,7%), ауыл шаруашылығы (9%), денсаулық сақтау (8%), өнеркәсіп (7%) салаларында көп. Жалпы жергілікті жұмыспен қамту орындары биыл 26,7 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 18,3 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, 8,4 мың адам уақытша жұмыс орындарына орналасады.
– Ең көп сұраныс өнеркәсіп, көлік және қоймалау, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау салаларына болады. Бір ғана өнеркәсіп саласы алдағы бес жылда 11 мыңнан астам техникалық маманды қажет етеді. Сондықтан алдағы уақытта білім беру ұйымдарына тапсырысты ұлғайту, мамандарды қайта даярлау, жұмыссыз азаматтарды оқыту тәсілдері жүйелене береді. Бұл өңірдің ұзақмерзімді экономикалық дамуына барынша ықпал ететін маңызды фактор. Аталған іс-шаралардың жүзеге асуы аймақ халқының табысын арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті жандандыруға, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға оң әсерін тигізеді, – дейді А.Дисюпова.
Жұмыссыз азаматтарды оқыту – кадр қажеттілігін жабудың маңызды қадамдарының бірі. Биыл қысқамерзімді кәсіби оқыту курстарымен 425 адамды қамту жоспарланса, олардың 360-ы білім беру ұйымдарында, ал 65-і жұмыс орнында жұмыс берушілермен оқытылмақ. Бүгінде жұмыс берушілерден өтініш қабылданып жатыр. Skills Enbek платформасында онлайн оқыту арқылы 2 000 жұмыссыз азаматты қамту ойда бар. Оқу аяқталғаннан кейін олар сәйкес сертификаттар алады. Жалпы аталған платформада 858 курс қолжетімді, оның ішінде 311-і тегін. Еңбек министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл VR, AR технологияларын қолданатын жаңа курстар да қолжетімді болады. Виртуалды шындық (VR), толықтырылған шындық (AR) білім беру ортасын айтарлықтай жақсартуға көмектеседі.
– Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тағы бір бағыты – әлеуметтік осал топтарға қатысты азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік гранттар беру. Жыл соңына дейін осындай 406 грант беру жоспарда бар. Екіншіден, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері де жалғасады. Мансап орталықтары жыл басынан 25 жұмыс жәрмеңкесін өткізіп, оған 975 адам қатысқан. Нәтижесінде, жұмыс іздеген азаматтардың 142-сі жұмысқа орналасты, – дейді басқарма басшысы.
Павлодар облысы