20 Маусым, 2015

Мыңнан бір мүмкіндік

754 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
УОС-ЦВ-2Сапун тауындағы сұрапылда драмалық сарынмен өрбіп, комедиялық деректермен толысып, трагедиялық түйінмен аяқтала жаздаған оқиға кейіпкері Дадаш Бабажанов туралы не білеміз? Курск шайқасында – 200, Сталинград шайқасында –125, Севастопольды азат ету шайқасында 240 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Севастополь үшін болған сол от кешудің батырлар көшін қазақстандық Дадаш Бабажанов ағамыздың бастап тұрғанын біреу білер, біреу білмес... Сапун-2 Қазақ ауы­лы­на оның ата-ба­ба­сының қай жылы, қай заманда келгені беймәлім... Әйтеуір, менің есімдегісі – оқта-текте үлкен көшені жағалап, балпаңдай басып бара жататын, орта бойлы, қайратты қалың қара шашы әдемі таралып қайтарылған келбетті ағамыз туралы Ұзынағаштың жұрты: «Батыр, батыр кетіп барады...» дер еді ерекше құрметпен. «Қазақ болып кеткен» өзбек деп ішке тарта, желпіндіре қосып қоятыны және бар. Расында да Өзбекстаннан талай рет арнайы өкілдер келіп: «Қаһарман ака, атажұртыңызға жүріңіз, барлық жағдайды жасаймыз!..»деп сан рет қолқа салған екен. Дадаш ағаның қандастарының дәл солай құрмет көрсететініне күмәні болмаған. Ойлы жымиып отырып: «Е, балам-ай, бәрібір туған жердей болмайды ғой!.. Ұзынағашымды, бала кезден бірге өскен құрдас-достарымды, ел-жұртымды қиып кете алмадым...» деген сабырмен айтқан сөзі де құлағымда. ТС-БабажановДадаш аға Севастополь үшін шайқаста сол кезде де, одан кейін де, қазіргі заманда да бұрмалауға еш көнбейтін, жұлмалауға еш келмейтін ерен ерлік жасаған! Сонымен, драмалық сарынмен өрбіп, комедиялық деректермен толысып, трагедиялық түйінмен аяқтала жаздаған бұл оқиғаның әлқиссасы былай басталады... * * * «Сіздерді Севастополь халқы тағат­сыздана күтіп отыр!..». Үш апта атысқанмен жаудың шебін бұзып өте алмаған жауынгерлердің дамыл тапқанына екі-ақ күн болған. Тым-тырыс жатқан майдан шебінің үстінен кеңестік аэроплан үш айналып ұшты. Сауырына жапсырылған үлкен микрофоннан ұлы көсемнің өз дауы­сымен айтылған осы сөзі әлденеше рет қайталанды. Жауынгерлер майдан шебіне бейне Сталиннің өзі келгендей сезініп, қандары басына тепті... «Сіздерді Севастополь халқы тағатсыздана күтіп отыр!..». Бұл 1944 жылдың 3 мамыры еді. Қырымға шабуыл 12 сәуірде басталған. Генерал Я.Г.Крейзер басшылық ететін 51-армия құрамы Сиваш өзенінің оңтүстік аймағына өткен. Сапун тауының етегіне жеткен әскер одан әрі бір қадам да алға баса алмады. Алғы шептегі 417-двизияның шығыны шаш етектен, бас көтерген солдат мұрттай ұшады. Жаяу әскерді қолдап, арт жақтан ауыр артиллерия гүрсілдете снаряд жаудырғанмен, тау бөктерін көртышқандай қазып, бекініс орнатқан фашистердің өліспей берісетін түрі жоқ. «Сталин-ұшақ» көзден таса болысымен: «Штаб резервіндегі полк шабуылға дайындалсын!» деген бұйрық та жетті. Сын сағаты соқты. Қатарында Ұзынағаштың қы­раны – сержант Дадаш Бабажанов бар 120 адам траншея ішінде сап түзеп тұрып, Ленин партиясының қатарына өтті. Өтті де партбилетті, батальон партия хатшысына сақтап қоюға қайтарып берді. Бұл шабуылдың жауапкершілігі зор болғалы тұр. Командирі қаза тапқан взводқа жас коммунист Бабажанов басшылық жасайды. Сонымен... таң сызат бере Сапун тауы үшін кезекті, саяси жетекшілер қадап айтқандай, ақтық әрі ең соңғы шабуыл басталды. Жер-әлем әп-сәтте отқа оранды. Сапун тауының қазақшасы Сабынтау екенін Дадаш біліп те алған. Адамның жаны төзгісіз иіс шығарып, кәдімгі топырақ шоқ болып жанды. Дәл осы кезде 40 жауынгерін бастап, жоғарыдан бұйрықты күтпей-ақ Бабажанов батырларының алдына түсіп алып: «Ал-ға!» деді... * * * Жалмауызға да жан керек екен, ауыр артиллерияның соққысынан бұқ­пантайлап отырғандар Дадаш бастаған взводтың жаңбыр-жаңбырдың арасымен дегендей снаряд-снарядтың арасынан келіп қалатынын күтпеген. Атыс-шабыс, қоян-қолтық айқас... Бие сауым мезгілде бірінші шептегі 2 дот пен 2 дзот жойылды. Көздері тынбай от шашқан пулеметтің ұңғысындай қып-қызыл, мойындарында Рейхтің ең жоғарғы наградасы – Крест ордені салбыраған, аяқтары тізеден жоқ ерекше топтағы мүгедек жау солдаттарымен Дадаш бірінші рет бетпе-бет сонда кездесті. Әне-міне дегенше етектен жаңа күш келіп қосылды. Ауыр техниканың гүрілі де естілді. Дадаш аман қалған 8 солдатымен қайта сапқа тұрды... ...Ажар апамның дәмді палауы тіл үйіріп барады. Бірақ Дадаш ағам әңгімесін үзбеді. Қарт жауынгер басынан кешкенін бейнебір кинодағыдай етіп, өте әдемі, сондай бір әсерлі баяндайды екен. Дәмнен ала отырып, сөзін бөлмей, құлақ түрдім. – Резервтегі полктің Карась Николай деген бойы тапал, қызба, боқтампаз командирі бар еді. Мені көзімен атып, былай деді: – Сержант Бабажанов, менің бұй­рығымды күтпей шабуылды бастағаның үшін қатаң жазалануға тиіссің. Бірақ бірінші шептегі бекіністі алғандарыңа байланысты алғыс жариялаймын. 30 солдатыңнан айырылдың... – деп нықтап қойды. Сөйтсем, маған таудың басына полк туын тігуді тапсырғалы тұр екен ғой. Басшылық солай шешіпті. – Балам, әскерде қызмет етсең, полк туының құдіреті қандай екенін білуге тиіссің, – деген батыр аға маған сұраулы кейіппен көз тастап, мен бас изегенше, әңгімесін жалғады. – Ту жоғалса, күнәнің ауыры сол – полкті таратады. Жоғалтқан адамның үрім-бұтағына дейін жазаланады... Полк командирінің «айыбыңды қаныңмен жу» дегенін түсінгендеймін. * * * Таудың басына дейін 200-250 метр­дей жер. 8 солдатын бастап, сержант Дадаш Бабажанов алға бет алады. Қара түтін сейілген. Әйтсе де, жаудың қайда жасырынып жатқанын аңғару қиын. Дадаш төрт солдатпен тау төбесіндегі қожыр жартасты бетке алып төтелей тартып, өзге төрт жігітке жартастың оң қапталын орай жүріп, бақылауға тапсырма берді. Айнала тым-тырыс. Ащы күйіктің иісі қолқаны қауып, тыныс алдырар емес. Олар осылайша мысық табандап тау төбесіне де жетті. Оң қапталға кеткен әлгі төртеуі жау күшіне тап келген болуы керек, сол жақта қызу атыс басталды. Аңдысуға Дадаштың шыдамы жетпеді. Үш жігітті қожыр тастың сол қапталын бақылауға жұмсап, біреуін сайға қалдырды да, өзі жартасқа өрмеледі. Әупірімдеп төбесіне жетті. Сондағы тас арасынан өсіп шыққан кісі бойындай ағаштың тырбық бұтағына полктің қызыл туын асығыс байлады... Тып-тықыр жота мен жақпар тасты тау басына желбіреген алқызыл туға үндесіп, «ур-ра» деп айқайлап үлгерген жап-жас автоматшы Саша Жолобовқа осы арада оқ тиді. Оның іле-шала: «Жолдас сержант төмен жақтан тура бізге қарап қаптаған солдат оқ жаудырып келеді», – деп қиналған даусы шықты. Дадаш жаралы жауынгерді сүйрелей жүріп, бұқпантайлап барып, қойтастың қалқасынан төменге көз салды. Расында да 50 шақты неміс автоматшылары тура осылай қарай бет алыпты. Суыт келеді. – Саша, сен осында қал, – деген Дадаш шың басында желбіреген полк туына қарай қайтадан құстай ұшты. «Біздің шейіт боларымыз анық... Туды сақтау керек, Туды...» Санасын жеп сансыратқан осындай оймен жанұшыра барып, қожыр-қожыр тастың үстіне қайта шығып, туды қайта шешті. Құлағының ұшынан ысқырып өткен қорғасын оқ жартасқа соғылып, зың-зың етеді. Оң иығы жылымшы тартты. Туды алған бойда тез төмен түсті. «Қайда жасырмақ!?» Бір-екі жерінен шұрқ тесілген алқызыл жалауды қолына ұстаған оң иығынан жаралы сержанттың ойланып тұруға уақыты қалмаған... * * Ас желініп біткен. – Ажар... ау, апасы!.. Темекім тау­сы­лып қалды. «Медеуіңді» әкелші, – де­ген Батыр аға маған бұрылып, маң­дайын ұстап, бармақтай тыртықты көр­сетті. – Мынаған оқ тиген деп отырған шығарсың... Жо-ооқ, оның да әңгімесі қызық. Шынын айтайын, батыр ағамды сырттай білгенмен, дәл мынандай әңгі­мешіл, жайдары жан деп ойламаппын. Сұхбатымыздың жарасып тұрғанына қуанышты едім. Майдангер айтқан әрбір сөзге ұйып, ентелеп отырдым. – Атасы сырын аша бермеуші еді, сізді ұнатып қалған ғой. Әңгімешіл болып кетіпті... – деген Ажар апамыз дас­тар­қанды жиыстыра жүріп, күліп алды. – Жартастың жықпылына жасырынып тұрып, шалбарымды шештім. Шештім де туды жамбасымнан төмен орап, тез қайта киіндім. Е-е, балам, бағым ба, сорым ба, әйтеуір, асығыстан осылай әрекет жасадым. Бұған дейін екі рет өліп-тірілген, топырақ астынан аршылып алынған мен, тау төбесіне қардай жауып тұрған ауыр снарядтың арасынан қалай аман қалып, қалай жеткенімді осы күнге дейін білмеймін. Кетті ғой, талай боздақ! Туды «жақсылап жасырған» сержант, жаралы серігі екеуі сол қапталдан ентелеп жеткен жаудың жолын тосты. Немістердің дауысы анық естілетін жерге келді-ау дегенде, Дадаштың белгісімен бұлар автоматқа «тіл» бітірді... Манадан бері дәл осы сәтті күтіп жатқандай-ақ етектегі біздің зеңбіректер мен минометтер «гүрсілге» басты. Дүние астаң-кестең. Қос жауынгер – ашынғаны бар, қуанғаны бар автоматтың шүріппесін саусақтары қарысқанша басты... – Есім кіресілі-шығасылы... «Бабажановты таптық, Бабажановты таптық», деген дауыс құлағыма талып естілді. Екі жігіт екі қолтығымнан демеп, әрең тұрғызып, ұстап тұрған секілді. Сөйлейін десем, тілім икемге келмейді. Көзі атыздай болып, сол баяғы полк командирі Карась жаныма жетіп келді, аузынан жын-шайтаны төгіліп. «Бабажанов, ту қайда, ту...». Тірідей жеп қоятын түрі бар. Менің сөйлеуге әл-дәрменім жоқ. Қолын алдым да, кіндігімнен төмен қарай апара бергенім сол: «Ах-х... малғұн...» деп бақырған күйі наганының дүмімен маңдайымнан бір-ақ салды. Боқтампаз командир менің қимылымды орыстарша балағаттау деп түсінген ғой!..   * * * «Медеуін» құшырлана сорған батыр аға ауыр күрсініп алып, жымиып қойды. – Сонда ғой, командир қызбалықпен мені атып тастаса ше?! Соғыста адамның сұрауы жоқ. Көзім көрді. Көрер қызығым бар екен, балам. Рота саяси жетекшісінің құшағында көзімді аштым. Жылы жүзді тамаша жан еді: «Бабажанов, мен білем... сен туды бір жерге жасырдың, айт... есіңе түсір...» деп басымды ұстап отыр екен. ...Санитарлар бөлімінде есімді толық жиған сәтте, қару асынған екі солдат мені дедектетіп орман ішіндегі штабқа ала жөнелді. Соғыстың тәртібін білем. Іштей «боздап» келем. «Бұйрықты күтпей шабуылға шықтым, бір взводтан 30 адам өлді... Қасиетті қызыл туды белімнен төмен байладым... Әрине, атады! Атаңа-нәлет Карась...». Ағайын-туғанмен, Ұзынағашта қалған жалғыз шешеммен іштей қоштасып келемін. Генерал Крейзердің адъютанты алдымыздан шығып: «Бабажанов па? Тез арада моншаға апарып, шашын алдырып, басын ақ дәкемен таңыңдар. Киімін бастан-аяқ ауыстырыңдар», деп бұйрықты бұрқыратқанда барып, қасірет шырмаған ойдан арылдым. «Мені ататын болса, шашымды бастырып, моншаға түсірмейді ғой...». Үлкен бөлмеге кіргенде неше күн тамақ ішпеген, әбден соққы алған әрі жаралы бейшара мен... иістен-ақ басым айналып, шалқамнан түсе жаздадым. Дастарқан жайылған үстелдің белі қайысып тұр. Шымылдықтың аржағында көңілді дабырласқан, қарқылдай күлген адамдардың да­уысы естілді. Сабынтауды алғанбыз, Севастополь қолда! Адъютант солай қарай кіріп кетті. Іле шымылдық түріліп, ар жақтан кеуделерінде орден-медалі сыңғырлаған командирлер шықты. Алдында генерал Крейзер! Қолымды шекеме апарып: «Жолдас генерал, сіздің шақыру...» деген сөзімді айтқызбай: «Тоқтат, Бабажанов, тоқтат...» деген генерал мені қапсыра құшақтай алды. Көзімнен ыстық жас ыршып шықты. Құлағымның түбінен: «Бабажанов, сен Совет Одағының Батырысың!» деп бар даусымен айқайлады генерал...   * * * Құшағын босатқан Крейзер бір қадам артқа шегінді. «Бабажанов, маңдайыңа не болған?» «Жолдас генерал, бірінші шепті алғанда жаумен қоян-қолтық айқастық...» «Тоқтат, Бабажанов!.. Шыныңды айт, маңдайыңа не болды?». Жылыұшырап күліп тұрған гене­рал­дың нөкерлері арасынан көзім полк командирі Карасьқа түсті. Қан-сөл жоқ, қалшиып қалыпты. «Жолдас генерал, бірінші шепте...» Генерал қайтадан қапсыра құшақтады. «Өзің коммуниссің, өзің өтірік айтасың... Майор Карась, маған кел!» Менің командиріме сол жерде тапсырма былай берілді: «Жол-дасс.. ма­йор, Жеңіске аз қалды. Соғыстың соңғы күніне дейін, егер Бабажановтың бір тал шашы түссе, трибунал алдында жауап бересің!..». Кейін білдім емес пе, етектегі бүкіл армияны қол астында ұстап тұр­ған генерал Крейзер қарсы беттегі бақы­лау пунктінен менің тау төбесіндегі жар­тасқа полк туын қалай тіккенім, жау жақындағанда оны қалай қайта алып, жартас арасына жасырынғаным... Өзім контузия жағдайында тұрғанда полк командирінің наганмен басымнан салып қалғанын түп-түгел дүрбіден көріп тұрыпты. Ғажап емес пе, а... балам! Генералдың соңғы сауалы: «Бабажанов, полк туын неге кіндігіңнен төмен орадың?». «...Жаудың түрін көріп, тірі қалмасымды білдім. Менің мәйітімнің де, киімімнің де немістерге керегі жоқ. Ары кетсе, кеуде түймемді ағытып, қалтамды қарап, аттап кете береді. Ал өзіміздің адамдар үшін сұрауымыз бар. Ең болмағанда киімімізді шешкенде, біреуі болмаса біреуінің көзіне полктің туы түсер деп әдейі... орадым. «Өте ақылды іс істегенсің, Бабажанов!» деп қатты толқып қайта құшақтады. Қырымды жаудан босатып, Сабынтауға ту тіккенде от пен оқтың ортасында жүріп, сондай жағдайды бас­тан кешіргенбіз», деп әңгімесін аяқтады батыр аға. * * * 1944 жылы аудандық партия комитетінің өкілі өздерінің жерлесі Дадаш Бабажановтың Кеңес Одағының Батыры атанғанына «сүйінші» сұрап келсе, жауынгердің анасы Мінәпіс апа көзіне жас алып, кенже ұлынан үш ай бұрын «қара қағаз» алғанын айтады. Алғашқы келген екі хатта екі ұлының қаза тапқаны туралы жаман хабар алып, көңілін күйік жапқан кейуана үшінші хат келгенде, кенжесі Дадашты «өлдіге» жорып, конвертті ашпай, әбдіреге тас­тай салған екен. Сөйтсе, Дадаштың Батыр атанғаны туралы сүйінші-хат Ұзынағашқа үш ай бұрын келген ғой...   * * * Сан ғасыр басынан бұлт кетпеген Сабынтауды фашистер 8 айда әрең басып алған. Кеңес әскерлері 35 күннің ішінде кері қайтарды. Сол бір ай қанша адамның өмірін жалмады десеңізші... Сталиннің бір ауыз сөзімен баудай түскеніне қарамастан Сапун тауына өрмелеп, Севастопольға жол ашқан азаматтардың ерлігі неге тұрады?! «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі...». Майдан даласында 4 рет «өліп-тірілген» батыр ағамыз Дадаш Бабажановтың сондағы айтқан әңгімесі соғыстың соңғы әңгімесі, өзінің соңғы рет отты жылдар оқиғасынан көсіліп шер тарқатуы екен. Кездесуден соң арада үш ай өткенде бақилыққа аттанды. Жеңістің 40 жылдық мерекесін көре алмады. 1977 жылдан 1985 жылдың 6 ақпанына дейін Ұзынағаш ауылдық кеңесінің орынбасары қызметін атқарды. Ажар апа екеуі үш ұл, үш қыз өсірді. Немере-шөберелері батыр атасының Сабынтауға қалай ту тіккені туралы тарихи қысқа деректі бүгінде тек ғаламтордан үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқып отыр. Ал мен ұзынағаштық батырдың басынан кешкенін түп-түгел өз аузынан естіген ем... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Алматы.