
Таяуда кәсіпорынның бәсекелестік ортаға берілетіндігі туралы ақпарат шыққан. Суыт хабар табиғат жанашырларын ойландырып-ақ тастады. Оған себеп те бар. Бәсекелестік ортаға берілген өзге бағыттағы бірнеше кәсіпорын өз жұмысын алып кете алмағандығы белгілі еді. Сол себепті солтүстік өңірдегі жалғыз тұқымбақтың ендігі тағдыры не болмақ деген сойылдай сұрақ пайда болды. Осы сауалды індетіп, мәселенің мән-жайына көз жеткізбек болып тұқымбаққа барып, бүгінгі тыныс-тіршілігін ақыл таразысына салып, ертеңін бажайлап қайттық.
Әуелі бар жай оқырманға толайым түсінікті болуы үшін тұқымбақтың тарихы туралы бірер ауыз сөз айта кетелік. Сонау 1969 жылы Көкшетау қаласындағы балық зауытының еншілес кәсіпорны ретінде зерлі Зерендінің аса бір көркем өңірі санатындағы үзіліп түскен күміс моншақтай толық жатқан Зеренді көлінің жағасына салынған. Аумағы – 352 гектар. Көне деректерді тірілтсек, тұқымбақтың алғашқы жылдары ақсақа тұқымдас балықтардың 80 миллионға, тұқы тұқымдас балықтарының 20 миллионға жуық баланқұртын шығаруға қауметі қаптал жеткен. Жұлдызы жанған жылдары бар шаруасы оңынан оңғарылып, алдына қойған жоспарды еселей орындаған. Бүгінде тоз-тозы шығуға таяу тұрған тұқымбақтың көрікті Көкшетау омырауына әдемі моншақ тәрізді қаптата қадаған жүздеген күміс көлдерін бағалы баланқұртпен қамтамасыз етіп, дәуірлеген тұсы 1979–1992 жылдарға сәйкес келеді. Кейін, яғни 1994–2002 жылдары тұқымбақтың басына қара бұлт үйірілген. Баланқұрт өндіру көлемі азайып, аса қажетті, қымбат құрылғылар талан-таражға түскен. Тығырыққа тірелген кезде, 2002 жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құзырына берілген. 2014 жылдан бастап облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының иелігінде.
Кәсіпорын басшысы Валерий Пономаренконың айтуына қарағанда, кәсіпорынның мәселесі шашетектен. Сыналай санап айтып көрелік. Тұқымбақ орналасқан Зеренді көлі ұлттық парктің аумағында. Ұлттық парктің мәртебесіне байланысты көлден балық аулауға болмайды. Мұның өзіндік қиындығы бар екен. Ауланбағаннан кейін шабақ тектес бағасыз балық рабайсыз өсіп кеткен. Көл табиғи парктің аумағына енбей тұрған кезде 16 балық аулау бригадасы жұмыс істепті. Шынтуайтында, бұл жай жалғыз Зеренді көліне ғана қатысты емес, Бурабай баурайындағы «Бурабай» ұлттық табиғи паркіне жататын су айдындарында да дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Мәселе қалай шешілмек? Әрине, жергілікті жер қауқарлы емес, демек ұлттық парктердің жарғысын өзгерту Үкіметтің құзырында.
Алға басқан қадамды кері кетіріп отырған бір жай – аналық балықтарды бағатын су айдындарының болмауы. Зеренді көлі кәсіпорынның іргесінде, таяқтастам жерде, дегенмен негізгі міндеті табиғи байлықты көзінің қарашығындай сақтау болғандықтан, рұқсат етілмейді. Ақсақа және тұқы балықтарының баланқұрттарын өсіруге арнайы су айдындары қажет. Қазір кәсіпорын су айдындарын жалға алған табиғат пайдаланушылармен бірігіп жұмыс істеп отыр. Өсірілген жас балықтарды теңдей етіп бөліп алады. Кәсіпорын директорының айтуына қарағанда, бұл – тиімсіз келісім. Өңірде су айдындары көп болғанымен, барлығында бірдей балық өсіру мүмкін емес. Себеп, көлдердің көбі далалық көл санатына жатады.
Түсінікті болуы үшін сәл таратып айтуға тура келер. Далалық көлдер мүлдем тайыз. Көкшенің қысы қытымыр болған жылдары табанына дейін қатып қалуы әбден мүмкін. Табиғат пайдаланушылар мұндай көлдерді алғанымен, балық өрістете алмас еді. 1959 жылы жарияланған «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми еңбекте бұрынғы Көкшетау облысының аумағында үлкенді-кішілі 1515 көл болғандығы жазылған. Кейін әкімшілік-аумақтық өзгерістен соң қосылған Қорғалжын өңіріндегі ондаған күміс көлдерді қоса есептесеңіз, су айдынының саны көбейе түсер еді. Бір әттеген-айы, бұрынғы шалқып-толқып жатқан күміс көлдердің көбі экологиялық жағдайдың күрделенуі себепті жер бетінен жоғалып кетті. Көл табанындағы бұлақ біткен бітелген соң жағалауын қамыс басып, қорысқа айналды. Екінші топтағы таулы-қыратты аумақтағы көлдер терең әрі суы мол. Бұған Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау тәрізді көлдер жатады. Міне, осы көлдерде балық санын мейлінше көбейтіп, елдің игілігіне айналдыруға әбден болар еді. Ол үшін солтүстік өңірдегі жалғыз ғана жұмыс істеп тұрған Зеренді балық шаруашылығы кәсіпорнын сақтап қалу керек. Содан соң мемлекет қамқорлығына алып, көмек қолын созса.
– Кәсіпорынға арнайы құрылғылар қажет, – дейді кәсіпорын директоры Валерий Пономаренко. – «Сибирь» және «Вейс» аппараттары орнатылса, баланқұрттарды жасанды түрде өсіруге мүмкіндік туар еді. Кішкентай балықтарды өсіруге платикадан жасалған ваннаның да қажеттілігі туындап отыр. Біздің тәлімбақта балықтың екі түрі өсіріледі. Біреуі салқынды жақсы көрсе, екіншісі жылуды ұнатады. Сондықтан, температураны қадағалау үшін жылытылатын, салқындатылатын жабықжайдың қажет екендігі белгілі. Мұндай мүмкіндік жасалса, балық тұқымы да молая түсер еді.
Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, өңірдегі 250-ден астам көлді жалға алған табиғат пайдаланушылар кәсіпорынмен келісімшарт жасасып, баланқұрттарды сатып алады екен. Кейбір кәсіпкерлер Ресейден де тасымалдап жүр. Бағасы деңгейлес болғанымен, тасымалдау, кеден шығынын қоссаңыз, өзге мемлекеттен тасу шырғалаң. Демек өзіміздегіні іске жаратсақ, әлдеқайда ұтымды болмақ.
– Әрине, бізге ақсақа мен тұқы тұқымдас балықтар өте қажет, – дейді табиғат пайдаланушы кәсіпкер Ерлан Мұқанов. – Негізі, тауарлы балық шаруашылығын мейлінше дамытқан дөн. Әрине, ақсақа тұқымдас балық қымбат. Өзіміздің жалға алған көлдерде тауарлы балықты көбейтсек, нарықтағы құны да арзандай түсер еді.
Кәсіпорындағы баланқұрттарға ғана емес, сол баланқұрттарды бағып отырған адамдарға да қамқорлық қажет. Шынтуайтында, бұл жерде өз ісіне адал, осы шаруаға бар жан-тәнімен берілген адамдар ғана жұмыс істейді. Әйтпесе, еңбекақысы тым төмен. Қазіргі күні небәрі 97 000 теңге төңірегінде. Тәлімбақтағы жұмыс тәулік бойы бір толастамайды. Іші салқын. Солай бола тұра ілкідегі ұжымның негізі сақталған. Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, әзірге еңбекақыны өсіруге мүмкіндік болмай тұр. Шығын көп. Мәселен, кәсіпорынға жұмсалатын электр қуатының төлемақысын өтеуге жылына 5 миллион теңге ғана қаражат бөлінеді. Керегі – 20 миллион, жанар-жағар май да жетімсіз. Бұл мақсатқа бөлінген үш жарым миллион теңге жұмырға жұқ болмайды. Бар шаруаны толайым атқару үшін шамамен 18 миллион теңге қажет. Балық азығын алу да қиямет-қайым. Азығы болмағандықтан, жас балықтардың өсіп жетілуі ойдағыдай емес. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл мақсатқа 15 миллион теңге қажет.
– Мұндай мәселенің туындап отырғаны рас, – дейді облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев, – алдағы уақытта мүмкіндігінше көмек көрсетілетін болады. Бәсекелестік ортаға беру туралы ұйғарым тоқтады.
Заман талабына сай қарқынды технологиямен жұмыс істесе, тәлімбақтың жұмысы көп-көрім жақсарып қалар еді. Төңіректегі су айдындарында жас балықты жетілдіріп, бақылау мен басқаруды автоматтандырған кезде шығын да азая түспек. Міне, осы кезде алыс-жақын шетелдерден тасымалданатын балық тұқымымен белсенді бәсекеге түсуге болады. Көкшенің күміс көлдері балыққа мелтектеп тұрса, бұл тараптағы туризмнің де алпыс екі тамырына қан жүгіртуге болады. Әрі бұл істі жыл бойы қолға алуға мол мүмкіндік бар. Жұмыс ауқымы кеңейген соң жаңа жұмыс орындарының ашылатыны да сөзсіз. Кәсіпорын басшыларының айтуларына қарағанда, балық өнімдерін өңдеу жолға қойылса, табыс көзі мол болмақ. Бұл жерде балықты консервілеуге де әрі өнім түрін молайтуға да мүмкіндік бар. «Визит» орталығы ашылса, онда төл табиғатымыздың тылсым сыры қызықтыратын келушілерге ақпарат беруге болар еді. Су әлеміне қызғылықты экскурсиялар ұйымдастырылып, шеберлік сыныптарын өткізсе, жас толқынның бойындағы таным көкжиегін кеңейтіп, төл табиғатымыздың тамаша болмысы сүйектеріне сіңер еді. Ол үшін әрине, ғылыми жұмысты қолға алу керек. Бұл бағыттағы шаруа бұйығып жатқан кәсіпорынның бағын жандыратын қадам.
Бәсекелестік ортаны не қызықтыруы мүмкін? Жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп, тозған тәлімбақ па, жоқ әлде Зеренді көлінің жағасындағы пейіш пішіндес жер ме? Көңілге келген бір сауал осы.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы