
Біздің елімізде тіл үйренуде еркіндік пен теңдік құқығы сақталған. Қанша тіл білуге талап қылса да, еш шектеу қойылмайды. Соған қарай жыл өткен сайын ғылым мен технологияның «тілі» саналатын ағылшын тілін меңгеруге ұмтылғандардың қатары артып келеді. Әсіресе, жастар арасында жеті немесе тоғыз тілде сөйлей білетін палиглоттар көп. Бұл ретте бір нәрсені баса айта кету керек, азаматтардың көп тіл білуге деген қызығушылығынан мемлекеттік тілдің мәртебесі төмендетпейді. Себебі, тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кең. Мемлекеттік тіл – мемлекеттілігімізді айқындайтын негізгі факторлардың бірі.
Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейту үшін заманауи технологияларға арналған қосымшаларды көбірек енгізу керек. Мобильдік және банкингтік қосымшалардың мемлекеттік тілдегі нұсқалары қазақ тілін меңгеруге деген сұранысты арттырады.
Бүгінде қазақ тілінде жұмыс істейтін түрлі мобильдік қосымшалар, ойындар, білім беру платформалары көбейді. Сонымен бірге банкингтік қосымшалар да қолданыста. Бұл азаматтардың мемлекеттік тілде қаржылық операцияларды орындауына мүмкіндік береді.
Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады десек, статистикалық деректер бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың саны артқан. Бұл көрсеткішті арттыру үшін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру қажет.
Мемлекеттік тілді үйренуге деген сұраныстың артқанын әр қала, аудандардағы «Тілдерді оқыту» орталықтарына келушілердің қатары көбейгеніне қарап саралауға болады. Орталықта қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын тілін оқытудың курстық бағдарламалары бар.
Қазақ тілін үйренуге арналған курстар мен бағдарламалар шеңберінде бастауыш, орта, және жоғары деңгейдегі тіл курстарын ұйымдастыру жолға қойылған.
Бұрын ауыл жастарына техникалық мамандықтарды оқытатын оқу орнында білім алу қиынға соғатын. Өйткені сабақ қазақ тілінде өткенімен, терминдердің бәрі ресми тілде. Жаттап алмаса, есте сақтау жеңіл емес. Одан кейін жұмысқа орналасып, өндіріске келгенде тағы біршама кедергілерге тап болып жататын. Қазір бәрі өзгерді. Өйткені терминдер мемлекеттік тілде «сөйлей» бастады.
Жалпы қазақ тілі басқа елде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайтыны түсінікті. Сондықтан, елімізде ана тіліміздің мерейі үстем болуы тиіс. Елдің де, тілдің де Отаны – Қазақстан. Ал тілдің негізгі қызметі – халықты біріктіру. Мемлекетіміздегі бірлік пен берекенің кепілі болу.
Мемлекеттік тіл – ұлттың қуаты. Тілді дамыту, насихаттау және оны күнделікті өмірде қолдану – әр азаматтың міндеті. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру мен оның қолдану аясын кеңейту үшін бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Тіл арқылы біз ұлттық бірлігімізді, мәдениетімізді сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Айгүлім Жайлыбек,
«Тілдерді оқыту орталығы»
Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің оқытушысы.
Жамбыл облысы.