
Іс-шарада Қазақстанның Франциядағы Елшісі Г.Арыстанқұлова, Гарж-ле-Гонесс қаласы спорт мәселелері жөніндегі мэрінің орынбасары Б. Гюно және «AKFT» қазақ диаспорасының төрағасы Р.Гюнай құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртқа жылы лебіздерін арнады. Былтыр Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері, дзюдо спортынан атақты балуан Елдос Сметов те мерекелік басқосуда көпшілікке өзінің құттықтау тілегін жолдады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Б.Әділханов салада атқарылған жұмыстар туралы қысқашы айтып өтті. Мерекелік концерт аясында шаһардың «Qagan» этно-ансамблі мен «Яссы» би тобы өз өнерлерін көрерменге паш етті. Сондай-ақ, «Мәдениет пен спортты дамыту» қоғамдық бірлестігі ұлттық ойындар - асық ату, арқан тартудан қызықты спорттық сайыстар ұйымдастырды.
Осы іс-шарада футболдан өткен халықаралық турнир де көпшілікке керемет әсер сыйлады. Аяқдоп жарысына бірнеше команда қатысты. Олардың қатарында қазақстандық дипломаттар, қандастар, Францияда жұмыс істейтін, оқитын отандастар, шетелдіктер болды. Турнир нәтижесінде «Париж қазақ спорт» командасы чемпион атанса, «Оңтүстік Қазақстан облысы» командасы күміс медаль жеңіп алды, ал «Достық» командасы қола медальді місе тұтты. Барлық жеңімпаздарды дзюдодан Олимпиада чемпионы Е.Сметов өз қолымен марапаттады.
Бұдан бөлек Шымкенттің Франциядағы күндері іс-шарасына қатысушылар «Ұршық» қолөнершілер қоғамы ұйымдастырған шеберлік сағатына қатысып, тоқылған ұлттық әшекейлер мен қолөнер бұйымдарының жасалуын тамашалады. Көктемгі кездесу ұлттық киімнің «Bibikarden» әйелдер топтамасының көрсетіліміне ұласты.
Сонымен ұйымдастырушылар шымкенттік өнерпаздар сыйлаған қуаныш Қазақстан мен Франция арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқанын атап өтті.