Күні кеше Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен «100 жыл және одан да көп тарихы бар білім беру ұйымдары» тақырыбында министр Ғани Бейсембаев мектептер мен колледж басшылары және ұжымдарымен кездесті. Аталған айтулы іс-шараға Алаштың тұңғыш білім ордасы – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің ұжымы мен студенттері де қатысты.
– Ел тарихындағы 100 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан білім беру мекемелерінің өткен тарихын зерделеп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу – бұрын-соңды министрлік тарапынан болмаған бастама. Министрліктің бұл маңызды бастамасына ұжым атынан алғыс білдіреміз. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі – еліміздегі кәсіби маман даярлайтын тұңғыш оқу орны. Білім ошағының құрылуы және қалыптасуы еліміздің тарихындағы шиеленіскен, күресті кезеңімен тығыз байланысты, – деді Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, Шағангүл Жанаева.
Расында, бұл оқу орнының тарихы тереңде. 1903 жылы ашылған Семей мұғалімдер семинариясы Батыс Сібір оқу округіндегі халық мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз етті. Семинария 1920 жылы Халыққа білім беру институты, 1922 жылы педагогикалық техникум, 1937 жылы педагогикалық училище, 1992 жылы педагогикалық колледжі сынды құрылымдық кезеңдерді басынан өткерді. Алаш қайраткерлерінің, ұлттық білім мен ғылымның іргетасын қалаған оқу орнында әр жылдары білім алғандығы, оқытушылық қызмет атқарғандығы жалғыз оқу орнының ғана емес, тұтас еліміздің игілігі болады десек, артық айтқандық емес.
– Бұл оқу орны – Ел тәуелсіздігі тарихында күрескерлік рухымен, тұлғалы түлектерімен айрықша дараланатын білім ордасы. Мұнда Алаш қайраткерлері, семинария түлегі – Әбікей Сәтбаев, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, педтехникум оқытушысы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов, Мәннан Тұрғанбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Ғалиақпар Төребаев, Тайыр Жомартбаев оқытушылық қызмет атқарған, – дейді Шағангүл Алдамжарқызы.
Колледж директорының айтуынша, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері, семинария түлектері Құрманбай Мұздыбаев, Ахметолла Барлыбаев, Тәуекел Нұркин, Әбіш Хасенов, ағартушы-педагогтер ағайынды Биахмет, Жанахмет Сәрсеневтер, Имамағзам Әлімбеков, Рахымбай Сапақов, Мұстафа Шантин, Әбдікәрім Дүйсебаев, Қасымхан Бекенаев, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытұлы, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаев, «Алаштың тұңғыш құрбаны» деген атпен тарихта қалған, Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедов, Ахметбек Сейсембаев, ұлттық археология ғылымының негізін салушы, академик Әлкей Марғұлан, ағартушы-педагог Рақымжан Жаман-
құлов, Мұсатай Ақынжанов, ақын Ахат Құдайбердиев, Ғайса Сармурзин, педагог ғалымдар Мұратбек Бөжеев, Жұмат Досқараев, саяси қуғын-сүргін құрбаны Тұрлыхан Қасенұлы, ұлттық кино өнерінің негізін қалаушы Шәкен Айманов, тұңғыш қазақ генералы, Қазақ КСР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев, Қазақ КСР-ның Оқу министрі, педагогика ғылымдарының докторы Әбдіхамит Сембаев, Кеңес Одағының батырлары: В.Бунтовских, В.Шулятиков, Социалистік Еңбек Ерлері: Жақия Шайжүнісов, М.А.Носова, Д.М.Парий, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, әйгілі композитор Бекен Жамақаев, тағы басқа ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері осы оқу орнында білім алып, ел мәдениеті мен тарихына зор үлес қосты.
Тере берсек, бұл оқу орнының тарихы бір университеттің шежіресінен де терең деуге болады. Мәселен, оқу орнының 110, 115, 120 жылдық мерейтойларында ғасырлық тарихы зерделеніп, «Алаштың тұңғыш білім ордасы» атты 3 томдық тарихи-танымдық кітабы жарық көріпті. Колледж тарихын зерттеу барысында Қазақстан Орталық мемлекеттік архиві, Ресейдің Омбы, Том архивтерінен мол дерек табылып, жүйеленген.
Қазір колледжде 75 педагог жұмыс істейді, олардың 36%-ы, яғни 27 оқытушының ғылым кандидаты, магистр деген ғылыми-академиялық дәрежесі бар. Ал 28 оқытушының жоғары педагогикалық құзыретін көрсететін педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы деген лауазымы бар. Сондай-ақ оқытушылардың көбі республикалық конкурстардың жеңімпазы. Бұл колледж оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Оқу орнында 1 500-ге жуық студент білім алады. Кейінгі 3 жылғы көрсеткіш бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы 90%-дан жоғары.
Бүгінде бұл оқу орнының абыройын асқақтатып тұрған студенттер де жетерлік. Мәселен, «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатының жеңімпаздары А.Жақсыбаева, А.Кеңесханова, еліміздегі колледждердің «үздік 10 студент» қатарына кірген Ш.Баймулаев, Е.Бейсембаева және басқа да жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшы жастарды мақтанышпен айтуға болады.
Абай облысы