Тұлға • 15 Сәуір, 2025

Қазақ халқының орыс ұлы

1933 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағанын, ел ағалары жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білгенін, олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болатынын айта келіп, сондай отаншыл азаматтардың қатарында Александар Княгининнің есімін де айрықша құрметпен атаған еді. Өз жерінде азшылыққа айналып, ана тіліне қатер төнген қазақ ұлтына шынайы жанашырлықпен қарап, әлеуметтік әділдік туын көтеріп өткен қоғам қайраткерінің жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді.

Қазақ халқының орыс ұлы

Артында өлмейтұғын сөзі қалды

1990 жылы, бір жағынан, кеңес одағының құрамында­ғы республикалар өздерінің мемлекеттік егемендіктерін жаппай жариялап, екінші жағынан, атышулы жазушы Александр Солженицын «Біз Ресейді қайтсек көркейтеміз?» арандатушылық мақаласын жариялап, Қазақстанның сол­түстік аймағындағы бес облы­сының жеріне көз алартып, еліміздегі сепаратистік пиғыл­ды қоздырып, қоғамдық-саяси ахуал күрделеніп тұрған кез еді. Оның үстіне 1989 жылы өткізіл­ген халық санағы бойын­ша рес­публикамыздағы 16,5 мил­­­­лионға жуық тұрғынның небәрі 6,5 миллионы, яғни 39,69 пайызы ғана қазақ болатын. Сондықтан да Жоғарғы Кеңесте Егемендік декларациясының жобасы қалай қызу талқыланып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан күнбе-күн біліп, еліміздің қыл үстінде тұрған ертеңгі тағдырына алаңдап оты­ратын едік. Сонымен қа­тар Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Александр Княгинин сынды ұлтымыздың мүддесін қызғыштай қорыған ерен тұл­ғалардың барлығына шүкір­шілік ететінбіз. Әсіресе ұлты басқа А.Княгининге ерекше разы едік. Қалай разы болмас­сың? Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді ірі халықаралық ұйым­дарда Қазақ­стан атынан қазақ халқы­ның өкілеттігі танылатын бол­сын деп табандылық танытып: «Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар тү­сініп қабылдайды деген ой­дамын. Себебі аталған халық­аралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, беларусь халқының өкілеттігін Белоруссия танытады... Кейбіреулер тарих пен бүгінгі жағдайдың аражігін шатастыратын секілді. Бүгінге өткен күннің өлшемімен қарауға болмайды. Айталық, республикамыздың бірқатар облысын Ресейге қосу жөнінде базбіреулер даурығып жүр, мен оларды үзілді-кесілді айыптаймын. Мәселен, Орал қазақтың жері ме – қазақтың жері! Оған енді ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ!» деп тұрса.

Қазақстанда қазақ тіліне ғана мемлекеттік тіл мәртебесін беру турасындағы қызылкеңір­дек пікірсайыс барысында да Александар Александрович­тің жүрекжарды сөзі ешкімді бейжай қалдырмаған. «Орыс тілі үшін жақсы нәрсе қазақ тілі үшін ажалға айналуы мүмкін. Қазақ тілінің тіршілік ету ортасы – тек Қазақстан ғана, әйтпесе ол құрып кетеді. Кез келген ұлтшылдық тамыры тәуелсіздік жолындағы, азаттық, өз ұлты үшін күресте жатыр. Бұл – қастерлі сезім. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құр­метпен қарайық», деген еді ол биік мінберден.

Александр Княгинин на­рық­тық қатынастарға көшіп жатқан өтпелі кезеңде елімізде болған ауыр экономикалық дағдарыстан зардап шеккен халыққа жаны ашып, 1998 жылы сол кездегі Мемлекет бас­шысына ашық хат та жазған. Онда: «Өзімді қазақ халқының орыс ұлы санаймын. Сізге қазақтардың да, орыстардың да, тұтас алғанда, біздің жас мемлекетіміздің қалыптасқан өмірі туралы алаңдаушылықпен жүгініп отырмын. Жұрттың есінде болар, мен қазақ халқы­ның өзін-өзі билеуіне деген құқын қорғадым, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану тура­лы, құқық қорғау, экология, экономика салаларында, Конс­титуциялық комиссияда бел­сенді жұмыс істедім. Менің Жоғарғы Кеңестің сессиясында, телеарнада, бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеген сөзде­рім әртүрлі қабылданды. Біреу­лері мақұлдаса, енді біреулері жеккөрінішпен қабылдап, қазақтың мүддесіне бола орыс­тарды ұмытып кеткенімді айтып, кінәлады. Ал мен ар-ұя­тым не дейді, соған сәйкес әре­кет еттім және солай ете беремін де», деген екен. Дана Абай­дың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» деген сөзін осы бір асыл азаматқа да арнап айтсақ, артық болмас.

 

Қайраткердің қиын жолы

Ресейдің Новочеркасск қала­­сында дүниеге келіп, үш жа­сын­­да әкесінің қызмет бабымен Қостанай облысына отбасымен бірге қоныс аударған А.Княгинин Қазақ­­станды өз Отаны санап, оның әлеу­меттік-экономикалық дамуы­­­на бүкіл саналы ғұмырын сарп етті. Мәс­кеулік журналист Юрий Лушиннің 1989 жылы «Огонек» журналының кітапханасы» серия­сымен шыққан «Неудобный» дерек­ті кітап­шасында Александр Алек­сандровичтің өмір жолы жайлы қызғылықты деректер кел­тірілген.

Ол орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсуге құжат тап­сырғанымен, конкурс­тан өте алмайды. Сосын Қос­танайға оралып, жергілікті ауыл шаруа­шылығы техникумына емтихан тапсырады. Өзі таң­даған механикалық факуль­тет­те жақсы оқиды. Көр­кем­өнер­па­з­дар үйірмесіне қатысып, қоғамдық жұмыстарға атсалысады. Спортпен де айналысады. Мұның бәрі оның белсенді өмірлік ұстаны­мын қалып­тас­ты­руы­на және спорт сайыстарында жеңіс пен жеңі­ліс­тің дәмін ерте татып, мінезін шыңдауына септігін тигізген. Техникумды аяқтаған кезінде тың игеру бас­талып, Қостанай облысының Камышин ауданында жаңадан құрылған кеңшарға жолдамамен жұмысқа барып, трактор-егіс бригадасын басқарады. Бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетінің нұсқаушы­сы қызметіне шақырылады. «Мен, міне, осы арада қателестім. Өзімше, жанды жұмысқа бара жатырмын деп ойлап едім, бірақ нақты істің имитациясын ғана көрдім. Мұнда менің білімім қажет болмайтынын түсіндім. Үш айға әрең шыдап, өз өтінішіммен қызметімнен босатпағанына қарамастан, комсомол комитетінің есігін тарс жауып, Қостанайға тарттым. Сондағы пединстуттың математика факультетіне оқу­ға түсіп, қайтадан студент атан­дым...», деп еске алған екен А.Княгинин. Институтты бітір­ген кезде оған Торғай өңірін­дегі бір ауданның комсомол комитетінің хатшысы болу ұсынылады. Бірақ Александр Александрович одан бас тартып, бір кеңшардың бас инженері болып тағайындалады. 85 мың қой өсіретін ірі шаруашылықта жүн қырқу науқаны бір жарым айға созылып кетеді екен. Уақтылы қырқылмағандықтан, түлеген көп қойдың қыруар жүні текке рәсуа болып жатады екен. Осыны көзімен көрген жас та болса бас маман елімізде алғаш рет 100 машинаға арналған қырықтық цехын салдырады. Осылайша, оның бойындағы өнертапқыштық дарыны ашылып, кейін қой шаруашылығына жаңа технологиялар енгізген атақты конструкторға айналды. 150 өнертабыстың авторы және тең авторы болды, оның 29-ының әлемде баламасы жоқ еді. А.Княгининнің өнер­табыстарын АҚШ, Аустра­лия және Ұлыбритания сатып алғысы келген және өзде­рінде қызмет істеуге шақыр­ған. Оларға: «Мен өнертабыс­тарымды өз халқым үшін ойлап таптым, оларды тек өз же­­рім­­де енгіземін», деп жауап бер­­ген екен конструктор.

Өкінішке қарай, осындай патриот тұлға өз заманындағы шенеуніктерден қолдау таппақ түгіл, олардың қудалауына ұшырады. Тың ауыл шаруашы­лығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми зерттеу институтында жетекші конструктор болып жүргенінде өзі жасап жатқан өнертабысын пайдаланғысы келген зертхана меңгерушісіне қарсы шыққа­ны үшін жұмыстан қуылып, партиядан шығарылды. Бұл дауға кейін Қазақстан компар­тия­сы орталық комитетінің жанындағы партиялық бақы­лау комиссиясы араласып, әділдікті қалпына келтірді. Екін­ші рет Семей қаласындағы «Қой шаруашылығы кешені» эксперименттік өндіріс­тік бірлестігінің бас директоры қызметін табысты атқарып жүрген кезінде жала жабы­лып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеуге Қиыр Шығыстағы «Волчанск» колония­сына жіберілді. Тек Мәс­кеудегі орталық бұқара­лық ақпарат құралдары журна­листерінің араша түсуінің арқасында КСРО прокуратурасы балама тергеу жүргізіп, нәтижесінде А.Княгининнің ісінде ешқандай қылмыс жоқ­тығы дәлелденді. Темір тордың арғы жағында бірнеше ай ғана болған ол бұрынғы қызметіне қайтадан тағайындалды. Көп ұзамай семей­ліктер оны баламалы сайлауда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлады. Содан кейін оған Ауыл шаруашылығы ми­нистрі және облыс әкімі қыз­меттері де ұсынылған екен. Бірақ А.Княгинин үш ұйықта­са түсіне де кірмеген жоға­ры лауазымдардан бас тар­тып, өзі ойлап тапқан өнерта­быстарды Қазақстанның қой шаруашылығы саласына енгізу­мен айналысуды жөн көріпті. Өмірінің соңында жұ­мыс­сыздық жайлаған Ар­қалық, Семей, Жаңатас сияқ­ты қала­ларда еліміздің мал шаруа­шы­­лығы саласында жоғары сұранысқа ие, жасыл балдыр сана­тына жататын хлорелла өнді­ретін кәсіпорындар салып, көптеген жаңа жұмыс орынын ашып, қарапайым адамдарды кедей­шіліктен құтқаруды ойла­ған игі мақса­тын іске асыру үшін республика басшыларынан небәрі 150 мың доллар несие ала алмай, күйініп, 63 жасында кенет­тен дүниеден озды қайран азамат...

Сөз соңында айтарымыз, елімдеп өткен есіл ер Алек­сандр Княгинин есімін мәң­гі есте қалдыру, оның өшпес өнегесін, ғибратты ғұмырын насихаттау ісі кемшін соғып жатыр. Рас, елорданың «Шұбар» тұр­ғынжай алабындағы шағын көшеге есімі берілген. Алайда Семей қаласының бір көшесін де оның атымен атау, Қазақстан халқы Ассамблеясының А.Кня­гинин атындағы арнайы сый­лығын тағайындау туралы ұсы­­ныстар ескерілмей келеді. Сондай-ақ ол туралы көркем немесе деректі фильм түсіретін де кез жеткен сияқты. Өйткені қазіргі алмағайып заманда бізге «қазақ халқының орыс ұлы» сынды патриоттардың қатары қалыңдағаны қажет.