Өшпес даңқ • 04 Сәуір, 2025

Момышұлының қаруласы

803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен Ардагерлер кеңесі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері талдықорғандық Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақалдың шаңырағында болып, майдангерге құрмет көрсетті.

Момышұлының қаруласы

Қилы күндердің қыспағынан аман өткен Сәрсенбай қария 1924 жылы 10 мамырда дүние­ге келген. Ол 1942 жылы әскер­ге шақырылып, Аягөзде жа­сақ­талған тұңғыш қазақ полкі­нің құрамына алынған. Автомат­шыларды даярлайтын алты айлық оқу-жаттығудан соң, соғыстың нағыз қайнаған ортасына түседі. Бір жылдан соң саны сиреген сарбаздар Бауыржан Момышұлы басқарған 9-гвардиялық диви­зияға қосылыпты. Оларға сол кездің ең қауіпті әрі құпия қаруын күзету міндеті жүктелген.

«Біз құпияны сақтаймыз деп ант бергенбіз. Ол кезде «Катюша» туралы айтылмайды. Құпия бөлімде болдық. №49 катюшаны күзеттік. Бір жерде 15 минут тұрады, одан артық тұрмайды. Күндіз тоғайдың ішіне жасырылады. Қай жерге жау әскері көп жиналады, соны атады. Бауыржан Момышұлы қатал да, әділ адам ғой. Бұйрық береді. Артыңда Отаның, әке-шешең, елің-жұртың тұр деп жігерлендіреді, дейді ақсақал сол күндерді еске алып.

9-гвардиялық атқыштар диви­зиясының сапында Сәрсенбай ақсақал Польша, Литва, Латвия, Эстония сынды елдерді азат етуге қатысқан. Өмірінің үш жылын майдан даласында өткізген ол Германияға дейін жетеді. Сол мемлекет аумағындағы шайқас кезінде, 1945 жылдың 21 қаңтарында жараланған. Жаралы солдаттарды ұшаққа салып, Мәс­кеуге жібереді. Владимир облысы Калчюгин қаласында емделеді, Жеңісті сол жерде қарсы алады. Сәрсенбай ақсақал Бауыржан Момышұлымен соғыстан кейін де дәмдес-тұздас болғанын айтады.

Майдангер елге келген соң мұғалім, пошташы болып еңбек еткен. Содан болар, әлі күнге дейін баспасөзді шолып, радионы тыңдап, телеарнадан жаңалықтарды көруге тырысады. Жүзге жуық немере-шөбере сүйіп отыр. Сәрсенбай ақсақал – қазір кенже немересінің күтімінде.

Биыл аталып өтетін Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалған­да» акциясы жүріп жатыр. Осы іс-шара аясында соғыс және тыл ардагерлері үшін көптеген игі іс қолға алынған.