Әлем • 14 Сәуір, 2025

Депутат әйелдердің жұмыс күнін 1 сағатқа қысқартуды ұсынды

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Игорь Антропенко әйелдердің жұмыс күнін кем дегенде бір сағатқа қысқартуды ұсынды. Бұл бастама арқылы ол әйелдердің отбасы мен жеке өміріне көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік бергісі келетінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Депутат әйелдердің жұмыс күнін 1 сағатқа қысқартуды ұсынды

Фото: Ашық дереккөз

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда әр бала түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысады. Ал ата-аналар, әсіресе аналар, оларды барлық жерге апаруға үлгермейді.

«Сағат 18:00-де жұмыстан шыққан әйелдің балаларын үйірмеге апаруы өте қиын, себебі кейбір секциялар дәл сол уақытта немесе одан да ерте басталады. Нәтижесінде балалар шаршаған аналарын көреді, бұл өскелең ұрпақ үшін жақсы үлгі емес. Қазірдің өзінде қыз балалар мұны көріп, болашақта ана болғысы келмейтінін ашық айтып жүр», деді Антропенко.

Оның пікірінше, отбасына, үйіне және бала-шағасына байланысты алаңдаушылық кейде әйелдерді жұмыстан кетуге итермелейді. Сондай-ақ ол тіпті әйелдің отбасы мен бала-шағасы болмаса да, жұмысқа дайындалу үшін күніне қосымша бір сағат қажет екенін тілге тиек етті.

«Әйелге ер адамға қарағанда әлдеқайда көп уақыт керек. Қазір демографияны көтеру мәселесі өзекті болып тұр, ал егер жас қыз жұмыстан шаршап шықса, жеке өмірге уақытты қашан табады? Сондықтан нәзік жандылар үшін жұмыс уақытын бір сағатқа қысқартуды өзекті бастама деп санаймын», деді депутат.