Пікір • 04 Сәуір, 2025

Туды қорлау – елді қорлау

1933 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ықылым заманнан бері халқымыз елдігінің басты рәмізі – байрағын ерекше қастер тұтып келеді. Бұл туралы атақ­ты Сүйінбай ақыннан асырып айт­қан ешкім жоқ шығар.

«Бөрілі байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен.

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

Бөрі басы — ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым», деген екен Алты Алашты аузына қаратқан арқалы шайыр.

Әртүрлі салтанатты жиындарда және ­ха­лықаралық спорт жарыстарында ­Мем­­­ле­­кеттік туымыз көтеріліп, Ән­ұраны­мыз орын­­далған сайын кеудеміз­ді мақта­ныш пен қуаныш кернейді. Сол қасиетті мемлекеттік рәмізімізді жуырда Атырау­да ниқаб киген төрт жас қыз қорлағаны жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Олар араб тіліндегі сөздер жазылып, ­астына қылыш қойылған Мемле­кеттік Туды ұстап тұрып суретке түс­кен. Сол ­сурет әлеуметтік желіде тарап кеткен. Осы­ған орай қазір жергілікті полиция қылмыс­тық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалда­рын жүргізіп жатыр.

«Таралған жазбадағы төрт күдікті де анық­талып, полиция бөлімшесіне жет­кізілді. Олардың екеуі кәмелетке толма­ғандықтан, ата-аналарының қаты­суымен жауап алынып жатыр», деп мәлім­деді Атырау облысы полиция депар­таментінің баспасөз қызметі.

Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар сот арқылы жазаға тартылуы мүмкін. Қыл­мыстық кодекстің 372-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс­тарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп көрсетілген. Бұған қоса қорланған Мемлекеттік Ту электронды ­саудадан алынып тасталды.

Осы келеңсіз оқиғаға байланысты Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан әлеуметтік желідегі парақша­сын­да: «Желіде араб тіліндегі жазуы бар қазақстандық туды ұстап тұрған төрт жасөспірімнің суреті пайда болғанда менің көзіме жазудың өте сапалы, зауыттық әдіспен басып шығарылғаны түсті. Бірден өрескел арандатушылық туралы ой келді. Сондықтан мен азаматтарымызды даналық танытуға, арандатушылыққа ермеуге, мұндай өнімді сатып алмауға шақырамын. Өйткені алдағы уақытта маркетплейстер шекаралары бұрмаланған Қазақстан картасын немесе осындай арандатушылық сипаттағы өзге де тауарларды ұсынуы ғажап емес. Біздің құқық қорғау органдарымыз мұндай фактілерге жедел ден қойып отыруы қажет. Себебі олардың артында біздің қоғамда тұрақсыздық туындауына мүдделі күштер тұруы ықтимал. Ал өз әріптестерім – парламентшілерге қолданыстағы заңнамаға мемлекетіміздің негізіне нұқсан келтіретін тауарларды сататын маркетплейстерге қарсы санкцияларды көздейтін түзетулер енгізу туралы бірлесіп ойлануды ұсынамын. Сондай-ақ осы нақты жағдайда мемлекеттік рәміздерді қорлауға жол бергені үшін электрондық сауда алаңының өңірлік басшылығын да жауапқа тарту қажет деп санаймын», деп жазды.

Бұл ретте Ұлттық құрылтайдың жақын­да Бурабайда өткен төртінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бос­тандығына кепілдік берілген. Бірақ жү­генсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», деп атап айтқаны ойға оралады. Үкімет пен Парламент Мемлекет басшысының тап­сырмасын созбаққа салмай, жеделдете орындап, пәрменді шешімдер қабылдайды деп сенеміз.