20 Маусым, 2015

Ғибратты ғұмыр

349 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
кенжебаевҰзақ жылдар бірге еңбек етіп, сый­лас­тығымыз жарасқан, адами қасиеттерін үлгі тұтқан, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, одақ­тық дәре­жедегі дербес зейнеткер, Атырау облы­сының құрметті азаматы Әбіл­қайыр Кенжебаев ағаның бұл күндері өзі тірі болғанда 90 жылдық мерейтойын тойлар едік. Амал не, тағдыр оған жазбады. Енді, тек ол туралы естелік айту ғана еншімізде қалды. ...1968 жылдың басында облыстық партия комитетінде насихатшы­лар­дың жиналысына қатыстым. Сол кезде бұрын­­ғы Гурьев облысындағы Мақат ауда­нының орталығы – Доссор кентін­дегі автокөлік, трактор, мұнай-газ құрал-жабдықтарын жөн­дей­тін зауыттың бас инженері болып істей­тінмін. Жиналыстан кейін облыс­тық партия комитетінің нұсқау­шысы: «Сізді Әбіл­қайыр Кенжебаев шақы­рады», деп оның жұмыс бөлмесіне алып барды. Бұрын сырттай білсем де, сол күні  баяндамасын тыңдап, өте құнды ой-пікірлеріне тәнті болып едім. Енді, міне, қарсы алдында отырмын. Әбекең баппен әңгімесін бастады. Екі жылдай уақыт Мақат аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істегенін есіне түсірді. Доссор зауытында еңбек еткен әкем Тәжіқараны жақсы білетінін айтты. – Тәкең партия ұйымының хатшысы, цех бастығы болған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, талай жиналыс­тарда бірге болғанбыз. Адамгершілігі мол, іскер және сауатты еді. Сені, Равиль, әкең сол кезде Мәскеуде мұнай институтында оқуда дейтін. Қазіргі жұмысың қалай? – деп іш тарта сұрады. Мен өз жағдайымды, мамандығым бойынша еңбек етіп жатқанымды баяндадым. Асықпай тыңдаған Әбекең: – Равиль, сен осыдан екі жыл бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Атшыбаев Мақат аудандық комсомол комите­тінің бірінші хатшылығына шақыр­ғанда келіспепсің. Ал осы жылдың ба­сында облыстық комсомол комите­тінің бірінші хатшысы М.Мұхам­бетов облкомсомолдың салалық хатшы­лы­ғына  ұсыныс бергенде, одан да бас тар­тыпсың. Әрине, сенің айтқан дәлеліңді түсінуге болады, мамандығың бойынша алған жоғары біліміңді өндірістегі тәжірибемен тиянақтау орынды-ақ. Дегенмен, болашақта тағы да ұсыныс болып жатса, келіскенің жөн болар. Себебі, болашағың алда ғой, айналайын, – деп ақылын айтты. Әбекеңнің бұл сөзі тегін болмады. 1968 жылдың қараша айында Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі М.Тәжин шақырып, Маңғыстауда жаңадан құрылып жатқан Жаңа­өзен ауданына комсомол комитетінің бірін­ші хатшылығына сайлануға келі­сімімді сұрады. Сол кезде Әбілқайыр Кенжебаевтың ақылы есіме түсті. Осы­лайша, мен 1968 жылдың 25 желтоқсанында өткен конферен­цияда аудан ком­сомолының басшысы болып сайланып, қоғамдық жұмысымды бас­тадым. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Гурьев облысында мұнай мен газ, уран кеніштері молынан ашыла бас­тады. Осыған байланысты Үкімет тарапынан аймаққа жіті көңіл бөлініп, қаражат көбірек бөлінетін болды. Облыстың экономикасы өркендеп, әлеуметтік және мәдени ахуалы айтарлықтай артты. Әсіресе, сол кезде Маңғыстау өңірін ірі отын-энергетика кешеніне айналдыру мақсатымен одақ деңгейінде арнайы қаулылар қабылданып, аймақ Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс болып жарияланды. Өндіріс пен шаруашылықты дамытып, мұнай-газ және атом байлығын игеретін мекемелер құрылды. Одақтың әр жерінен қаптап келіп жатқан жас мамандарға, жергілікті тұрғындарға үйлер беріліп, басқа да қажетті әлеуметтік жағдайлар жасалды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің 1963 жылдың желтоқсан айында шыққан жарлығымен Ақтауға қала мәртебесі берілді және Ералы, Жетібай, Өзен атты елді мекендерде  жергілікті кеңестер құрылып, олар Ақтау қалалық депутаттар кеңесіне қарайтын болды. Гурьев облысы және оның құра­мында Маңғыстау өңірі дамып, аудан, қала, облыс деңгейінде мем­ле­кеттік ұйымдар пайда болды. Олар­ға басшылық жасап, дұрыс бағыт беру оңай жұмыс емес. Осы қыруар жұмысты жүргізіп,  сол кездегі партия мен кеңес үкіметінің саясатын жүзеге асыру мақсатында көпұлтты халықтың арасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениетті дамыту, ғылыми зерттеу, татулық, интер­националдық, үгіт-насихат жұмыс­тарын ұйымдастыру, мамандарды іріктеп тәрбиелеп, жауапты және бас­шылық жұмыстарға бағыттау Әбілқайыр Кенжебаевтың көп жыл бойғы міндеті болды. 1941 жылы орта мектептің 8-ші класынан қейін еңбек жолын облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып бастаған Әбілқайыр Кенжебайұлы 1943 жылдың қаңтар айында майданға аттанады. Одессадан Орал қаласына көшірілген К.Е.Ворошилов атындағы жаяу әскер училищесінің курсанты болып, үш жарым ай дайындықтан өтеді. Содан кейін Мәскеу маңындағы Ступино қаласында жасақталып жатқан дербес 17-ші гвардиялық әуе десанты бригадасына жіберіледі. Жау тылындағы соғыс әрекеттеріне даярлықтың барлық қиындықтарын бастан кешеді. Дайындалған әуе десантшылары майдан қажеттілігіне байланысты 9-шы гвардиялық армия­ның 106-шы дивизиясындағы 355-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқа кіреді. Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, Румыниядан өтіп, Венгрияның Мор, Секешфехервар, Чехословакияның Брно, Братислава қалалары үшін болған ұрыстардың бел ортасында жүріп, екі рет жараланады. 1945 жылдың 16 наурызында Мор қаласында болған шайқаста тағы оқ тиеді. Командирі аға лейтенант Савиных: «Кенжебаев менің көз алдымда қаза тапты» деп көмекшісі арқылы Гурьев қалалық комиссариатына хабар жіберткізген. Қалалық комиссариат Әбекеңнің анасын шақырып алып, қолына «қара қағазын» ұстата салған. Осылайша, біраз уақыт бойы Әбілқайыр ағамыз қаза тапқандардың қара тізімінде жүріпті. Ол елге 1948 жылы желтоқсан айында оралған. Соғыста алған жарақатын, оның үстіне аяулы анасына «оққа ұшты» деген қаралы хабар жеткізген «қара қағазды» желеу етпеді. Елге оралысымен 1949-1958 жылдары облыстық газет редакциясында  бөлім меңгерушісі болып істеді. 1953-1956 жылдары Казақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы партия мекте­бінде саяси білім алды. Әбекең 1965-1977 жылдары облыстық партия комитетінің идеология, одан соң партиялық ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1977 жылдан бастап тоғыз жылдай облыстық партия комитетінің идеология саласында басшылық ететін хатшы болып, жемісті еңбегінің арқасында үлкен беделге ие болды. Жоғары лауазымын алға тартқан жоқ. Үнемі қарапайымдылығынан жаңылмады. Дәл осы қасиеті оны  халықтың алғы­сына бөлендірді. Ол – Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі мен ел дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «I дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерімен  және 16 медальмен марапатталған жан. Мен 20 жылға жуық уақыт комсомол, партия жұмысында және облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық кеңестің депутаты ретінде Әбілқайыр Кенжебаевпен жұмыстас және үйлеріміз де көршілес болғандықтан, тығыз байланыста болдым. Осы уақыттарда өзімнің көзім жеткен Әбекеңнің  ерекше қасиеті – көп сөзділік пен асығыстықты жаны сүймейтіндігі, біреумен алыс, біреумен жақын болу, біреуді жақсы көру, біреуді жек көру дегенді біл­мейтін  байсалдылығы, қызметте әділ, қара­уындағы қызметкерлер­мен қарым-қатынастарының бір деңгейде болғандығы. Оның  кішіпейілділігі зейнеткерлікке шыққанда да сол бір қалпында өзгерместен сақталды. Әбекең өзі басшылық жасаған салаға қатысты мәселелерді түбегейлі зерттеуші еді. Қажет жағдайда өзінің ой-пікірін объективті түрде дәлелдеп шығатын сауатты, әрі сабырлылық қасиеттерін де талай рет көрдік. Өндіріске ғылым мен озат тәжірибенің жетістіктерін енгізуде  де іскерлігін таныта білді. Мұнайлы өңірдің жер­асты байлығымен қатар, Исатай мен Махамбет сынды батырлардың, Құрманғазы мен Динадай ұлы күйші­лердің, көрнекті ақындар мен жазу­шылардың, атақты ғалымдардың мекені екенін 1981 жылы бүкіл елге паш етіп, құрамында жүздеген өнерпаз бар «Жайық қызы» ансамбліне жетекшілік етіп, өзі Ұлы Отан соғы­сы жыл­дары азат етуге қатысқан Еуро­паның Венгрия еліне сапарлатқан да осы Әбекең болатын. Әбілқайыр Кенжебайұлы өнегелі, ұлағатты отағасы да бола білді. Өмірлік жары, тек қана отбасының ұйытқысы емес, сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы лауазымды қоғамдық қызметтер атқарған Хадиша Сұлтангерейқызы екеуі үлгілі ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың бәрі де өмірден өз орындарын тауып, ата-ана үмітін ақтап жүр. Равиль ШЫРДАБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері.