Кино • 04 Сәуір, 2025

Ұлт өнерінің құдіреті

803 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильмін бала күнімізде «қырылып» көруші едік қой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген біздің балалық шақ үшін айтарлық жаңалық еді. Өйткені туындының әр бөлшегінен қазақылық аңқып тұратын.

Ұлт өнерінің құдіреті

Есіміз енді кірген төрт-бес жасымызда қазақылықтың не екенін қайдан білейік. Мүмкін үйде қарасұр түсті экраннан басқа қызық болмаған соң соған телмірген де шығармыз. Әйтеуір фильм­де нағыз өнерге тән бір құдірет болмаса есімізде әр сюжеті сайрап тұрмас еді ғой. Туынды тіпті Алдар көсе туралы емес сынды. Қарлығаш пен байдың жыл­қышысы ғашық жігіттің жырындай емес пе? Алдар көсе солардың бақытын көксеп, басын тау мен тасқа соғып жүрген біреу ме деп қаласыз. Үй-күйі жоқ, әйтеуір жанама біреу. Ал Қарлығаш қандай сұлу әрі қылықты. Ақылына көркі сай. Оның әрбір қылығы мен сөзі, қатқан жауабы көздің жауын алған гауһардай елестейді және біздің көкейге солай таңбаланып қалды. Бала санамызға қазақ сұлуы деген ұғым осылайша қашалған шығар, кім біліпті. Бір ұяң ілтипат пен тартымды мінез бар бойын­да. Қараторы ғана бұрымды қыздың бойынан еркіндік байқалады. Алдар көсе атынан түсіп тезегін арқаламақ сыңай танытқанға өзі ғашық болып қалған екен деп отырсаңыз, жоқ, оған ғашық жылқышы жігіт екеуін қосуға бекіп, жолға шыққанын көре­міз. Осы тұста Қарлығаштың көзден қалған әкесіне Алдар салған ән сол кезде сахнадан шырқалған, шырқалмағанын білмейміз. Бірақ бертінде Молдабайдың әні болып, құлпырып шыға келді. Халық керемет қабылдады. Тегінде тереңнен тамыр тартқан ұлы өнер осылай жыл өткен сайын жетіліп, халықпен бірге жасай беретінінің бір көрінісі осы ма дейміз.

Фильмнің ішіне мұндай соқталы туындыны орап беру, сөз жоқ, Шәкен Аймановтың көрегендігі дер едік. Жалпы, Шәкен Айманов кинола­рындағы әр ән, тіпті жалғыз-ақ ауы­зы айтылып қалатын «Япырай» (қазіргіше Япурай), «Құралай» секілді әндер жеке-жеке тоқталуды қажет ететін халық мұраларына айналды. Шәкен ата киноларының әрбір мезетінің астарында ұлттық өнердің қайнары бұрқылдап қайнап жатқанын баса айтқан жөн. Соның бірі де бірегейі осы «Алдар көсе» туындысының жөні тіптен бөлек. Қатардағы жай дүние емес, бұл – қазақ өнерінің синтезі. Мыңдаған жылдар бойы қазақ даласын кезген аңыз, әңгімелердің, ғашықтық ғаламатының, әннің және ең бастысы ескілік танымға баланатын бақсылық өнер мен әулиелік жолдың көрінуі тегіннен тегін емес. Туынды 1965 жылы түсірілгенін есепке алсаңыз, сол уақыт үшін бұлардың бәрі адам айтса нанғысыз құбылыс саналады. Бақсылық туралы үстірт болса да осылай көрсете кетуінің өзі кездейсоқ дей алмаймыз. Ал Әуезов пен Марғұлан жазбаларында олардың орны мүлде бөлек емес пе еді?

Тура осы сықылды, фильмде Түр­кіс­танның көрініс табуы, азан шақырылып жатқанын да елемей кетпеуге болмайды. Түн ішінде бейіттің ішіне түнемек болған ұры-қарылардың алдынан ақ киініп, аруақтың кейпіне еніп атып шығып, әлгілер шошып безе қашқанда бар мүкәмалына ие болып қалатын жері әлі есімізде. Тағы бір тұсында бай­ды алдап-сулап сырт киімін шешіп алып, биік дуалдан әрі асырып жібер­генін көріп күлетінбіз. Бір жағы күлкі болса, бір жағы бұлар қазақ байларын на­дан қылып көрсетудің амалы екен. Аны­ғында қазақ дәулеттілері ауыл-ай­мағының құты, жоқ-жітікке малы­нан бөліп берген елінің панасы екенін кейін байыптап білдік. Ол кезде бұлай түсірмеске тағы болмайды. Саясат солай. Екінші шеті ел болған соң озбырлық пен өктемдік орын алмай тұра ма? Түптеп келгенде, Алдардың өзі сондай әділетсіздікке қарсы халық қиялынан тудырған жиынтық бейне. Сондықтан киноны, оны түсірген адам­дарды кінәламақ ой жоқ. Сөйте тұра, туынды нағыз дер шағында, тіпті қазірдің өзінде қазақ қалпынан аз хабар бермеген, қай тұсынан көз тіксең де ұлт­тық картинаны жайып салатын бірегей өнер жауһары болып қала бермек.

Қай ауылға, әйтеуір бір бай ауыл­ға шабарман жіберіп, ауыл сыртына әулие келді деп Қарлығашты зорлық­пен алған дүмдіні алдына келтіреді Алдар. Ол дүмдіңіз алаңсыз келе жат­­­қанда алдынан оқыс шыға келіп, зікір сала жөнелетін көрінісінің өзінен қазақылықтың исі аңқып тұрған жоқ па? Ол кездегі орталықтан басқарып отырғандар қанша жерден у тамызам десе де, түсірілім тобы бай мен кедейді көрсетуге мәжбүр болды демесеңіз, ұлттық тамырдан бір елі ажырамаған.

Жат діннің жетегінде кеткен кейбі­реулерге құдайсыз қоғамда әулиелерді тірілткен «Алдар көсені» бір көрсетіп алар ма еді?