Туризм • 08 Сәуір, 2025

Үкіметте туристік саланы цифрландыру мәселесі қаралды

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құрудың маңыздылығы айтылды. Аталған мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметте туристік саланы цифрландыру мәселесі қаралды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Цифрландыру – туристік саланы дамытудың тағы бір маңызды бағыты. Туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру мәселесі пісіп-жетілді. Осы орайда TravelStan қосымшасының жасалуы – өте өзекті. Сервис нарықтың барлық қатысушыларын біріктіре отырып, туристердің сапалы әрі сенімді қызметтерге қол жеткізуіне кепілдік береді. Өткен жылы Your tourist pass жобасы басталды. Бұл құрал QR-кодты сканерлеу арқылы ұлттық туристік порталға, eQonaq көші-қон сервисіне, такси қызметіне және басқа да пайдалы ресурстарға бірыңғай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұған қоса, әлемнің көптеген елдерінде кеңінен танымал Tax Free пилоттық жобасы да жақсы нәтиже көрсетіп отыр», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, үш ай мерзімде туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Курорттық аймақтар мен табиғи парктердің бас жоспарларын цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ ұлттық туристік порталға кіруге мүмкіндік беретін QR-кодтарды әуежайларда, вокзалдар мен шекара бекеттерінде, туристер көп жиналатын жерлерде орналастыру қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігінің алдына Қаржы министрлігімен бірлесіп, «Tax Free» тетігін енгізудің нақты алгоритмін әзірлеу міндеті қойылған. Бұл құралды туристерге ыңғайлы болуы үшін, әсіресе әуежайларда қаражатты қайтару тетігін іске асыру үшін толығымен цифрландырып, автоматтандыру керек.

Айта кетейік, виза мәселесіне ерекше назар аударылды. Өтінімдер берудің барлық рәсімдерін толығымен цифрландыру арқылы Neo Nomad Visa-ны танымал ету тапсырылды. Туризм және спорт министрлігі Мәдениет, Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп, ел ішінде және шетелдерде Қазақстанның туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету міндеттелді.