Жоба • 09 Сәуір, 2025

Алматының Медеу ауданында су тапшылығы шешімін табады

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Медеу ауданының оңтүстік бөлігін сумен жабдықтаудың резервтік жүйесін орнату аяқталды. Іске асырылып жатқан жобалар ағымдағы жылдың соңына дейін Сұлусай және Мұзтау шағын аудандарын сумен және кәрізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматының Медеу ауданында су тапшылығы шешімін табады

«Алматы Су» МКК бас директоры Ілияс Қазиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдегендей, жобаның ерекшелігі – Талғар жерасты суларының кен орнынан каскадты тәсілмен су беру және кері режімде жұмыс істеу мүмкіндігі. Яғни қажет болған жағдайда судың солтүстіктен оңтүстікке қарай да, кері бағытта да қозғалысын өзгертуге болады. Бұл ауа-райының қатты әсеріне ұшыраған Кіші Алматы өзенінің бастапқы суының сапасына тәуелділікті жояды. Онда судың сапасы лайланудың жоғарылауына байланысты нашарлаған.

«Медеу ауданының оңтүстік бөлігінде су тапшылығын жою үшін қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қысқа мерзім ішінде сумен жабдықтаудың жаңа резервтік жүйесі құрылды. Ол қаланың осы бөлігіне жерасты көздерінен тәулігіне 32 мың текше метр су беруді қамтамасыз етті. Яғни Самал, Көктөбе және Таулы қырат шағынаудандарының 50 мың тұрғыны қаланың төменгі бөлігінен жіберілетін сумен қамтамасыз етілуі мүмкін», деді І.Қазиев.

Сол секілді сорғы стансаларын, таза су резервуарларын және магистральдық желілерді қайта жаңарту және салу бойынша жұмыстар орындалды. Бұл шағынауданның батыс және шығыс жағында таратушы инженерлік желілерді салу жобасы қосымша іске асырылатын Каменское үстірті ауданына тұрақты су беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Көлсай шағын ауданы орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтылған.