20 Маусым, 2015

Тұғырда – тарбағатайлықтар

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Аламан-Орынбаев Өскеменде дәстүрлі халықтық спорт ойындары өтті Шығыс өңірінде ХІХ халықтық спорт ойындары өтті. Биылғы халықтық спорт ойындары облыс орталығындағы «Шығыс» стадио­нында салтанатты түрде жалауын көтерді. Спорттың дәстүрлі мерекесіне айналған атаулы шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. 11-16 маусым аралығында өткен бәсекеге өңірдің 19 қала мен ауданынан келген құрама командалар қатысты. Олар спорттың 25 түрі бойынша өзара сынға түсті. Оның ішінде, президенттік көпсайыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, теңге ілу, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, футбол және басқа да спорттық ойындар бар. Айта кетерлігі, халықтық спорт ойындарының ашылу салтанатына халық молынан жиналды. Бұл Шығыс Қазақстан жұртшылығының спортқа деген құштарлығын байқатады. Стадион жан­күйерге лық толғаннан кейін ұйымдастырушылардың ме­рекелік шараға әзірлеген бағдарламасы басталды. Ең алдымен зеңгір көк­тен төтенше жағдайлар қыз­метінің құтқарушылары парашютпен көк байрақты желбіретіп, стадионның ортасындағы жасыл көгалға қонып жатты. Бұдан кейін шығысқазақстандық спорт ардагерлері бастап, халықтық ойындарға қатысушы командалар шеруі өтті. Әр қала мен аудан командасының спорттағы жеткен жетіс­тіктері жарияланды. Соған орай көрермендер де дем беріп, қолдап отырды. Спорт­шыларға қызықты белдесулер мен жеңіс, көрермендерге жақсы көңіл-күй тілеген облыс әкімі Даниал Ахметов: – Дәстүрлі халықтық спорт ойындары – көрер көзге көркем, толымды, саламатты өмір салтын қалыптастырудың қазақстандық моделін қалып­тастыруға айтарлықтай үлес қосатын бірегей шаралардың бірі. Біздің алдымызда биік мақсаттар мен жоспарлар бар. Командалардың кә­сіби деңгейін көтеру мақ­сатында спорттық ұйым­дар құрылымдарының, облыстың құрама коман­да­ларының әзірліктерін қалыптастыру үшін кәсіби жат­тықты­рушыларды, шет­елдік мамандарды ша­қыруды көздеп отырмыз. Бұ­қаралық спортты дамы­туды жалғастыра отырып, спорт секциялары мен аула клубтарын күшейтуді жал­ғастырамыз, – деді. Өңір басшысының айтуынша, қазіргі кезде облыс көлемінде 3132 спорттық нысан, 38 спорт мектебі жұ­мыс істейді. Спортпен тұрақты түрде 400 мыңнан астам адам шұғылданады. Нәтижесінде, өткен жылдың өзінде халықаралық және республикалық бәсекелерде шығысқазақстандық спортшылар 647 медаль жеңіп алды. Бүгінде Олимпиада чемпио­ны Ольга Рыпакова, Әлем Кубогы кезеңінің жеңімпазы Алексей Полторанин, Әлем чемпионатының кү­міс жүлдегері Анастасия Сло­нова, «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарған Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұр­сынов және Шалқар Жо­ла­мановтар Шығыс өңірінің мақтаныштарына айналды. Аймақ басшысы жарысты ашық деп жариялаған соң төрешілер атынан спорт­тық ойындардың бас тө­решісі, спорт ардагері Маяк Жақсылықов, спортшылар атынан Азия және Дүние­жүзілік универсиада жеңімпазы, шаңғышы Анас­тасия Слонова, волейболдан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Роллан Бажанов жарыстың әділ әрі тартысты өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді. «Шығыс» стадионындағы ашылу салтанаты жергілікті шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Салтанатты шара соңында халықтық спорт ой­ындарының алауын А.Пол­торанин тұтатып, көк бар­қыт аспан отшашулармен көмкерілді. Халықтық ойындар барысында облыс әкімі шаһардағы бірқатар спорт нысандарында болып, жарыстық кездесулерді тамашала­ды. «Алтай» стадионы, ден­е­шынықтыру-сауықтыру ке­шені, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дің спорт модулі, Жекпе-жек сарайы және Меновное атшабарында өткен жарыстарға жанкүйер болған өңір басшысы спортшылармен кездесіп, әңгімелесті. Биылғы спорттық ойындар бағдарламасының бір ерекшелігі – ақшаңқан киіз үйлер бәсекесінің өтуі деу­ге болады. Дүбірлі дода қорытындысы бойынша үз­дік спортшылар облыс әкі­мінің жүлдесімен марапатталды. Бес күнге созылған биылғы бәсекеде Тарбағатай ауданының құрамасы бесінші мәрте чемпиондық атағын қорғап қалды. Ал қалалар арасында Өскемен командасы өзгелерден озық екенін анық байқатты. – Шығыс Қазақстанда спорттың барлық түрі дамып келеді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келер жылдан бастап халықтық спорт ойындарының бағдар­ламасына олимпиадалық спорт түрлерін қосуды жос­­парлап отырмыз. Сон­­дық­тан, алдағы уа­қыт­та бұл ойын­дардың қаты­су­шылары да көбейіп, кө­рер­мені де артатын болады. Бұл спорттың дамуы­на да ықпал етеді, – деді жарыс же­­ңімпаздарын құттық­та­ған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.