20 Маусым, 2015

Тайыр аға тұғыры

772 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
УОС-ЦВ-2Тайыр ағаны мен сол 1950-жылдардан білемін. Біз Бақалы ауылында, олар Тастөбе ауылында тұрды. Бізден шамамен 12-15 шақырым жерде. Әкемнің інісі Үсіпбай Рысдәулетұлы Тастанды Бүркітбайұлының (Тайырдың әкесі) немере-шөбере бауыры Әтира Кендебайқызына үйленген-тін. Әкем де, оның інісі де соғыстан оралмады. Жесір шешем қайнысынан қалған үш жетім бала – Молдаһәлім, Рақыманбек, Мақұлбектерді тәрбиесіне алды. Әтира жеңгеміз 25 жасында күйеуінен жесір қалса, 35 жасында дүниеден озған еді. Дүние саларында анам (ол кісінің туған абысыны) Тыйдығызға: – Мына Рақыманбекті бірінші Аллаға, екінші сізге тапсырдым, – деп аманаттағаны бала көңілімде сақталып қалыпты. Таир ата Заман ауыр, тұрмыс жұтаң, ішіп-жем, талғажау ғана, жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Колхоз жерін күрекпен аудару, күндіз-түні қырманда, егіс даласында тесікөкпе болып жұмыс істеу денсаулықты бұзған екен. Ол кезде дәрігерлік көмек дегенің де жоқтың қасы. Осы ауыр тұрмыс жеңгемізді алып тынған еді. Жетім-жесірлік, жоқшылығыңа қарап, аяушылық танытып тұрған билік жоқ. «Заем» деген салық салады. Әй-шәйға қарамай, 1951 жылы біздің үйге 3000 сом (ол кезде бұл үлкен ақша) заем салсын. Шешем: «Әкеңді атаусыз қалдырмай ас берейік», деп бір жыл бұрын шама-шарқынша даярланған еді. Ас бердік. Тайыр мен ағасы Айтқұл екеуі бір-бір баспақтан әкеліпті, сол екі баспақты ас өткен соң сатып, салықтан құтылып, көзіміз ашылған еді. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген осы екен де... Құда-құдандалы болып араласып-құраласып, барып-келіп тұрдық. Апамыз есекке мінгестіріп бірде Рақыманбекті, енді бірде мені алып баратын. Сол ауылдың балаларымен асыр салып ойнап, танысып, ел көріп, жер көріп, өсіп, жетіліп келе жаттық. Ол кезде Тайыр ағамыз колхозда кілтші еді. 1959 жылы май айының 31-інде біз Бурныйдағы №2 қазақ орта мектебінің 10-сыныбын бітіру емтиханында қазақ әдебиетінен шығарма жаздық. Бізбен бірге Тайыр Тастандиев, Тұрмағамбет Мықтыбеков есімді ересек 35-37 жастағы азаматтар да шұғыл емтихан тапсырды. Соғыс зардабынан бұлар 7-сыныптан соң оқи алмай қалған екен. Соғыста болған осы кісілердің де мемлекеттік лауазымды қызмет атқарып жүрген кездері. Тайыр аға №10 әскери кеңшарында ауылдық кеңес төрағасы болып істеп жүрген. Әкесі жоқ, шешесі зейнеткерлік жас­та, басқа қарасатын адамы жоқтарды сол кездің заңы бойынша әскери қызмет атқаруға алмайтын. Оның үстіне шешем: «Әкеңді соғыс жалмады, енді жалғыз сені әскерге жібермеймін», деп әскери комиссариатқа келсін. Аудандық әскери комиссар бірдеңе дәметіп, желеу іздеп мазалай берді. Оған бере қоятын соқыр тиынымыз тағы жоқ. Желеуі «Ағаларың бар», ал олардың фамилиясы, аты-жөні – бәрі бөлек. Оның үстіне олар (Молдаһәлім мен Рақыманбек) үйлі-баранды, енші алып, бөлініп кеткен еді. Анама: «Кете беремін ел қатарлы», – деп екеуміз келісе алмай көшеге шықтық. Құдай айдап алдымыздан арсалаңдап Тайыр көкеміз шыға келсін. Жағдайды анам түгел түсіндіріп шықты. Тәкең сөзге келмей, өзі кіріп, комиссарға жеке жолықты. Істі ойдағыдай шешіп берген еді сол жолы. 1964 жыл болуы керек, Тайыр Исламбай екеуі Ванновкадан келе жатып Шақпақтың белінде жеңіл машинамен апатқа ұшырап, Исламбай қаза тауып, өзі және балалары жарақат алып, ауруханаға түсіпті. Сөмкемді көтеріп Бурныйдың ауруханасына бардым. Ішке кіргізбеді. Терезеден сөйлесіп, көңіл сұрап қайттым. Осы Исламбай екеуі №110 теміржол бекетінің «Сұрым» деп аталуына көп күш жұмсап еді. 1966 жыл. Мен Жуалы ауданына қарасты «Бірлік» ауылында орталау мектепте мұғалім болып істеймін. Мамыр айы. Жер-көк құлпырып жайнап тұр. Бірліктің қариялары: – Бізді Сұрым, Қызыларықтағы ағайындар қонаққа шақырыпты, екі туысқан елді таныстырып, араластырмақ, – деп кім-кімнің баратынын белгіледі. Мен де баратындар тізіміне еніппін. Бір автобус жалдап, ақсақал, қарасақалы бар, сағат үштерде жолға шықтық. Тайырлар бас ие, үлкені бар, кішісі бар, сондай бір тамаша жағдайда, аса бір жақын-туыс, бауырмалдықпен қарсы алды. Жылқы, қой сойылған. Дастарқан ағыл-тегіл. Той өте әсерлі, есте қаларлықтай болып өтті. «Еркектің сұлулығы – тілінде. Жігерлі, шешен сөйлеу – дарын. Сөзді әр адам еститіндей, ұғымды, мәнді сөйлеу керек. Сөзге шешен адам өз ұлтының шамшырағы саналған. Сондай адам халыққа көп пайдасын тигізеді», деген қасиетті хадисте. Сол күні Тайыр ағамыз жасынша жарқылдап, үлкен басқосудың шебер ұйымдастырушысы болып көзге түскен-ді. Тәкеңнің жұмысы қауырт, өте ерте тұратын. Өзін де, киімін де таза ұстайтын. Киген киімі, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі – бәрі өзіне жарасып тұратын. Бір сөзбен айтқанда, Тайыр ағаның жүріс-тұрысынан кісілікті, сөйлеген сөзінен бекзаттықты, істеген ісінен өнегелілікті танитын едіңіз. Тайыр аға туралы бір сөз болып қалғанда Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың атасы Бибасар: «Мен Тайырмен Киев қаласында 1943 жылы госпитальда бірге жаттым. Қағылез, пысық, тілалғыш, иманжүзді, сүйкімді жігіт еді. Біз тұра алмаймыз әрі біз одан бір мүшел үлкенбіз, қалтамыздағы тиын-тебенді құрастырып, базарға жібереміз. Бір сөз қайтармай жөнелетін, мың болғыр, – деп еске алған еді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, бір отбасының жалғыз ұлының бес жылдың жүзін көрген қан майданнан аман оралуы, оның үстіне екі жылдың жүзінде (1944-1945 жылдары) үш «Даңқ» орденін алуы батырлықтың белгісі емей не?! Мына көрші Өзбекстанда сол сұрапыл соғыс жылдарында бір үйде бір ұл бала болса, «түтін өшеді» деп соғысқа алмаған екен. Біздің қазақта көп түтін өшті ғой. «Жүк ауырын бел көтереді, ел ауырын ер көтереді». Тайыр аға және оның замандастары ел ауырын соғыста ғана көтеріп қойған жоқ, елге келген соң да, соғыстан әбден жүдеп-жадап тұралаған «Азаматы жоқ ауыл сарғайған ескі жұрт екен де, еркексіз әйел қаңсыған итаяқ екеннің» кері келген елдің қайта түлеуіне ұлан-ғайыр үлес қосты. Батыр аға біздің үйге соңғы рет інімнің 1970 жылғы 9 шілде күнгі үйлену тойына алдын ала Үрлікүл екеуі келіп, мәре-сәре әңгіме-дүкен құрған едік. – Аға, осы үш «Даңқ» орденін қалай алғаныңыз туралы айтып берсеңізші, – деп өтіндім. Батыр аға қозғалақтап қойып сөйлеп кетті: – Мені, Байжан, тағы басқа қатарластарымды Сайрам әскери комиссариаты арқылы (ол кезде Жуалы ауданы Шымкент облысына қарайтын) әскерге алды. Бұл 1942 жылдың тамыз айы еді. Әртүрлі әскери даярлықтан өткізді. Майдан жолы ұзақ әңгіме. Мен қысқартып, тек орден алу сәттерін ғана айтайын. 1943 жылы қыркүйек айында Днепр өзенінен өту, 5 жауынгермен қарсы беттен тіл әкелу, дзоттың үнін өшіру тапсырмасымен түнде салмен өте бастадық. Күндіз мүмкін емес. Түннің өзінде дария беті ракетамен күндізгідей жап-жарық болып тұрады. Оқ қарша борайды. Күні бойы тығылып жаттық. Қараңғылық түсе дзотқа жылжып жеттік, күзетін өлтіріп, қасына жауынгер қосып, офицерді штабқа жөнелттім. Пулеметті немістерге қарай бұрып, артымыздан тың күш келгенше жауды өз қаруымен өзін күні бойы бет қаратпай атқыладық. Осыным үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым. Келесі кезекте Тайыр аға Симферополь, Кривой Рог, Воронеж, Донбасс қалаларын азат ету ұрыстарына қатысқанын айтты. 1944 жылғы қараша айында Латвия аумағындағы бір қыратты алу туралы бұйрық алдым. Взвод командирімін, басқарып, жер бауырлап атыса отырып алға ұмтылдық. Басты мақсатымыз, өліспей беріспеу, қалайда дзот үнін өшіру. Аллаға сыйынып, дзотқа тақап келіп, 3 гранатаны бірінен соң бірін лақтырдым. Дзот қақалып-шашалып үні өшті, немістер жайрап жатты. Қырат алынды. Кеудеме ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін тақтым», – деді ол. «Содан кейін Шығыс Пруссияда Гельмидмильде поселкесін алудағы көзсіз ерлігімізді командование жоғары бағалап, көптеген жауынгерді орден, медальдармен марапаттады. Солардың қатарында мен де бармын: I дәрежелі «Даңқ» орденін алдым», – деді Тайыр аға. Батыр ағамыз 1974 жылы 8 қыркүйекте кенеттен дүниеден озды. Халық нөпір болып жиналды. Азалы жиын өтті. Батыр ағаның ердің жасы 50-ге толып, 51-ге қадам басқан шағы еді. Бұл дүниеде 2-ақ есік бар: біреуі өмірге қарап ашылса, екіншісі өлімге қарап ашылады, деуші еді үлкендер. Ол мәңгі дүниенің есігін 50-інде артына жақсы ат қалдырып ашқан еді. Батыр өлгенмен, оның аты өлмейді. 1994 жылы Қызыларық ауылының биік қырында жыл маусымының алтын қоңыр күзінде елі-жұрты Тайыр батырдың 70-ке толған мерейтойын есте қаларлық етіп атап өтті. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдық тойында «Тайыр батыр 80-де» деп ұл-қыздары, ел-жұрт болып ас берді. Майдандас, қызметтес болғандар келіп, сөз сөйлеп, Тәкеңнің ерлік, азаматтық жолы туралы тебірене сөйледі. Батыр аға Тайырдың атына қанша мадақ айтылса да артық емес. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы батыр інісімен бір кездескенінде: «Мына төртпақ денелі қазағың нағыз батырға тән тұлға», деп бағалапты. Сол Баукең: «Өмірдің рахатын надандар көреді, азабы болса, ердің сыбағасы» деген екен. Айтса айтқандай, соғыстағы зор қиындық олардың саушылығына да нұқсан келтіргені анық еді. Батыр аға ердің жасы – 50-інде артында 6 ұрпақ, хатта атын қалдырып, ескерткішінің тұғырын өзі орнатып кетті, ал ескерткішін бүгінде ұрпақтары тұрғызып жатыр. Болатбек ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ, Көкбастау ауылдық округі соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы. Суретте: «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиев зайыбы Үрлі­күлмен бірге.