
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Эмоционалды интеллект – адамның өз эмоциясын қабылдап, кәдеге жарата білуі. Сондай-ақ басқа адамдардың эмоциясын танып, бақылай алуы, оларды ажыратып, өзінің игілігіне қолдануы. Кез келген тапсырманы тиімді шешуде алдымен эмоцияны басқара білу керек. Әрбір адам эмоциялық ойлау жүйесін өзі дамыта білсе, одан еш ұтылмайды. Эмоция – энергия десек, адамның болашағы эмоциялық ойлау қабілетіне де байланысты деген түсінікке келеміз.
Психологияда эмоционалды интелектінің негізгі элементтері жан-жақты қамтылған. Ол туралы психолог Айгүл Абдрахмановадан сұрап-білдік.
– Эмоционалды интеллектінің ең бірінші элементі – эмоционалды өзін-өзі тану. Содан соң эмоционалды өзін-өзі бақылау, ынталандыру, басқалардағы эмоцияны тану, эмпатия, тұлғааралық қатынас болып жалғасады. Мұндағы эмоцияны тану атты элемент қарым-қатынасқа тиімді ықпал етеді. Ол эмоцияларды сипаттауға, өңдеуге, болашақта эмоцияны ажыратуға мүмкіндік береді. Эмоцияны басқару – адамның өзін-өзі бақылауымен байланысты күй. Эмоцияларды ынталандырушы (мотивация) белгілі бір күшке ие болады. Себебі ол әр адамды қалайда бір әрекетке итермелеп, ынталандырып отырады. Эмоцияның көмегімен дене, ақыл өзара әрекеттесіп, үнемі өзгеріп, ауысады. Эмоцияны дұрыс басқару – адамдармен саламатты қарым-қатынас орнатуға көмектеседі, – дейді А.Абдрахманова.
Эмоцияны басқара білу сыртқы ортамен, отбасымен, достармен, жұмыста әріптестерімен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Психологтер эмоцияны басқару әрбір адамның қолынан келе бермейтін іс дейді. Ол үшін адамның әр нәрсеге қабілетті, ерік-жігері мығым болғаны дұрыс. Эмоционалды интеллект адамдармен қарым-қатынас кезінде байқалады, басқа адамдардың эмоционалды күйін тануға мүмкіндік береді. Дегенмен осы мәселені зерттеу мен іс жүзінде қолданудың арасында үлкен айырмашылық бар. Мысалы, екі адамның арасында дау-жанжал туды делік. Бірінші адам агрессивті мінез көрсетсе, екінші адамның эмоциясын дұрыс бақылап отыруы қиынға соғады.
Эмоционалды интеллекті жоғары адамдар өте көңілді келеді. Жұмысы жоспардан ауытқып кетсе қамықпайды. Тұнжырамай, сыннан сабақ алуға ұмтылады. Қателіктен қорытынды шығаруға тырысады. Ерік-жігері мығым болған соң, депрессиядан тез құтылады. Мұндай адамдар ойын ашық айтудан жасқанбайды, өзінің қандай ісіне болсын өкінбейді. Жағымсыз эмоцияларға бой ұрмайды. Осының барлығын қаперге алсақ, эмоционалды интеллектіні бала жастан дамытқан дұрыс. Мұны А.Абдрахманова былайша түсіндіреді:
– Баланың эмоционалды интеллектін дамытуға ата-аналар тікелей араласады. Өйткені бала дүниеге келгеннен ана махабатын сезінеді. Бізде, психологияда «бақытты сандық» деген жаттығу бар. Сонда жанасу, иіс сезу, есту, көру, дәм сезу арқылы келетін түйсік үдерісі де үлкен рөл атқарады. Түйсік баланың эмоционалды интеллектін дамытуға көмектеседі. Сол секілді ата-ана баламен әңгімелесіп, балаға дұрыс жол табу арқылы эмоционалды интеллектін дамытуға көмектесе алады, – дейді психолог.
Эмоционалды интеллекті жоғары тұлғалардың қарым-қабілетіне, өмірге көзқарасына қарап, оларды табысқа жететін адамдар деп айтуға болады. Психологтер кез келген адаммен сөйлескенде бірден эмоционалды интеллекті жоғары немесе төмен деп шорт кесіп айта алмайды. Балалық шағы, өскен ортасы туралы біліп барып қана байлам жасауы мүмкін. Адамның болашағына әсер ететін осындай аса қажет қабілетті шынықтыруға екінің бірі емес, оқыған, тәжірибелі психологтер жәрдемдеседі. Ең бастысы, эмоционалды интеллекті төмен екенін сезген тұлғаның өзінде дамуға деген ынта-жігер болуға тиіс.