Еңбек • 04 Сәуір, 2025

Кранды шырқ үйірген келіншек

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бахытгүл Санқыбаева – Қызылорда облысындағы Қазалы стансасының тумасы. Қазір Атырауда тұрады. Қырық жылдан бері кран машинисі болып жұмыс істейді. Жақында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

Кранды шырқ үйірген келіншек

Ол бала кезінен техникаға құмар болып өсті. 1981 жылы қазіргі Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласындағы №56 кәсіптік-техни­калық училищеге оқуға түсті. Сол кезде бар болғаны 14 жаста еді.

«Училищені 1984 жылы кран машинисі мамандығымен бітірдім. Оқу орнынан жолдамамен Тараз қаласындағы силикат зауытына жұмысқа жіберді. Атыраулық Марат деген жігіт сол жылы күзде Тараздағы әскери бөлімге борышын өтеуге шақырылған екен. Құрылыс саласындағы әскери бөлім бол­­­­ғандықтан, солдаттар біздің зауытта жұ­­мыс істеді. Біз сол кезде таныстық», дейді Б.Санқыбаева.

Тараздағы әскери бөлімді 1986 жылғы көк­темде Атырауға көшіріпті. Сол кезде Марат қызылордалық бойжеткенге отбасын құруға ұсыныс білдірген. Бірақ өзі әскери борышын өтеп жүргендіктен, болашақ келінін анасы алып кеткен.

«Марат Атырауға әскери бөліммен бірге келді. Үйге асығып тұратын еді. Офицерлер «Үйі­ңе жиі барасың» деп, оны Ақтөбе об­лы­­­сы­ның Хромтау қаласына ауыстырып жі­берді. Содан үйге қараша айында келді. Ма­рат екеуміз 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Өкі­ніш­ке қарай, күйеуім өмірден өтіп кетті», дейді ол.

Оған алғашында мұнайлы шаһардағы балшық батпақ пен масаға үйрену оңай болмапты. Сол кезде күйеуінің: «Қиналып жүргеніңді білемін. Сәл шыдасаң, үйреніп кетесің. Балаларымыздың қызығын бірге көреміз», деген сөзі жігер беріпті.

«Қазір күйеуімнің өмірде жоқтығы өзегімді өртейді. Дегенмен ұлдар ержетті, қыз бойжетті. Үлкен ұлым көлік жүргізушісі, қызым локомотив депосында бас есепші болып жұмыс істейді. Кіші ұлым тепловоз машинисінің көмекшісі, жақында білі­мін жетілдіруге аттанды», дейді Бахытгүл Қуанышбайқызы.

Оның айтуынша, кран машинисі маман­дығыммен жұмыс істегеніне 41 жыл болыпты. Бұл – аз уақыт емес. Жұмыс бабына орай бірнеше мекемеге ауысқан. Бірақ мамандығына адалдықтан таймай, өзге кәсіпті таңдамаған. Атырауға келген соң, 1996 жылға дейін «Тастемір» АҚ-да 10 жыл жұмыс істеді. Одан кейінгі төрт жылын Атырау теміржол стансасындағы вагон депосына арнады. 2003–2010 жылдары «Қазкомсервис» ЖШС-да де кран машинисі ретінде жұмысын одан әрі жалғастырды. Кейінгі 15 жылдан бері «Ақжайық-7» ЖШС-да жұмыс істеп келеді.

«Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Кран машинисіне қырағылық пен дәлдік қажет. Өйткені биікке көтерген жүкті ештеңеге ұрындырмай, көзделген жерге дәл қою керек. Жалпы, тәжірибе жинаған маманға жұмыс істеудің түк қиындығы жоқ. Биыл жұмысшы мамандығына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Президенттің қолынан марапат алудың, Ақордаға кірудің әсері бөлек екен. Бұл тосынсый болды. Мемлекеттің қарапайым жұмысшыларға қолдау көрсететінін сезіндім», деді ол.

 

Атырау облысы