
Жол салынса, тіршілік жанданады
Қостанайға сапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Торғай арқылы Астана мен Ырғызға төте түсетін Орталық – Батыс автожолының құрылысы жоспар бойынша 2027 жылы басталуға тиіс. Бірақ ыңғайы келсе келер жылы-ақ қолға алынуы әбден мүмкін.
Қазір Астанадан Ырғызға дейінгі жолдың қашықтығы – 1 438 шақырым. Осы бағытқа Арқалық, Торғай арқылы өтетін төте жол 865 шақырым болады.
«Ұсынып отырған жобамыз бойынша жол Астанадан Жантекеге, одан Егіндікөлге барады. Әрі қарай Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандары арқылы Ырғызға барады. Екінші санатты, ені 9 метр болатын, екі жолақты жол саламыз», деді М.Қарабаев.
Орталық – Батыс төте жолының картасына сәйкес, Астанадан Жантекеге дейін 100 шақырым, бірінші санаттағы төрт жолақты жол салынады. Жантекеден Егіндікөл, Арқалыққа қарай дәл қазір жол жоқ. Сондықтан бұл бағытқа ұзындығы 241 шақырым болатын жаңа жол түседі. Арқалық пен Торғайды жалғап жатқан үшінші санатты жол екінші санатты болып қайта жөндеуден өтеді. Ені 7 метр жол 9 метрге дейін кеңейтіледі. Арқалық қаласы мен Амангелді, Торғай кенттерінің маңынан айналма жол түседі. Торғайдан әрі Ырғызға дейін де жол жоқ. Бұл екі аралыққа ұзындығы 193 шақырым жаңа жол салынады. Орталық – Батыс күре жолы Ақтөбе, Ақтау, Ресей, Қытай, Өзбекстанға кететін Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне тікелей шығады.
Жергілікті шаруа қожалығының иесі Бауыржан Айтжановтың сөзінше, жаңа жол өңірдің өрісін кеңейтіп, жолды қысқартады, қолды ұзартады.
«Бұған дейін Астанаға жету үшін Державинскіні айналып, жол азабын тарттық. Игі жоба жүзеге асса, біріншіден, Торғайдан шыққан жолаушы ары кеткенде 6–7 сағаттан соң Астанада отырады. Торғайдан Ырғызға дейін жаңа жол салынса, өңірде мал шаруашылығы саласы да жанданар еді. Текке далада қалып жатқан мал терісі мен жүнін қабылдайтын орындар пайда болады. Амангелді, Жангелдин аудандарында шамамен 600-ден астам шаруа қожалығы бар. Мұнда оңтүстіктен ірі қара іздеп келетіндер көп. Алайда қатынас қиын», дейді шаруа.
Жеңілдетілген несие беріледі
Министрдің сөзінше, жол құрылысы барысында, сондай-ақ жол салынып біткеннен кейін де жергілікті азаматтар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Жеңілдетілген несие беру де қарастырылған. Жол бойынан берілетін жер телімін ресімдеу жағы да едәуір жеңілдетілмек. Қазірдің өзінде бірнеше фермер мал бордақылау алаңдарын ашуға ниетті.
«Жангелдин ауданының әкімі халықтың басын қосып, қанша адам қандай кәсіппен айналысқысы келеді, соның тізімін жасап, бизнес-жоспарын әзірлеп, қанша қаржы керек екенін анықтауы керек. Жол бойында ауыр жүк көліктеріне арналған арнайы бекет салуға қаржы қарастырып отырмыз. Бұл шаруаны еңсеріп кете алатын азаматтарға жеңілдетілген пайызбен несие береміз. Оның біреуі міндетті түрде осы Жангелдин ауданында салынуы керек. Мақсат біреу-ақ, салынған жолдың бойында тіршілік қайнап, кәсіп даму керек», деді министр.
Айналма жол ауыл тұрғындары көрсеткен жерге түседі
Торғай кентінің тұрғыны Қасым Сұлтановтың «Торғай елді мекені мен айналма жолдың арақашықтығы қанша болады?» деген сауалына министр: «Айналма жолды ауылдан 5 шақырымдай қашықта салу жоспарланған. Бірақ оны өздеріңіз ақылдасып, нақтылап алыңыздар. «Қазавтожол» филиалының басшысына «Айналма жол мына жерден басталсын, ана жерден бітсін» деп айтыңыздар. 15 шақырым алыс салып қойып, одан кейін ертең ауылға ешкім келмейді деп отырмайық», деп жауап берді.
Жол бойында орналасқан ауылдардан жолдың арғы бетіне өтетін қаншама мал бар. Тоқанай, Тәуіш, Сужарған тұрғындарын «жобада мал өтетін жол қарастырылған ба?», «аталған елді мекендер арқылы өтетін жол учаскесіне жарық орнатыла ма?» деген мәселе алаңдатады. «Әр елді мекенде міндетті түрде жарық пен мал өткізу пункті болады. Ауылдардың маңынан жер астымен мал өткізетін арнайы жол жасаймыз. Қажет болса, мал өтетін жерге де жарық қоямыз», деді министр.
Ақылы жолдың артықшылығы көп
Министрдің айтуынша, пайдалануға берілген соң бұл жол да ақылы жолға айналмақ.
«Бұл жерден мыңдаған шетелдік көлік өтеді. Транзиттік көліктер бізге ақы төлеуі керек. Қазір жергілікті халыққа арналған абонемент бар. Мысалы, Жангелдин ауданының ішінде жүретін жергілікті көліктер 1 АЕК, яғни бір жылға 3 932 теңге төлейді. Ауыр жүк көліктері бір шақырымға 55 теңге төлейді. Ақылы жолдан түскен ақша жолды күтіп ұстауға, жол бойында қызмет көрсететін нысандарды салуға бағытталады», деді М.Қарабаев.
Жоба авторларының айтуынша, Орталық пен Батысты жалғайтын күре жолдың үстімен тәулігіне 3 мың автокөлік өтеді. Бұл – осы жолдың бойында жатқан 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекеннің өркендеуіне, түкпірдегі өңірдің транзиттік әлеуетінің айтарлықтай артуына мүмкіндік сыйламақ.
Арқалық әуежайы келесі жылы пайдалануға беріледі
Президент Құрылтайда «Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн» деген еді. Министрдің сөзінше, әуежай құрылысы биыл басталады. «Келесі жылы толық іске қосылады. Торғай халқы Арқалықтан Астана, Алматы, Қостанайға тікелей әуе жолымен қатынайды», деді Көлік министрі.
Жалпы ауданы – 3 200 шаршы метр, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсететін екіқабатты жаңа әуежай кешені салынады. Ұзындығы 2,5 мың метр ұшу-қону жолағы, такси жолы мен перрон жөнделеді. Аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтар сатып алынып, Қостанай, Астана және Алматыға қолжетімді бағамен субсидияланатын рейстер іске қосылмақ.
Қостанай облысы