Оқиға • 14 Сәуір, 2025

Ұлытау облысында бүлдіршінді ұрған тәрбиеші жауапқа тартылды

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Ш. есімді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді қатыгездікпен бұзу дерегі бойынша айыпталған, деп хабарлайды Egemen.kz

Ұлытау облысында бүлдіршінді ұрған тәрбиеші жауапқа тартылды

Фото: depositphotos.com

Облыстық соттың мәліметінше, 2023 жылғы 18 қазанда Ш. «Б» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа қабылданған. 

Оқиға кезінде балалар акварельмен сурет салып жатқан. Сол сәтте тәрбиеші 2022 жылы 12 тамызда туған тәрбиеленуші М-ның бояуды аузына салып жатқанын байқап, ескерту жасап, баланың ернін қолымен ұрған. Кейіннен оны желкесінен ұрып, орнынан тұрғызып, жуынатын бөлмеге жетектемек болған. Сол кезде баланы желкесінен ұстап, алға итеріп жіберіп, құлатып алған. Кейін оны қолынан тартып тұрғызып, бөлмеге алып кеткен.

Сот отырысында Ш. өз кінәсін мойындамаған. Ол баланы тек қатты көтергенін, бірақ ұрмағанын айтқан. Алайда сотта қаралған бейнебақылау жазбалары мен өзге де дәлелдер тәрбиешінің кінәсін толықтай дәлелдеген.

«Сот үкімімен Ш. ҚК-ның 140 бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға 3 жылға тыйым салумен қоса, 80 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына келтірілген моральдық зиян үшін 200 000 теңге өндірілді», делінген хабарламада.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.