
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әлқисса, 10-сыныпта жүргенде ұстазым «XX ғасырдың жиырма сәті» атты алақандай кітапты әкеліп, оқуға тапсырды. Қойнына қалың-қалың із жасырған сол кітап ұзақ түндерде досыма айналды. Онда бәрі бар еді: бүлікшіл көңіл, рух маздағы, сезімтал жігіт, жігерлі қалқа, намысты ту еткен әйелдер, Анна ханша... Кешкен сезімдер, ой-қиялдар құшақ-құшақ арманға құлаш ұрғызды, көңіл көк дөненін күн түбіне жорыққа шығарды.
«Бетке алып шықтық қап-қара түнді,
Жасырған жаһан сүреңін.
Көйлегің таңдай ақ болатын-ды.
Пәк болатын-ды жүрегің!
Бұлықсып жүрген бұралаң едік.
Тұман түн... Іштен тындырып –
Ұраға келіп құлаған едік,
Шыңырауда даусың шыңғырып!
Қай жерден шықтық желігіп? Құрысын!
Ұрыншақ едік сол шақта-ақ:
Есімді жисам егіліп тұрсың
Көзіңнен жасың моншақтап!»
Ақын қаншалық рухты болса, соншалық аңғал, баладай таза, шапшыма, асау. Кер заманның табы ұзанның жүрегіне титтей де салмағын түсіре алмапты, қайта сол шамшыл уақытқа қасарып, шуда-шуда шумақ туып, зәулім рухтың жаршысына айналыпты.
«Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем
Қағынып...
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!
Шауып түсемін!
Күш ағысымды
Сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды
Ырзамын азу тісіме!»
«Қасқырдың монологы» – XX ғасырдағы қазақ рухының бірегей бұлқынысы, азаттық таңына деген аймаңдай ұмтылысы. Еркін, кезбе, тұсауға көнбес алып қазақ жанының кардиограммасы. Осы бір азуын айға білеген жыр көші туралы қазақтың Шерханы бүй депті. «Ақсұңқарұлы баяғы бабасы Күлтегінді іздейді. Таба алмай шарқ ұрады. Түрік әлемінің абыройын асқақтатқан Күлтегін заманын аңсап, Иисус Христостың оралуын зарыға күткен христиандар сияқты, ақын да ұлы рух пайғамбарларының қайта келуін аңсармен армандайды. Күлтегіннің өзі армансыз деп кім айтты? Оның да сатқын уәзірлері болған. Бәлеқор, жалақор, парақорлар сол заманда да сүмелеңдеп жүрген. Алып бәйтеректің өзегіне құрт түссе – бәрінен де сол жаман. Қысық көз, қисық тістілердің әккілігіне, парасына қызығып, елін, Отанын сатқан сұмырайлар ақыры айбынды түрік дүниесінің іргесін ірітті. Ақсұңқарұлы өткір өлеңмен осы көң тарихты тірілтті. Дәл осы кезде, тәуелсіздік таразысының екі басы алма-кезек қалтылдап, теңесе алмай тұрған шақта бұл поэма – қаһарлы қатаң ескерту».
Иә, ақында кешегі көне Түркінің, қарағайға қарсы біткен жыраулардың ізі бар. Бұл – талассыз шындық.
Әдебиет эволюциясы тоқтаусыз жалғаса бермек. Ол тоқтаса, өнер де тоқырайды. Онда Абай мен Пушкиннен кейін жыр жазудың да мәні болмас еді. Ақсұңқарұлы поэзияға өз дәуірінің үнін әкелді, мазмұндық һәм формалық жаңалығын енгізді. Біздер, кейінгі буын өкілдері, ақын поэзиясы арқылы Батыстың өркениетті өнерімен жүздестік. Қазақ рухының өркениетке ілескеніне, көркем қалыппен үндескеніне, Катулл мен Овидийге, Данте мен Байронға еркін тіл қатқанына, солармен иық тірестіре сөйлегеніне куә болдық. Өткен ғасыр поэзиясының даму межесін көргісі келген адам Ақсұңқарұлы кітабын парақтаса сөзімізге анық көз жеткізбек. Эволюциясыз өнер өспейді, поэзия дамымайды. Әлемдік ақыл-ой інжу-маржандарын сіңіре оқу арқылы қазақ поэзиясына жаңа ағыс, жаңа өріс қосу – кез келген ақынға бұйырмас бақыт. Серік Ақсұңқарұлы ұлт поэзиясын бір саты жоғары көтерген сирек шайырдың сапынан.
«Дірілдерін
Гүрілдерін
Құлақ түріп, тыңдай қалып –
Бүгін менің,
Жұмыр Жерім
Бара жатыр Күнді айналып.
Күнді айналу –
Мұңды ойлану,
Көз жастағы көліңменен.
Өмір деген –
Күнді айналу!!!
Күлге айналу –
Өлім деген!»
Ақын туралы пікірлер аз емес. Соның бірі алып жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзі. «Егер Тәңірі саған қуат берген болса, дарын берген болса, көкірегіңе бір сәуле құйған болса, оны аялап ұстаған абзал. Бұл дарын аз ба, көп пе – сен оны ешкімнен тартып алған жоқсың. Берсе оны саған Алла берді! Басқа саланы айтпай-ақ қояйын, өзімізге етене таныс жазу-сызу төңірегіне ой салсақ, Тәңірі ақын болсын, жазушы болсын деп бір пендесін таңдады. Көкірегіне сәуле құйды. Менің Серік бауырым сияқты. Алла сәулесін ақын Ақсұңқарұлының кеудесіне құйды. Онымен қатар қанжығаласа туғандарға ондай қасиет берген жоқ» дейді жазушы.
Серік Ақсұңқарұлы – Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиевтердің соңынан жеке мектеп қалыптастырған ақын. Бәріміз – сол мектептің түлегіміз, бәріміз сол мектептен үйреніп, тәлім алғанбыз. Сондықтан, бүгінгі поэзия классигіне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес деп ойлаймын.