
Экскурсия аясында 30-дан астам студент Қонаев қаласындағы «Бағашар Мекен» антифриз зауытына барып, өндірістік цехтармен, өнім дайындау технологиясымен, зертханалық база және сапа бақылау жүйесімен танысты.
Іс-шара барысында колледж, зауыт және «Жастар Рухы» арасында үшжақты меморандум бекітілді. Құжатқа сәйкес, студенттер зауытта өндірістік тәжірибеден өтіп, үздіктері тұрақты жұмысқа қабылданатын болады.
«Біздің мақсатымыз – студенттерге нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Колледж түлектерін нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Өйткені, бұл – «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі», деді «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов.
«Бағашар Мекен» ЖШС – Қазақстандағы антифриз өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыт жылына 25 мың тоннаға дейін өнім шығарады, оны Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспорттайды. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді, көпшілігі – жергілікті тұрғындар.
Айта кетейік, биыл «Жастар Рухы» бастамасымен Алматы облысында 6 өндіріс орнына экскурсия ұйымдастырылып, оған 100-ден астам студент белсене қатысты.
Жыл соңына дейін 20 колледжбен меморандум жасалып, кемінде 500 студент өндірістік тәжірибеге және жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болмақ.