20 Маусым, 2015

Сарысуда іске асқан тірлік көп

407 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
4564321«Жері байдың елі бай» деген, соңғы жылдары Сарысу ауданының жер­асты байлығын игеруге көптеп келе бастаған инвесторлардың арқасында бұл өңір еңсесін тіктеп, тіршілігін біршама түзеп алды. Ендеше, Сарысу ауданының әкімі Қанатбек МӘДІБЕКПЕН әңгімеміз осы аймақтың қазіргі жағдайы турасында болды. – Қанатбек Қайшыбекұлы, ауданда аграрлық секторды дамыту барысында не істеліп жатыр? Ауыл шаруашылығын өркендетуде қан­дай оң нәтижелер бар? – Ауылдың болашағы – аймақтың, өңірдің болашағы. Сарысу – аграрлық аудан. Аудан халқының 50 пайызы ауылдарда тұрады. Биыл барлығы 17,0 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналас­тырылды. Бұл өткен жылдан 649 гектарға, жоспардан 2,4 мың гектарға артық. Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында барлығы 370 трактор бар. Олардың 90,0 пайызы толығымен көктемгі егіс жұмыстарына қатыстырылды. 2015 жылы егін шаруашылығын 52,4 млн. теңгеге субсидиялау жоспарланып отыр – Ауылда өндірілген өнімді сол жерде өңдеу, табыс көзіне айнал­дыруға қол жеткізу мәселенің нақ­ты шешімі болар еді. Мұның не­гізі ауылды индустрияландыруда жатыр. Бұл бағытта қолға алған тір­лік бар ма? – Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы аясында осы жылдың екінші жарты жылдығында құны 360,0 миллион теңгені құрайтын «Асыл-тұз» компаниясы тұз зауыты құрылысының жобасын ұсынуда. Қазіргі уақытта құжаттары ресімделу үстінде. Сонымен қатар, «Нар» және «Жаңатас ВЭС» ЖШС-лар желден электр қуатын өндіру жобаларын индустрияландыру картасына енгізуді жоспарлауда. Аудан аумағынан Ин­дустриялық аумақ құруға 60 гектар жер бөлінген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақта 12 жаңа инвестициялық жоба іске асатын болады, жалпы құны 1,2 миллиард теңге. Аумақта кірпіш, ас тұзын өндіру, асфальт-бетон зауыттары және тағы басқа өндіріс орын­дарын ашу көзделуде. Бүгінгі уақытта осы өндіріс орындарының құрылыстарын салуға жер учаскелері аукцион арқылы сатылып беріліп жатыр. – Сарысудың төскейін төрт тү­лік малға толтырудың қадам­дары жасалып жатқан болар. Бере­келі тірлікке бейімделген іс-әре­кеттердің барысы қандай? – Ауданда мал басы тұрақты өсуде. Биыл ірі қара 18,2 мың басқа, қой-ешкі 227,6 мың басқа, жылқы 5,3 мың басқа, түйе 1,8 мың басқа, құс 22,3 мың басқа өсті. Мал шаруашылығын өркендету және өнімін молайту ерекше назарға алынып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан игілікті істер де баршылық. Атап айтқанда, 6 ауылдық аймақта 1750 бас уақ мал мен 20 бас ірі қара малын бордақылау орындары бар. Жаңатас қаласынан 1 мал бордақылау алаңынан құрылысы аяқталып, қажетті құжаттары ресім­делуде. 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға 5 гектар жер ресімделді. Аудандағы мал бордақылау алаңдарынан есептік нөмір алу жөнінде жұмыстар жүр­гізілуде. Аудан көлемінде 2 мал сою алаңы жұмыс істейді. Жаңатас қаласында – 2, Саудакент ауылында 1 ет сату орны бар. Ет сату орындары арнайы тоңазытқыштармен қамтылған. – «Сыбаға» бағдарламасы қан­ша­лықты жүзеге асырылуда? – Ауданда «Ет бағытындағы ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыруға арналған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 8 шаруашылық барлығы 68,0 млн. теңге несиеге 379 бас ірі қара малын сатып алып, ақпараттық-сараптамалық жүйесі (АСЖ) бағдар­ламасына тіркеліп, жұмыс атқаруда. Жаңаталап ауылдық округінен «Ынталы» шаруа қожалығы «Аграр­лық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 14 млн. 520 мың теңге несие алып, 82 бас аналық сиыр, 4 бас асыл тұқымды бұқа алса, Досбол ауылдық округінен «Нұрлан» шаруа қожалығының есепшотына 9 млн. 600 мың теңге түсіп, бүгінгі күнде бұл қаражатқа 60 бас сиыр сатып алуға жұмыс атқаруда. Тоғызкент ауылдық округінен «Байбек» шаруа қожалығы осы бағдарлама бойынша несие алып, жұмыс жүргізу мақсатында құжаттарын ресімдеуде. Сондай-ақ, «Аграрлық несие кор­порациясы» акционерлік қоға­мы арқылы Тоғызкент ауылдық округіндегі «Абылай-Т» шаруа қо­жа­лығы «Алтын сақа» бағдар­ла­масы бойынша 380 бас қой алуға 10 млн. теңге несие алу үшін толық құжаттарын ресімдеп өткізді. Жалпы мал шаруашылығын қолдау субсидиялау жайында да жұмыстар баршылық. Осы жылдың басынан бері 10 шаруа қожалыққа 32 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алғаны үшін 4928,0 мың теңге, 17 шаруашылыққа асыл тұқымды 735 бас қой сатып алғанына 5880,0 мың теңге, МІҚ малын өсіретін 16 шаруашылықтағы 1145 бас аналық сиырға селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізгендігіне тиесілі субсидия көлемі 20610,0 мың теңге болса, бүгінгі күнге дейін одан шаруа қожалықтарының есепшотына 15725,0 мың теңге аударылды. Мал өнімдерін өткергені үшін 3227,0 мың теңге, ірі қара малын қолдан ұрықтандыру шығынын өтеу үшін 914,0 мың теңге – барлығы 30674,0 мың теңге шаруа қожалықтарының жеке есепшоттарына аударылды. – Ауылдағы малшы мен ди­қан кәсібін дөңгелетуге қаржы жетіспейді. Банктерден алуға бә­рінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Ауылға өзгеше несие саясаты керек сияқты. Сіз бұған не дейсіз? – Екінші деңгейлі банктер ар­қылы берілетін несиелік қаржының пайыздық мөлшерін қаржы агенті  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қо­ры» АҚ арқылы Үкіметтің шағын қалаларды қаржылай қолдау саясаты жүзеге асырылмақ. Жаңатас қаласындағы инвестициялық жобалар мен өндірісті жаңғырту және кеңейту жобалары бойынша әрбір кәсіпкердің несиелік қаржысының жылдық сыйақы мөлшері екінші деңгейлі банктердің шекті мөлшері 14 пайыз болып табылса, оның 10 пайызы аталған қор арқылы субсидияланып, кәсіпкерге бар-жоғы 4 пайыз ғана жылдық сыйақы төлемі ғана қалмақ. Осындай жеңілдіктің ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне де қатысы бар. Бұл жағдай екінші деңгейлі банктердің шалғайдағы біздің ауданға деген бұрыннан қалыптасқан ұстанымын өзгертуіне тура келіп отыр. Олар да шағын қалалар үшін мемлекет тарапынан 10 пайыздық сыйақыны алуға құш­тарлық танытуда. Олардың көш­басында бұрыннан іскерлік байланыста болған «Халықтық Банктің» облыстық филиалы тұр. Соңғы кездері «ҚазАгроҚаржы» АҚ жұмысына қанағаттанбай жүрген шаруашылық басшылары да жоқ емес. Бірнеше ай құжат жинап, техникаларын ала алмаған соң арзан техникаларды көрші облыстардан, республикалардан сатып алып жатыр. Дегенмен, ол аудан шаруаларының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды. Аталған мекемеге құжат жинаудың өзі жыл он екі ай шаруа жұмысымен айналысатын ауыл адамы үшін едәуір қиындықтар әкеледі. Әрине, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-та екінші деңгейлі банктер секілді өзіндік саясаты бар. Бұл мекеме іргелі кәсіпорындардан сұрайтын тиісті құжаттарды, талаптарды қарапайым шаруадан да сұрайды. Былайша айтқанда, қағазбастылық көп. Соның салдарынан олар не жұмыс істей алмай, егінін игере алмай, не ортақ ұжымға біріге алмай қауқарсыз шаруа қожалықтарына айналуда. Қалай дегенде де жаңа техника – жаңа өнім кепілі. – Майда шаруашылықтарды ірілен­діру мәселесі үнемі айтылып келеді. Бірақ, алға жылжу байқалмайды. Оны жүзеге асы­рудың тетіктері бар ма? Сіз қалай ойлайсыз? – Ауданда ұсақ шаруашылық­тардың бірігу шаралары да жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, 22 майда шаруашылық өзара бірігіп, аудандағы шаруа қожалықтарының саны 529-ға азайып, саннан сапаға көшті. Бұдан бөлек 3 ірі өндірістік кооператив жұмыс істейді. Өткен жылы жер телімдеріне ревизия жасалып, қауқарсыз шаруашылықтардың өздерінің келісімі бойынша жерлері алынып, аукцион бойынша жері аз шаруа қожалықтарына берілді. Жалпы, ірілендіру бағытындағы жұ­мыс­тары мұнымен тоқтаған жоқ. Шаруалар арасындағы түсінік жұ­мыс­тары одан әрі жүргізіліп, несие және қайтарымсыз қаржылар алу, мал тұқымын асылдандыру секілді мәселелер кеңінен насихатталуда. Ауыл шаруашылығы құрылым­дарының дамуына ең үлкен тежеу болып отырған нәрсе – ұсақ тауар­лық өндірісті орта және ірі тауарлы шаруашылықтарға біріктіру мәселесі. Біздің ауданда бір түйіні шешілмей келе жатқан мәселе – жайылымдық суға байланысты. Сарысу ауданы Шу, Талас, Аса өзендерінің төменгі сағасында, шөл және шөлейтті аймақта орналасқан. Сондықтан, су мәселесі өте қиын. – Аудан орталығы Жаңатас қаласы өнеркәсіптік аймақ екені белгілі. Өнеркәсіпті қарқынды дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз? – Кәсіпкерліктің белсенді субъек­тілерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 бірлікке артып, 1666 бірлікті құрап отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ауданда екінші деңгейлі банктерден несие алуға және мемлекеттік грантқа қатысуға жалпы құны 230,0 млн. теңгені құрайтын 57 жаңа инвестициялық жоба іріктеліп, 29 жобасы екінші деңгейлі банктердің қарауына жолданған. Осы жолданған жобалардың бүгінгі күнге 4-еуі мақұлданып, облыстық өңірлік үйлестіру кеңесінің оң нәтижесін алды, қалған жобалар несиелендіру талаптарына сәйкестігі қаралуда. Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 3 кәсіпкер 19,0 млн. теңге несие қаражатын алды. Осы несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялауға 13,5 млн. теңге қаржысы «Даму» қорына аударылып берілді. – Инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық­­тарды дамытудың жай-күйі қандай? – Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында 29 үйді бұзып, орнын тазалауға 250,0 млн. теңге қаржы бөлініп, есепті кезеңде 19 үй бұзылып, 169,4 млн. теңге қаржысы игерілді. Ауылдық елді мекендерде және Жаңатас қаласында иесіз, қирап қалған ғимараттардың орны тазартылды. Жаңатас қаласындағы орталық саябақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жал­ғасуда. Биыл 220 пәтерлі 2 көп қабатты үй қалпына келтірілді. Оның біреуі «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында жас отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы ипотекаға беріліп жатыр. Бүгінгі таңда ипотека арқылы пәтер алуға 130 азамат тілек білдірді. Келесі жылға қайта қалпына келтіруге 190 пәтерлі екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары жоғары орындарға ұсы­нылды. Жалпы Жаңатас қаласы бойын­ша 19 көп қабатты үй қайта қалпына келтіруге жатады.  Әңгімелескен, Жамалбек ӨЗБЕКОВ. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы.