
Сурет: gov.kz
Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, Достастық шеңберіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын пысықтады. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдер арасындағы кешенді байланыстарды тереңдетудің ортақ алаңы екенін айтып, бұл бағыттағы әріптестік байланыстар нығая беретініне сенім білдірді. СІМ басшысы Қазақстан Ұйымды одан әрі дамытуға мүдделі және оның көпқырлы әлеуетін нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Сондай-ақ М.Нұртілеу қатысушыларды ТМД аясындағы ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілері бойынша еліміздің ұстанымдары туралы хабардар етіп, Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсынысты ортаға салды. Бұл ретте Ұйымның институционалдық дамуына, үйлестіру механизмдерін жетілдіруге және Достастық аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылғаны айтылды.
Жиында Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.
«Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтерлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жоба сияқты ауқымды іс-шаралар бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр әрі жақын болашақта өткізуге жоспарланған», деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға «1941–1945 жж. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.
Дәстүрлі достық атмосферасында өрбіген ауқымды жиын аясында СІМ басшысы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізді. Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды. Стратегиялық маңызы бар салаларда – көлік және логистика, энергетика, металлургия, машина жасау, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағыттарында мемлекетаралық серіктестіктің оң динамикасы аталып өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 27,8 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,8%-ға өскен. Осыған орай тараптар бұл көрсеткішті алдағы уақытта 30 млрд долларға дейін жеткізуге мүдделі екенін жеткізді.
Министрлер сондай-ақ екіжақты стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға өзара бейіл екенін білдіріп, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы үйлестірілген іс-қимылға ерекше маңыз берілгенін айтты.
«Қазақстан – сенімді одақтасымыз және көршіміз. Мемлекет басшылары айқындаған бағытты негізге ала отырып, біз әрдайым екіжақты және халықаралық алаңдарда бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз», деді С.Лавров.
Ұйымға мүше мемлекеттер өкілдерінің шешімімен Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтетіні мәлім болды.
АЛМАТЫ