Мәдениет • 14 Сәуір, 2025

Ереванда Қазақстанның мәдени күндері өтеді

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18-19 сәуір күндері Ереван қаласы қазақ мәдениетінің орталығына айналады. Армения астанасында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері өтеді. Екі күнге созылатын ауқымды шарада еліміздің өнері мен мәдениеті кеңінен таныстырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ереванда Қазақстанның мәдени күндері өтеді

Фото: Ашық дереккөз

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Арменияның білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян қатысады. Сонымен қатар, жиынға екі елдің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ғалымдар, дипломаттар мен қазақ диаспорасының мүшелері шақырылған.

Мәдени күндердің аясында отандық режиссерлердің фильмдері көрсетіліп, Гала-концерт ұйымдастыру жоспарланған.

Концертте Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, еңбек сіңірген қайраткерлер Александр Беляков пен Әйгерім Бекетаева, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері Расул Жармағамбетов пен Асқар Мұқият және басқа да жұлдыздар өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Арменияның мәдени күндері Қазақстанда 2024 жылдың қазан айында Астана қаласында өткен болатын.